• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 09:40

«Егемен» көтерген мәселе

50 рет
көрсетілді

Сәрсенбіде Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы қаралды. Бұл құжат қабылданса, Түркістан қаласы ресми түрде еліміздің рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығына айналады. Осылайша киелі мекенге ерекше мәртебе беріліп, қала аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау құқықтық тұрғыда қамтамасыз етілмек. Ал қасиетті мекенге айрықша мәртебе беру туралы мәселені осыдан 24 жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газеті көтерген еді.

Түркістанның 1 500 жыл­дығында газет тілшісі Сүлеймен Мәметтің «Түркістан шаһарына – арнайы мәртебе» деген ша­ғын мақаласы жарияланған. «Түркістан – топырағы киелі. Екінші Мекке деп тегін аталмаса керек. Соны ата-бабаларымыз өткен ғасырларда-ақ көрегендікпен танып-білген. Ұлтына қорған болған аруақтыларын сонда апарып Жер-ананың құшағына тапсырып отырған. Бір ғана Түркістан шаһары ғана емес, оның айналасында жұрт мінәжат ететін тоқсаннан аса киелі орындар бар» деген оймақтай ғана ойын айтады. Осылай дей келе, журналист бұл барымызды бағалауға, жоғымызды түгендеуге жол ашып, киелі қаладағы бүгінгі игілікті іс жалғасын та­уып жасарып, жаңа­рып, қала кілемдей түрлене бере­тінін тілге тиек еткен. Сондай-ақ шаһар мәртебесінің отандық дәрежеге көтерілуі ұлт рухын асқақтатып, мерейін үстем ететіні туралы мақала зиялы қауымның да қолдауына ие болады.

«Газет тілшісі ретінде Түркіс­танның мерейтойында бірнеше әріптеспен бірге мен де күнделікті сол жақтан мақала жазып тұрдық. Бір күні қасымыздағы Қазақ-түрік университетінде жұ­мыс істейтін түріктер «Біз Түркістанды екінші Мекке деп есептейміз» деді. Сөйтіп 2000 жылы газет бетіне киелі өлкеге мәртебе беріп, абы­ройын асқақтату қажет екенін айтып мақа­ла жаздым. Осы бірауыз сөзім қоғамда резонанс тудырған соң академиктер Рахманқұл Бердібаев, Мұрат Жұрынов, Халық әртісі Райымбек Сейтметовтен пікір алып екінші рет «Түркістанға ерекше мәртебе беру керек» деп қайтадан мақала дайындадым», дейді Сүлеймен Мәмет. Алайда бұл бастаманың қазіргі елордамызға астана мәртебесі бе­ріліп, дүркіреп тұрған кезеңінде көтерілгенін билік бірден құп көрмепті. Тіпті газет тілшісінің көтерген елдік мәселесі майшаммен қаралып, жұмыстан шығару туралы тапсырма бе­рілген.

«Мақалам жарыққа шық­­қан­нан кейін редакция бас­­шылығы шұғыл түрде жұ­мысқа шақыртып алды. «Түр­кістанды Астанамен салыс­тырғаның не?» деп сұрақтың астына алды. Түркістан мен Астана қала­сы­ның арасындағы айыр­ма­шы­лық­ты түсіндіріп, айтқым келген ойымды соңына дейін түсіндіріп бақтым. Бір күні басшылық қайтадан редакцияға тез жетуімді бұйырды. Жұмысқа келсем, менің мәселем қайта қаралып, жоғары жақта шу болып жатыр екен. Ұзын сөздің қысқасы, жоғарыдағылар мені жұмыстан шығару туралы тапсырма берген. Содан не керек, академиктер мен әртістің айтқан диктафондағы сөзімен, менің түсініктемеммен сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаев танысып шыққан. Министр тура адам еді. «Тіл­шінің пікірі орынды. Бұл сөзді ол ойдан шығарып отырған жоқ. Зиялы қауымның да пікірі келтірілген. Осымен бұл дауды доғарыңдар. Президент әкімшілігіне жағдайды өзім түсіндіремін» деп тоқ етерін айтты. Соның арқасында жұмыста қалдым», дейді естелігімен бөліс­кен Сүлеймен Мәмет.

Жалпы, бұл ғана емес, «Егемен Қазақстан» газеті елдің тұрмыс-тіршілігінен бастап ұлттық мәсе­леге дейін жоғарыға жеткізіп, ха­лықтың көзі, құлағы һәм тілі ретінде өз міндетін атқарып жүр. Мәселен, газет ардагері Сүлеймен Мәмет кезінде Астанаға алғаш кел­генде қалада жалғыз қазақ мек­тебі болған. Сол кезеңде газет бетінде көтерілген бас қаладағы ана тілінің жағдайы, қазақ мектебін көбейту туралы көкейкесті мәселе де қолдау тапқаны рас.