• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 19 Желтоқсан, 2024

Құландағы қола қазан

30 рет
көрсетілді

Өңірдің қай қиырында болсын, тарихы тереңнен тамыр тартатын жәдігерлер аз емес. Жұрт Түркістандағы тайқазанды мыңжылдықтардың мұрасы ретінде бағаласа, Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылының тұрғындары аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақталған қола қазанды мақтан тұтады.

«Музейімізде тұрған қола қазанның биіктігі 58 сан­тиметр болса, диаметрі 60 сан­тиметрді құрайды. Қазан­ның төрт тұтқасы бар. Екі тұтқа жәдігерді көтеріп қоюға арналған болса, қалған екеуі қа­занды аспалы шынжыр арқылы жоғары көтеріп, астына от жағу үшін пайдаланылады. Дерекке жүгінсек, ықылым заманнан жеткен жәдігер қоладан жасалған екен», дейді аудандық музей­дің басшысы Элдар Өтем­баев.

Музей директоры келтірген дерекке жүгінсек, пішіні жарты шарға ұқсайтын жәдігердің көлемі шамамен 60 литр суға шақталған. Қалыңдығы 0,8 сан­тиметрді құрайды. Ал төрт доғалы тұтқасы қазанды ұс­тауға ыңғайластырылып жасалған.

«Қазанның астыңғы жағын­да біріккен тұғыры бар. Күлгін түсті жәдігердің жоғары жа­ғындағы ернеуінің аздаған бө­лігі сынған. Ықылым заманда ғұмыр кешкен адамдардың темірді қай деңгейде, қандай мақсатта пайдаланғанын осы қазанға қарап-ақ аңғаруға болады. Жалпы алғанда қола қазан құнды археологиялық артефактілер санатына жатады. Біз үшін сонысымен де құнды», дейді музей директоры.

Жалпы, аудан орталығын­дағы музейде өңірдің тарихынан сыр шертетін көне жә­дігерлер аз емес. Әйтсе де музей қыз­меткерлерінің айтуын­ша, ғи­маратқа бас сұққан жер­гілікті тұрғындар көбінесе қола қа­зан­ның тарихын сұрай­ды екен.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы,

Құлан ауылы