Былтыр Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Музейлер бірлестігінің 10 қызметкері Париждің Ұлттық ескерткіштер орталығында біліктілігін арттырды. Музейлер бірлестігіне Д.Қонаев музейін қосқанда тоғыз музей кіреді. Маған Сингапурдың Ғылыми орталығында біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысу мәртебесі бұйырды.
Біздің оқу Сингапурдың Ғылыми орталығында өтті. Біз теориялық білім ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік дағдыларды да меңгердік. Мәдениеттанушы Кеннет Хадсонның пікірінше, идеалды орталықтар – ғалымдардың қызығушылықтарын қанағаттандырып, қарапайым келушілердің назарын экспозицияның барлық элементтеріне аударуды қамтамасыз ететін орындар. Сингапур ғылыми орталығы уақытпен тексерілген тәсілдері, жетілдірілетін озық технологияларымен ерекшеленеді.
Онда мектеп жасындағы балаларға арналған білім бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді. Олар жарыс, фестиваль, ғылыми квест мен зертхана сияқты іс-шараға белсенді қатысады. Ғылыми орталық әртүрлі табиғаттану аспектісіне арналған тақырыптық аймақтарға бөлінген, мысалы, табиғи құбылыстар, энергетика, экология, тағы басқалар. Мысалы, «Energy Titans» аймағы балаларды электр энергиясының әлеміне енгізеді: көрнекі эксперименттер мен интерактивті демонстрациялар олардың электр энергиясын жеткізу үдерісін түсінуіне көмектеседі. Мұнда орталық қызметкері балаларға физиканың негізгі қағидаттарын бақылатып, қыздыру шамына электр энергиясын жеткізуді түсіндіре алады.
Балаларға арналған ғылыми орталықтың бір бөлімінде тамақтану мәдениеті туралы айтылады. Балалар өнімдерді өз бетімен таңдап, сатып алуды, өлшеуді, төлеуді және тіпті тағам дайындауды үйренеді.
Мысалы, орталықта немесе музейде сабақ өткізгенде балалар еденге отырады – бұл жердің жақындығын білдіреді және тазалыққа үйретеді. Сингапурда тазалық – жай ереже емес, бала кезінен баулу әдет-ғұрпы. Балалар еденнің қай жерде болса да таза болуын түсінеді. Үкімет тазалықты қолдау үшін мыңдаған қоқыс жәшіктерін орнатқан.
Музейдің негізгі міндеттерінің бірі – келушілерді тарту және қызықты тәжірибемен қамтамасыз ету. Сингапурда әрбір көрме ақпарат беріп қана қоймай, келушілерді тарту үшін жобаланады. Мәселен, ғарышқа арналған аймақ арнайы «Night vision» VR-көзілдіріктері арқылы келушілерге жұлдызды кеңістікті көруге, ғарыш кемесінде «болуға», экипаждың жұмысын көруге, тіпті спутниктер мен планеталарды бақылауға мүмкіндік береді. Бұл ғарыш пен ғылымға қызығушылықты оятып, мамандық таңдауда шабыттандыруы мүмкін.
Осындай қызықты бағдарламаларда әрбір бала әлем мен өз елі туралы жаңа нәрсені аша алады. Мұндай интерактивті тәсілдерді бізге де енгізуге болады, мысалы, батырлар, билер, шежіреге арналған музейлер құру арқылы. Бұл балаларға өз тамырларын тереңірек түсінуге, ата-бабаларының мәдениетімен танысуға мүмкіндік беріп, өз бастаулары туралы біртұтас түсінік қалыптастыруға көмектеседі.
Батырларға арналған музейлерде балалар сауыт-саймандардың немесе ат әбзелдерінің элементтерін жинай алатын интерактивті экспозициялар құруға болады. Біздің жылқы мәдениеті мен ғарыш символикалық түрде байланысты: ата-бабаларымыз аспан денелері мен басқа табиғи бағдарларды басшылыққа алған. Сингапурда балаларды музейлер мен ғылыми орталықтарға осындай ойын әдістері арқылы тартуға үлкен көңіл бөлінеді, демек осындай бағдарламаларды дамытуға ынталанған жөн.
Музей мамандары ретінде біз голограммалар, 3D-модельдер, мультимедиялық құрылғылармен таныстық. Бұл, әсіресе, инновациялық технологияларға оңай тартылатын өскелең ұрпақ үшін маңызды. Мысалы, компьютерлік графика мен арнайы құрылғылардың көмегімен экспонаттарды «тірілтіп, толықтыруға» болады. Бұл келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Мәселен, келушілер Дінмұхамед Қонаевтың әйгілі асатаяғын қолдарында ұстап тұрғандай сезінуі мүмкін. Немесе Дінмұхамед Ахметұлы мен Зухра Шәріпқызының қол ұстасып тұрған суретін елестетуге болады; толықтырылған шынайылық форматы арқылы келушілер «олардың жанына» тұрып, естелікке фото мен видеоға түсе алады.
Мұндай интерактивті элементтер экспозицияларды есте қаларлықтай етеді. Мысалы, тұтқасынан атақты адамдардың дауысы дыбысталатын классикалық телефондарды енгізуге болады. Тұтқаны көтерген кезде келуші Дінмұхамед Ахметұлының өзі айтқан сөздерін немесе оның батасын естуі мүмкін, бұл өте әсерлі, өйткені ақсақалдардың батасы әрдайым құнды.
Біз ұлы адамдардың, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дәйексөздері мен ой-пікірлеріне негізделген авторлық экскурсияларды әзірлеп жатырмыз. Мысалы, «еңбек» сөзін атағанда, экранда еңбек туралы қанатты сөз шығады. Интерактивті панельдер мен тапсырмаларды, мысалы, лазер немесе стилус көмегімен енгізу тарих пен мәдениетке назар аудартады. Мысалы, балалар Д.Қонаевтың басшылығымен құрылған қалалардың атауларын жинай алады немесе минералдар мен архитектура туралы біле алады. Бұл тәсіл ақпаратты есте сақтауға көмектесіп қана қоймай, сәулетші мен инженер мамандығына қызығушылық тудыруы мүмкін.
Сингапур мұражай жұмысының инновациялық әдістері балалар мен ересектердің мәдениетке, экологияға және ғылыми білімге деген көзқарасын өзгерте алатынын айтқым келеді. Өзара іс-қимылға, практикаға және жеке тәжірибеге бағдарланған тәсілдер ғылым мен тарихқа деген қызығушылықты оятуға, қоршаған ортаны құрметтеуге, бәлкім өмір жолдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Елена Кубашева,
мәдениет саласының үздігі