«Қазақмыс» корпарациясы» «Нұрқазған» жерасты кенішінде электрик болып жұмыс істейтін Әлібек Бимендинді Арқа жұрты біршама таниды. Еңбектің қара қазанында қайнап жүрген қызметкер ретінде айналасы ғана білетін шығар. Ал қара қобызын бауырына басып, боздата күй тартатын талантымен елге әжептәуір танымал.
Жеті қат жер астында еңбек ететін Әлібек Өзбекұлы кеніштің білікті маманы, білгір электригі. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша жетік оқып, үздік тәмамдаған оның алдында бірнеше таңдау тұрды. Әсіресе ол кезең оқыған, тоқыған жас мамандардың қат кезі еді. Екі мекеменің біріне білікті электрик қажет-тін. Тіпті дипломын сандыққа сақтап қойып, өнер жолына толық бетбұрыс жасаса да, несібесіз қалмайтын еді. Бірақ ол «өнерімді де өлтірмейін, өндіріске де өзімнің оқығанымнан үлес қосайын» деп шешеді. Сөйтіп әбден машықтан электрик маман болып шыға келеді.
– Бұл қауіпті мамандық болғандықтан, бізге қателесуге болмайды. Ел ішінде «Электрик бір-ақ рет қателеседі» деген белгілі, астарлы сөз бар. Электрик үнемі жоғарғы, төменгі кернеулі токпен жұмыс істейтіндіктен, міндетті түрде техника қауіпсіздігіне жете көңіл бөлуі керек. Бұл – бұлжымас заң, басты шарт. Электр тоғының иісі, шуы жоқ, қауіптің қай жағыңнан келетінін бағамдау өте қиын. Сол себепті жұмыс үстінде сақ болу керек. Оның үстіне жер астындағы жұмыстың да өз қиындығы бар. Үлкен электрлі двигательдер, сорғы қондырғылары, өндірістегі алып техникалармен жұмыс істеу кезінде тәуекелге бас тігу қажет. Сонымен қатар берілген тапсырмаларды мүлтіксіз атқару жолындағы жауапкершіліктің жүгі де ауыр, – дейді Әлібек Өзбекұлы.
Қара жұмыстан қашаннан қашпаған Әлібек ауыр сым орамасын иығына іліп алып, ақауы бар жерге жедел жетеді. Өйткені өндірістегі жұмыс үдерісі сағат тырсылындай тақылдап тұруы аса маңызды. Кеніште электр қуатынан кедергі келмеуге тиіс. Мұндай маңызды шаруа Әлібек секілді жауапты мамандардың ғана қолынан келеді. Маңдай терін төгіп, ақ адал еңбек етіп жүрген Әлібек мырзаның өндірістегі әлемі осындай. Ал өнердегі ше?
Қазір отбасылық құндылық мәселесіне қоғамдық мән беріліп, мінберлерден жиі айтылып жүр. Әлібектің өсіп-өнген өнегелі шаңырағы – ұстаздар отбасы. Өзбек әкесі білім саласына бір кісідей ғұмырын арнаған, еңбегін сіңірген қайраткер. Анасы Сәруар да – 40 жылдай осы салада еңбек еткен ұлағатты ұстаз, алтын құрсағынан жеті бала өрбіткен аяулы ана. Ұл-қыздарының барлығы – жоғары білімді, әр саланың майталман мамандары. Өнегенің өрісіне, ұлағаттың ұясына айналған шаттықты шаңырақты отбасылық ансамбль десе де болады. Шетінен ән дарып, күй қонған өнерпаздар. Электрик ұлы Әлібегінің өзі неге тұрады? Шанағына қасиет қонған қыл қобызымен құйқылжыта ән салып, Ықыластың «Шыңырауын» боздата жөнелтетінін өнер майталмандары мейірлене айтады.
Осылайша, өндіріс саласында ұзақ жыл еңбек ете жүріп, «Қорқыт. Қобыз», «Ықыластың телегей мұрасы», «Бұқарекең жырлайды» секілді бірнеше мәрте республикалық, халықаралық өнер бәйгелерінде топ жарып үлгерген дүр талант өнерін өрістетпесе, өлтірген жоқ.
Не болса да негізден. Атасы, Арқа өңіріне сыйлы көнекөз қария Исатай домбыраны жанына жүзге жеткенінше серік етіпті. Әнді де, күйді де өзі шығарған екен. Ықылас күйші туралы зерттеу жүргізген бірнеше ғалым әуелі сол алыптың көзін көрген Исатай ақсақалдан әңгіме сұрайтын болыпты. Ән өнерінің зерделі зерттеушісі Ілия Жақанов, заманының заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин келіп, Ықылас жөнінде көп дүние жазып алыпты. Исатай қарияның көзі тірі кезінде Тұрсынбек Кәкішев, Ақселеу Сейдімбек, Бекболат Тілеухан секілді біртуар тұлғалар үйіне түсіп, әңгіме-дүкен құрған екен. Осы өнегені көріп өскен бала Әлібектің бойынан әрине, өнер жарып шығады.
Өндіріс саласында біліктілігімен сыйлы, өнерде талантымен танымал Әлібек мырзаның өзі де бүгінде өнегелі әкеге айналған. Шаңырағының ұйытқысы Нұргүл екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Ескендір С.Сейфуллин атындағы гимназияның жоғары сыныбында оқиды. Ғалысы мамандандырылған музыка мектебінде білім алып жүр. Кенжесі Бегімсұлу да әнді тамылжып тыңдап, арагідік ызыңдап қосылып қояды. Балапандарын өнерге баулып жатқан шаңырақтың басты шартына еңбекке етене етіп өсіру де кіреді. Үй мен түздегі әркімнің өз атқаратын жұмысын үлестіріп берген Әлібек әкелерінің тапсырғанын екі етпейді. «Бізді де әкеміз ең әуелі еңбекке үйреткен», дейді.
Бір өзі күйші де, әнші де Әлібектің өнерін ұжымдастары аса жоғары бағалайды. Кеніш әкімшілігінде ұйымдастырылатын мерекелік кеш, салтанатты рәсім Әлібексіз өтпейді.
Қара алтын да, қара қобыз да – қазаққа ежелден қазына. Сол тұрғыда елеулі электрик, майталман маман, озат жұмысшы, жыршы-күйші Әлібек Бимендиннің қазыналы ғұмыры осылайша мағыналы жалғасып жатыр.
Қарағанды облысы