• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 20 Желтоқсан, 2024

«Хат қоржын»

35 рет
көрсетілді

Ұят алға шыққанда, қоғам ілгері озады

Сыбайлас жемқорлықтың ірісі мен ұсағы деген болмайды, өйткені оның қай-қайсы да елімізге елеулі залал келтіреді. Мәселен, ұлы Абай: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?» десе, атам қазақ: «Ұялмаған бұйырмағанды жейді» деп қысқа қайырған.

 

Ұяты жоқ жандар «ханталапай» кезеңді сәтті пайдаланып, алғашқы байлықтарының негізін қалай білді. Сол кездегі қоғамдағы ахуал әрі қарай да елді емес, өз қара басының ғана қамын күйттейтін ұяттан безген жылмақайлар мен пысықайлардың сумаңдаған суық қолдарына мүмкіндік беріп қойды.

Өмір сүрудің ең басты қағидаты ұят болуға тиіс. Жеке адам үшін де, мемлекет үшін де! Бұрынғы-соңғы қоғамдардың бәрі де әділеттілік тек ұятқа мойынсынғанда ғана халқына жақсы өмір сыйлаған. Нарықтық экономика секілді қатыгез формацияда да ұятқа басымдық берілсе, адамдарды теңсіздіктен, еріксіздіктен қорғау барынша дұрыс жүреді.

Тілі мірдің оғындай халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп халық мәтеліне екпін түсіре сөйлегенде, өзі өмір сүрген кезеңнің осынау бір ащы шындығына ашына кейістік білдіргенін айтпай түйсінесің.

Заңдар, әдетте, өлі сөздерден тұрады. Ол сөздер белгілі бір жағдайда «тіріледі». Ал «тірі сөздер» деп біз «біреулердің» ұятын оятуға қабілетті сөздерді айтамыз. Ал адамды адам ететін оның өмірге деген көзқарасы, ой-тұжырымы, сенімі мен сезімі.

Адам өмірі мен мемлекеттің іргетасы ұят екенін түсінгенімізде ғана қоғам алға жылжиды.

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

мемлекеттік қызметкер

АСТАНА

 

 

Жауынгерлік рухты көтеретін қадам

Жақында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, ұстазым Ахмет Кендірбекұлы қоңырау шалды. «Бауырым, елдің сұрауымен Қабан­бай батыр туралы кітап жазайын деп едім, сен көп жыл бойы әскери салада қызмет істедің, Қабанбай батыр атында әскери бөлім­ше, орден немесе төсбелгі бар ма? Біліп, маған хабарласшы», деген еді.

Мен әскери жолдастарыма, шәкірттеріме қоңырау шалдым. Білгенім, Қабанбай батыр атында не орден, не төсбелгі, не әскери бөлімше жоқ екен. Біраз уақыт өткеннен кейін ауған соғысының ардагері подполковник Серікбай Баймулдинов хабарласып, осыдан он-он бес жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласындағы дивизияға Қабанбай батыр аты берілгенін, қазір бар ма, жоқ па білмейтінін жеткізді.

Осыдан кейін маған Қазақстан Қарулы күштерінде төрт өңірлік қолбасшылық бар. Олар: «Астана» ӨҚ; «Шығыс» ӨҚ; «Оңтүстік» ӨҚ; «Батыс» ӨҚ. Осы өңірлік қолбасшылықтарға батырлардың атын берсе деген ой келді.

Мысалы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына Қабанбай батыр бабамыздың атын беріп, сол өңірдің әскери саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген сарбаздарды өңірлік Қабанбай батыр атындағы төсбелгімен марапаттап ынталандырса, несі айып? Әрине, елді мекенге, көшеге атын берген де дұрыс шығар, дегенмен өңірлік қолбасшылықтарды батырлардың атымен атаған дұрыс па деп ойлаймын. Бұл сол өңірлерде қызмет ететін сарбаздар мен сардарлардың рухын көтеруге де септігін тигізетін қадам болатыны даусыз.

Төкен СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, «Айбын» орденінің иегері

АЛМАТЫ

 

 

Бәсі жоғары бас басылым

«Жүз жылдық жылнама» деген жазу нөмір сайын газет бетінен түспей, оқырмандарын күнделікті хабардар етіп отырғаны күні кеше ғана сияқты еді. Зымырандай жүйткіген қайран уақыт-ай десеңізші! Енді, міне, биыл сол ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның жарық көргеніне 105 жыл толып отыр. Бір кездегі «Ұшқыннан» бас­тау алып, бүгінге жеткен басылым қай уақытта да ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Таяуда газет беттерінен аға басылымның әр жылдардағы бас редакторлары Нұрлан Оразалин мен Уәлихан Қалижан ағалардың естеліктерін оқып, өткен күндерге тағы да бір саяхат жасағандай әсерде қалдық.

Студент кезімізде республикалық басылымдардан гөрі, сол кездегі Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакциясын көбірек жағалайтынбыз. Өйткені ауылдан келген біздің жастығымыз бен ұяңдығымыздан болар, «СҚ»-ның қызметкерлеріне барып, жолығуға жүрексінетін едік. Қалай дегенде де, азулы басылымның мысы басып тұратын.

«Ештен – кеш жақсы» дегендей, қасиетті қара шаңыраққа жол 1994 жылдың қоңыр күзінде түсті. Дәл сол кезде Оңтүстіктің шалғайдағы Созақ ауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арыстарының бірі Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілетін болғандықтан, әкімдік қызметкері ретінде шақыру қағаздарын тарату жүктеліп, Алматыға келдім. Ең алдымен, бас басылымның кеңсесіне соғып, бас редактор Нұрлан Оразалин ағаның қабылдауына сұранып, оған елдің сәлемін жеткізіп, шақыру қағазы мен Сұлтанбек Қожанов туралы арнайы дайындалған материалды табыс еттім. Мұны айтып отырған себебім: осы газет арқылы сол кезде атқарылған елдік іс-шараның абыройы артып, қалың жұртқа жария болғандығы еді. Оны елдегі адамдар әлі күнге дейін айтады.

Университетті бітіретін 1974 жылы мемлекеттік емтихан комиссиясын белгілі журналист, бір кездері «СҚ»-ның тізгінін ұстаған Ұзақ Бағаев ағамыз басқарып, дипломды сол кісінің қолынан алғанымыз біз үшін мақтаныш болған еді. Бұл да болса газет беделі, ондағы ағалардың аялы алақанының табы.

Газеттің қатардағы көп қарт оқырманының бірі ретінде бұл дата біз үшін де ортақ қуаныш. Ғасыр төрінен әрі асқан еліміздің бас газетінің абыройы асқақтап, бәсі биіктей берсін.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

газеттің байырғы оқырманы

Түркістан облысы