• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Ғылым Бүгін, 09:10

Жас ізденушілерге жасалған қамқорлық

56 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта отандық ғылымды дамыту, осы салаға кейінгі толқынның келуін қолдауда серпін байқалады. Соның бір үлгісін жақында зерттеушілердің тұрғын үй иеленгенінен көрдік. Елімізде еңбек ететін 10 жас ғалым пәтер сертификатын алды.

Шындығында, «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін қазақ үшін шаңырағы ең кие­лі мекеннің бірі екені бел­гілі. Ал ілім іздеп келіп, ірі қа­­лаларда тұрақтап, қан­ша­­ма жыл сүйікті саласында табан аудармай жұмыс іс­­теп келе жатса да табы­сы тек пәтер жалдауға жете­тін, үй алу қиялында ғана бар бү­­г­інгі бірқатар кәсіп иесі­не үйлі болу – сөзсіз үлкен бақыт. Сондай бақытқа бө­лен­ген 10 жас ғалым жуық­та Президенттің атынан беріл­ген пәтер сертификатын қо­лына алу үшін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті. Кездесу барысында министр ғылым мен инновация­ны да­мыту – ел дамуының эконо­микалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі еке­нін айтып, Президенттің қолдауымен ғылым саласында айтарлықтай өзгеріс болғанына тоқталды.

«Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев биыл­ғы шіл­деде «Ғылым және техно­ло­гиялық саясат туралы» заң­­ға қол қойды. Жас ға­лым­­дардың зерттеулерін грант­­тық қаржыландыруға ар­­налған конкурстардың нәти­жесінде 1500 жоба іске асы­рылып жатыр. Жыл са­йын әлемнің жетекші ғылы­ми орталықтарында 500 отан­дық ғалым тағылымдамадан өтіп отыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлі­нетін грант саны тағы да ар­тады. Ғылыми кадрлар­ды әлеуметтік қолдау сала­дағы бар мамандарды көтер­мелеп қана қоймай, ғы­лы­ми-техникалық прогрес­ке үлес қосуға дайын жас ға­лым­дардың жаңа буы­нын тартуға мүмкіндік береді. Жас ғалымдар қатарының көбеюі өз кезегінде ғылым­ды дамытуға, зерт­теу нәти­желерін коммерция­лан­ды­руға және жаңа эконо­микалық кластерлер құруға ықпал етеді», деді С.Нұрбек. Министрдің сөзіне сүйен­сек, жас ғалымдарды қолдау мақ­­сатында ведомство бұл жұ­мысты кезең-кезеңімен жү­зе­ге асырады, осындай нақ­­ты шаралар арқылы елі­міздегі ғылымды және ға­лым­дар қауымын қолдау жұмы­сы алдағы уақытта да жалға­сын табады.

Жаңа пәтер алғандар арасында ғалымдар отбасы бар. Ерлі-зайыпты зерттеуші­лер Айдар Молдажанов пен Ақмарал Құлмахамбетова – фи­лософия докторла­ры, PhD. «Мен Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу универ­ситеті зертханасының мең­ге­рушісімін. Жарым Ақма­рал да аталған жоғары оқу ор­ны­ның Электротехника және энергетика кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істейді. Бүгін біз үшін ерекше, күтпеген күн болды. Қуа­нышымызды сөзбен айтып жеткізу қиын. Осы орайда жас ғалымдарға керемет мүмкіндік беріліп жатқанына алғыс айтамыз. Бұл жас буынды ізденуге, ғылымға бет бұруға немесе осы салада әрі қарай да өзін көрсетуге шабыттандырады. Енді ғалым­дар өз пәтерлерінде тұрып, тұрғын үй мәселесін шешуге алаңдамай, ғылымға көбірек уақыт бөле алады. Бұған дейін де Президенттің осы бастамасымен бірқатар ғылыми қызметкерлер үйлі болды. Солардың қатарында өзіміздің де болғанымызға қуанып отырмыз. Пәтер кілті еңбегіміздің еленгені және еліміздің болашақ дамуына ықпал ететін ғылымның келешек табыстарына ынталандыру деп білемін», деді А.Молжанов.

Ал Математика және ма­тематикалық моделдеу ин­с­­­­­титутының ғылыми қыз­­­­­меткері, PhD Саян Байжанов: «Мен ғы­лым әлеміне 2014 жылы бакалав­риат­ты біті­ре салысымен кел­дім. Со­дан бері он жылдан асты. Ма­тематикалық логи­ка теориясымен айналыса­мын. Жалпы, кейінгі жылдары елімізде ғылымды жақ­сы қаржыландырып жатыр. Бі­лім мен ғылымға ин­вес­ти­­ция құятын елде даму бар, деген. Замандас әріп­тес­те­ріме ғылымда өзінің әлеуе­тін көрсетуді, ғылыммен айна­лысуды жалғастыруға, жүре­гімен, жанымен зерттеуге бас қоюға, өзін арнауға кеңес беремін. Бұл үшін бізде көп жағдай жасалған», деп ой бөлісті. 

Мемле­кет басшысы 2024 жылғы 31 мамыр­да Ғылым ордасында сала­дағы кейінгі буын өкіл­де­рі­мен кездесуінде 10 жас ғалымға пәтер сертифи­кат­тарын табыстаған еді. Со­ны­мен қатар Президент ға­лым­дардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қол­дау көрсету, сондай-ақ ғы­лымға жас кадрлардың ке­луін ынталандыру мақса­тын­­да Үкіметке баспана бе­ре­­тін ғалымдардың тізімін әзір­леуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Ғы­лым және жоғары білім министр­лігі биылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жас­қа дейін қоса алған­да) тізімін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп, Алма­ты қаласында баспана бе­ру үшін мемлекеттік орган­дар­ға ведомстволық бағы­нысты ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу ор­нынан кейінгі білім беру ұйымдары жас ғалымдары­ның кезекті тізімін түзді. Осы бағдарлама бойынша үй алуға Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түскен екен.

Айтпақшы, 2023 жылы 19 қазанда Ғылым және жоға­ры білім министрлігі мен «Отбасы банк» акцио­нер­лік қоғамы арасында жас ға­лымдарға 2023–2027 жыл­дарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге келген болатын. Өйткені әдетте тек тұрғын үй бағасының жартысын жинағандарға ғана кредит беретін Отбасы банкі министрлікпен келісім нәти­жесінде құны 20 млн теңгеден аспайтын үйді 10 пайыздан 50 пайызға дейінгі көлемде  алғашқы жарнасын құйып, әуелде жылдық 5 пайызбен, пәтердің 50 пайызын төлегеннен кейін 3,5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен 25 жыл­ға дейінгі мерзімге ипоте­калық қарыз береді. Пәтер алуға алғашқы жарнасы 10 пайыздың жеткілікті болуы 50 пайызын жинаудан гөрі әжептәуір көмек екені даусыз. Себебі адамға 10 млн теңгеге қарағанда 2 млн теңге құйып тезірек үйлі болған жеңілірек әрі жайлырақ. Содан да болар, қазірге дейін аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым баспана алып үлгеріпті.