Ұлт бірлігі – ұлы байлық
1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы белді де беделді ұйымға айналып қана қоймай, сонымен қатар, шетелдерге де кеңінен танылып келеді. Оның үстіне жақында ғана Ассамблеяның ХХІІ сессиясы өткені белгілі. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай кеше ҚХА мүшелері «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының аралық қорытындысы туралы» арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Аталған шараға қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының басты жоба-жоспарлары мен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясының қорытындыларын баяндап, ҚХА жылына қойылған тапсырмаларды іске асыру бойынша болашақ жоспарларымен таныстырды. Бұл жолы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына Қазақстан Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы секторының меңгерушісі Леонид Прокопенко, ҚХА мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлтаралық байланыстарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова және Қарағанды облыстық «LITUANICA» литва мәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас шықты. Алдымен сөз алған сектор меңгерушісі биылғы барлық іс-шаралар Ассамблея жылы аясында өтіп отырғандығына назар аудартты. Сондай-ақ, Л.Прокопенко кезектен тыс президенттік сайлаудағы Н.Ә.Назарбаевтың жеңісі халықтың Елбасы реформаларының бағытын қолдайтындығын көрсеткендігін тілге тиек етті. Сондықтан да, ұлықтау рәсімі тәуелсіз Қазақстан тарихында дамудың жаңа кезеңіне аяқ басудың бастапқы нүктесі болып табылады. Мұның барлығы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатымен, бес институттық реформамен және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық жобасымен қабысып жатыр. Әрине, мұның барлығы жаһандық күрделі геосаяси жағдай мен әлемдегі әскери-саяси шиеленістің өрбуіне қарамастан, Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылуына жеткізуі тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, Президенттің бейбітшілік пен келісім саясаты реформалар жүргізуді қамтамасыз етіп отыр. Бұдан кейін сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі биылғы Ассамблея жылы рухани толысу жылы болуға тиіс дегенді баса айтты. Анатолий Башмаковтың сөзіне қарағанда, төрт негізгі айтулы мереке бір-біріне сәйкес келмейтіндей сияқты көрінгенімен, олардың астарында өзіндік бір байланыс жатыр. Егер осыларды қастерлей білсек, онда өскелең ұрпақтың бойында өз тарихына деген құрметті қалыптастыра аламыз, деген кафедра меңгерушісі Елбасының сенімді өкілі ретінде өңірлерді аралаған кезінде тұрғындардың рухани қуатын сезінгендігімен де бөлісе кетті. «Кез келген шетелдерде президенттік сайлауда әр кандидатты қолдаған халық жақ-жаққа бөлінсе, Қазақстанда керісінше саяси науқан кезінде халық жұдырықтай жұмыла түскендігін көрсетті», деді А.Башмаков. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлтаралық байланыстарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова «Бүгіннен бастап еліміздің жаңа тарихи беті ашылды деуге болады. Өйткені, кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті өз лауазымына тағайындалып, өз қызметін бастап кетті. Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен байланысты көптеген шаралар іске асып жатыр. ҚХА біріктіруші институт ретінде қалыптасты, Елбасының өзі айтқандай, 17 миллион қазақстандықтың басын қосып, бір мақсатқа жұмылдырды. Қазақстандықтардың бір адамдай өз таңдауларын жасауы – осы жұмыстың нәтижесі», деді. Қарағанды облыстық «LITUANICA» литва мәдени бірлестігінің төрағасы өз кезегінде өңірде 24 этномәдени бірлестіктің нәтижелі жұмыс жасайтындығына назар аудартты. Виталий Тварионас бұл бірлестіктер өздерінің тарихи отандарымен байланыстар орнатып қана қоймай, Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығына ерекше үлес қосып та келе жатыр дегенді баса айтты. Сондай-ақ, Ассамблея мүшелері өңірде су тасқыны салдарынан жапа шеккендерге нақты көмектер көрсетіп, арнайы есепшотқа 6 миллион теңге де аударыпты. Және де қолдау ретінде бірнеше тонна болатын әртүрлі жүктер мен азық-түліктер жеткізіп берілген. Ал жақында өткен кезектен тыс сайлау халқымыздың тұтастығы мен бірлігін және де халқымыздың жасампаздыққа ұмтылуын тағы бір паш етті, деді мәдени бірлестік төрағасы. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
•
01 Мамыр, 2015
Еліміз тарихының жаңа белесі
313 рет
көрсетілді