Ел дзюдосы енді-енді еңсе тіктей бастаған ғасырлар тоғысында осы спорт түрін серік еткен сайыпқырандар жөнінде біраз мақала жаздық. Әсіресе жалындап өсіп келе жатқан дарынды жастарға көбірек көңіл бөлуге тырыстық. Сол кезде біздің назарымызға іліккен жас өрендердің бірі –Алмас Әлсенов.
Ол – Қарағандының тумасы. Танысқан бетте-ақ Алмастың зиялы отбасында туып-өскені бірден байқалды. Тілі бай, сөзге шешен, ой-өресі биік. Жасы әлі 20-ға толмаған спортшымен жүздессең, тартымды әңгіменің тиегін ағытып, пайымды пікір айтып, жанындағы адамдарды өзіне еріксіз баурап алады. Сұхбат берсе де, шешіле сөйлейді. Кейін білдік, балуанның ата-анасы да тегін адамдар емес екен. Әкесі Жеңіс Қаменұлы – техника ғылымдарының кандидаты, доцент, ұзақ жыл Қарағанды техникалық университетінің Тау-кен машинақұрылысы кафедрасында еңбек еткен. Анасы Гүлшара Мұқышева – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қарағандыдағы техникалық лицей директоры және жоғарыда аталған университеттің кәсіподақ комитетінің төрағасы. Алмастың өзі де білімге құштар. Үш-төрт оқу орнын тәмамдаған, бірнеше шет тілін еркін меңгерген. Қашан көрсең де қолынан кітап түспейді. Үнемі оқып, зерттеп, зерделеп, ізденіп жүреді.
Алмас Әлсеновтің спорттық көрсеткіштері де жақсы. Жастар арасында бірқатар халықаралық турнирде жеңіс тұғырына көтеріліп, ересектердің ел чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылғаннан кейін ұлттық құрама сапына қабылданды. Әуелі 90 кг, одан кейін 100 кг салмақ дәрежесінде күресті. Уақыт оза еліміздің беткеұстар дзюдошыларының біріне айналды. Сол кездері тұлғасы келіскен, бітім-болмысы бөлек балуан жайында «Егемен Қазақстанға» мақала жазған едік.
Ғасырлар тоғысынан бері Әлсеновпен кездесудің бір реті келмеді. Ара-тұра түрлі жарыста жүлде алып жүргені туралы естіп жүрдік. Оған сырттай қуандық. Татамиде өзіне бұйырған несібесін алғаннан кейін дзюдомен қош айтысқанымен, үлкен спорттан алыстаған жоқ. Әр жылдары Алмас Жеңісұлы Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті, Азия дзюдо одағының маркетинг бойынша директоры, Еуропа дзюдо одағы президентінің кеңесшісі қызметтерін абыройлы атқарды. Қарағандыда «Жеңіс» кәсіпқой дзюдо клубын құрды. Бір сөзбен айтсақ, осы спорт түрінің дамуына барынша үлес қосты.
Алмаспен арада бақандай 20 жыл өткеннен кейін ғана жолығудың сәті түсті. Былтыр желтоқсан айында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Жеңіс кубогі» деп аталатын дзюдошылардың дүбірлі додасы дүркіреп тұрып өтті. Соның басы-қасында А.Әлсенов те жүрді. Кезінде мен көрген бозбала өмірдің біраз өткелінен өтіп, бизнес пен басшылық қызметте әбден ысылған нағыз майталманға айналыпты. Қазіргі кезде Алмас Жеңісұлы жер-жаһандағы 198 мемлекеттің ұлттық ұйымдарының басын біріктіріп отырған Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүр.
Мені көрген бетте ол бірден: «Бұл – біздің журналист ағамыз. Кезінде ең алғашқы болып мені республикамыздың бас басылымы «Егемен Қазақстанға» жазып, мерейімді бір өсіріп тастаған. Бұл мақала маған ерекше мотивация берді. Сол газеттің қиындысы менде әлі де сақтаулы» деп айналасындағы адамдармен таныстырды. Сол кезде байқағаным, Алмастың жүріс-тұрысы мен сыртқы пішімі өзгергенімен, жандүниесі мен көңілі сол қалпында екен. Сол баяғы аңқылдаған Алмас!
Шыны керек, бүгінгі таңда IJF президенті кеңесшісінен дәл осындай мақтау сөз күтпеген едім. Жазған мақалам да газеттің бір бұрышын алып жатқан шағын ғана дүние еді. Сонда да кейіпкерім еңбегімді бағалап, өзінің «Егемен Қазақстанға» шыққанын зор мәртебе санаған. Ел газетінде шыққан мақала спортшыларға күш-қайрат, жігер сыйлайды екен. Соған кәдімгідей марқайып қалдым. Міне, ел газетінде жарық көрген шағын ғана мақаланың, Алмас Әлсеновпен 20 жылдан кейін қайта кездесуіміздің тарихы осындай!