Жұмыс пен отбасы тепе-теңдігі бүгінде қоғамдағы өзекті тақырыпқа айналып отыр. Еңбек нарығында жұмысшыларға деген жүктеменің артуы мен жұмысты ұйымдастыруда өзгерістер болып жатыр. Мысалы, көптеген адам қашықтан жұмысқа көшуде, кәсіби жауапкершілік пен отбасылық міндеттемелерді біріктіруде қиындықтарға тап болды. Бұл өмірдің осы екі саласы арасындағы үйлесімділікке қол жеткізу үшін тиімді стратегияларды табу қажеттілігіне әкеледі.
Жұмыс пен өмірдің тепе-теңдігі (Work-Life Balance, WLB) – бұл адам өзінің кәсіби және жеке міндеттерін осы салалардың ешқайсысын құрбан етпестен сәтті шеше алатын жағдай. Бұл жұмыста немесе үйде физикалық қатысуды ғана емес, сонымен қатар рөлдердің әрқайсысына эмоционалды кірісуді де қамтиды.
Ерлер мен әйелдердің отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуі гендерлік, әлеуметтік ерекшеліктерге байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Көбіне үй шаруашылығы мен бала тәрбиесіне қатысты жауапкершіліктің басым бөлігін алғандықтан дәстүрлі көзқараста әйелдер отбасындағы басты қамқоршы тұлға ретінде қабылданады. Әйелдер кәсіптік жауапкершілікті отбасылық міндеттермен ұштастыру кезінде «қос ауыртпалықты» сезінеді. Сондықтан әйелдер көп жағдайда жұмыс пен ана болуды біріктірудегі оңтайлы жолдарын іздеуге мәжбүр. Сонымен қатар осы проблеманының шешу жолдарын іздегенде әйелдер қоғамның қысымына ұшырауы әбден мүмкін. Бұл күйзеліс жұбайы мен жұмыс берушілердің осы екі сала арасындағы үйлесімділікке қол жеткізу үшін қолдау қажеттігін тудырады.
Екінші жағынан, ерлер дәстүрлі түрде отбасының негізгі асыраушысы ретінде қабылданады. Бұл олардың үй шаруасына және бала тәрбиесіне қатысуын шектейді. Дегенмен заманауи тенденциялар отбасылық өмірге белсенді қатысуға ұмтылатын ерлердің көбірек екенін көрсетеді. Бұл тек қаржылық қолдауды ғана емес, сонымен қатар отбасындағы міндеттерді тең бөлуге ықпал ететін бала күтімін де қамтиды. Ерлердің отбасылық мәселелерге белсенді қатысуы серіктестермен және балалармен қарым-қатынасты жақсартып қана қоймайды, сондай-ақ өздерінің эмоционалдық әл-ауқатына ықпал етеді. Жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті тапқан ер адамдар көбіне өмірге қанағаттану деңгейінің жоғарылауы және стрестің төмен деңгейі туралы хабарлайды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының осы жылдың сәуір айында жүргізілген «Берекелі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар» әлеуметтік зерттеуінде отбасы мен жұмыс теңгерімі жөнінде ақпарат жинақталды. Сауалнамаға қатысушылардың 70,7%-ы тұрақты жұмыс орны бар екенін, ал 29,3%-ы тұрақты жұмыс жоқ екенін көрсетті. Бұл жерде ерлер мен әйелдер арасындағы жұмыспен қамтылудағы айқын айырмашылықтарды атап өткен жөн. Ер адамдардың 85,1%-ы тұрақты жұмыс орны бар десе, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш 59,5%-ға тең. Зерттеуге сәйкес, шамамен әйелдердің 40,5%-ы жұмыссыздықпен бетпе-бет келіп отыр.
Балалары бар азаматтар үшін жұмыспен қамтылудың басым себебі «отбасын асырауға үлес қосу» екені анықталды. Тереңдетілген сұхбат деректері еліміздегі жұмыс істейтін ата-аналар жағдайларының басым көпшілігінің артында қаржылық жағдайды жақсартудың тұрғанын көрсетеді.
Мансаптың маңыздылығы туралы сұрақта сауалнама қатысушыларының ең көп үлесі, атап айтқанда, 25,2%-ы мансапты маңызды деп санайды. Ер адамдар үшін мансап маңызды немесе өте маңызды (42,9% әйелдердің 35,7%-ы қарсы), ал әйелдер мансапты маңызды санамайды (ерлерде 34,8%, әйелдерде 46,2%)
Еңбек жағдайларында жұмыс істейтін ата-аналардың ең үлкен наразылығын тудыратын басты мәселелер жұмыс кестесіне қатысты. Айта кететін болсақ, жұмыс күнінің ұзақтығы, кестенің икемділігі, жұмыс кестесіне өзгеріс енгізу мүмкіндігі. Балалары бар жұмысшылар, әсіресе әйелдер, көбіне 5/2 және 6/1 кестелерімен (сәйкесінше 5-6 жұмыс күні және 1-2 демалыс күні) жұмыс күнінің ұзақтығына (8 сағат немесе одан да көп) көңілі толмайды. Ақпарат берушілер жұмыста көп уақыт өткізуге мәжбүр екенін, соның салдарынан отбасына және жеке қажеттіліктеріне жеткілікті уақыт бөле алмайтынын атап өтті.
Жұмыс берушінің жұмыс теңгерімі және жеке өмір туралы идеяны қолдауына келетін болсақ, «Сіздің жұмыс берушіңіз жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдік идеясы туралы көзқарасы қандай?» деген сұраққа азаматтардың 37,3%-ы жеке себептермен кейде жұмысқа бармау қажеттілігіне түсіністікпен қарайтынын атап өтті. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілердің 9,4%-ы қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін беруге дайын, 14,5%-ы қолайлы жұмыс кестесіне қатысты жеңілдіктер жасауға дайын. Дегенмен ел тұрғындарының айтарлықтай бөлігі (29,9%) олардың жұмыс берушілері жұмыс пен өмір арасындағы теңгерім идеясын ешбір жағдайда қолдамайтынын атап өтті.
Елді мекен түрлері бойынша қарастырсақ, қалалық жұмыс берушілер ауылдағыларға қарағанда жұмыс пен жеке өмірдің теңгерімін сақтау мәселелерінде біршама икемді екенін көрсетті. Қалаларда жұмыс берушілердің 40,1%-ы кейде жұмыс орнында болмау қажеттілігіне түсіністікпен қарайды, ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 32,5%-ды құрайды. Қажет болған жағдайда қалалық жұмыс берушілердің 10,9%-ы қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігін беруге дайын, бұл ауылдағыдан жоғары (6,7%). Бұл ретте қалалықтардың 28,2%-ы және ауылдағы респонденттердің 32,8%-ы олардың жұмыс берушілері еңбек пен өмір теңгерімі идеясын ешбір жағдайда қолдамайтынын атап өтті.
Зерттеуге сәйкес, жұмыс істейтін ата-аналардың 60%-дан астамы кейде жеке себептермен жұмыс орнында болмау қажеттілігі туындаған жағдайда, жұмыс беруші тарапынан түсінбеушілікке тап болады.
Біздің қоғамда жұмыс істейтін ата-аналардың едәуір бөлігі жұмыс пен отбасының теңгерімсіздігімен бетпе-бет келетінін көрсетеді. Бұл көп жағдайда отбасы есебінен еңбекке бейімділікпен байланысты. Сонымен қатар табыс деңгейі неғұрлым төмен болса, тепе-теңдіктің бұзылу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Әйелдерде кәсіби және аналық міндеттердің тепе-теңдігінің бұзылуы аясында жұмыстан мәжбүрлі түрде кету ерлерге қарағанда 2,5 есе жиі кездеседі. Сонымен қатар толық емес отбасыларда жұмыс істейтін аналар көп жағдайда бала күтіміне толық жауап береді және тәрбие беруде екі есе жүктеме алады.
Тұтастай алғанда, ата-аналар көбіне қаржылық мәселелер, балаға уақыт пен күштің жетіспеушілігі, қатаң кесте және отбасылық жағдайына қарамастан талаптардың жоғарылауы сияқты мәселелер мен қиындықтар туралы айтады. Бұл ретте жұмыс істейтін ата-ананың басты көмекшісі – өз ата-анасы («ата-әжелер»). Орташа қазақстандық отбасында бала күтушілердің қызметтері мен тұрмысты жеңілдететін қызметтер іс жүзінде пайдаланылмайды.
Қорытындылай келгенде, отбасы мен жұмыс арасындағы тепе-теңдік мәселесі қазіргі қоғамда өзекті болып қала береді. Бұл мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмысшылар тарапынан назарды талап етеді. Тиімді мемлекеттік қолдау шаралары, икемді корпоративтік тәжірибелер және уақытты басқарудың жеке стратегиялары өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алады. Кәсіби және отбасылық міндеттер арасындағы үйлесімділікке қол жеткізу жұмысшылардың әл-ауқатына ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар тұрақтылық пен өнімділікті арттырады.
Зарина ӘСКЕРБЕК,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы