• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Сараптама 24 Желтоқсан, 2024

Құнсыздану һәм құрылымдық реформа

122 рет
көрсетілді

Инфляциясы жоғары, еңбек өнімді­лігінің өсімі төмен дамушы елдерде валютаның құнсыздануы ұдайы болады. Сол себепті, қазіргі экономикада 500 және 600, тіпті 700 деген бағамды көріп отыра беруіміз мүмкін. Бұл – уақыттың еншісіндегі шаруа.

Кейінгі 15 жылда бағам 400 пайызға құнсызданды. Жаһандық тұрғыда ештеңе өзгермесе, 15 жылдан соң 1 доллар 2 000 теңге тұруы мүмкін. Ал егер құрылымдық реформа жасалып, инвестициялық климат жақсарса, бағам құнсыздануға ұшырамайды. Бұл Үкіметтің немесе Ұлттық банктің валютаны құнына қа­тысты қандай да бір ұмтылысынан туын­дамайды, бұл – экономиканың заңы. Одан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Экономиканың қалай жұмыс істейтінін түсіну, оны бағам құнсызданбайтындай етіп құра алу, бұл енді басқа әңгіме.

Биыл қарашада теңге 5 пайызға құн­сызданды, ай соңында 512 теңгемен жабылды. Егер осы жылдың мамырынан бергі бағамды алар болсақ, валютамыз 439 теңгеге дейін нығайған еді. Ал 530-ға дейін құлдыраған кезде теңге 20 пайызға құнсызданды. Теңгеге қатысты доллар бағамының күрт өсуінің қысқамерзімді негізгі факторларын тізбелеп шығуға болады. Сыртқы факторлар ретінде бүкіл әлемде доллардың күшеюін, мұнай бағасының төмендеуін, рубльдің құлдырауын айта аламыз. Мұндай сыртқы факторлар бірден әсер етпейді, себебі бізде валюта нарығын реттеу өте күшті жүргізіледі. Экономикалық агенттерде хеджирлеу мүмкіндігі болмайды және бізде валюта нарығы бос емес. Сондықтан бізде валюта нарығын реттеу жүргізіліп жатқан кезде біз нарық агенттеріне сыртқы факторларға көңіл бөліп, хеджирлеумен айналысуға жол бермейміз. Мұндай құралдар қатарында заңды тұлғаларға конвертацияны шектеу (айтпақшы, кейінгі айларда көптеген заңды тұлға шығынға батты), валюта депозиттері негізінде мөлшерлемені шектеу, екінші деңгейлі банктердің валюталық позициясын бақылау, экспорттық табыс сатылымын міндеттеу бар. Бюджеттен кеш қаржыландыруға байланысты долларға сұраныстың кейінге қалдырылуын ішкі факторға жатқыза аламыз. Ұлттық қордан төлемдерді келісіп жатқан кезде бір уа­қытта көптеген бюджет өтінімдері мақұл­данды. Сосын олар валюта нарығына шығарылып, валютаға деген сұранысты күрт арттырып жіберді. Мұндай кең көлемді сұранысты реттеуге қарашадағы салық кезеңі де көмектесе алған жоқ. Мұны қазан айында 1 трлн теңгеден асып кеткен М2 және М3 ақша агрегаттарынан да байқауға болады.

Бюджет тапшылығы, теңдестірілмеген бюджет саясаты және экономиканы үнемі субсидиялау экономикадағы құрылымдық теңсіздікті туғызды, ол өз кезегінде қазір валюта бағамына әсер етіп жатыр. Мысалы, былтыр Ұлттық қор валютасын белсенді сата отырып теңгені 470-тен 440-қа дейін нығайтып, кейін инфляцияның жоғары деңгейінде ұзақ уақыт бойы 440 бағамын ұстап, кәсіпорындардың кірісі мен ел бюджетіне үлкен зиян келді.

Теңге құнсыздануының түпкі факторлары әлдеқайда тереңде жатыр. Біз­дің экономикалық саясатымыз ұзақмерзімді перспективада ұлттық валютаны ны­ғайтуға бағытталмаған. Өйткені біз еңбек өнімділігінің өсіміне тиісті назарды аудар­май, кез келген жолмен өндірісті әртараптандыруға баса мән береміз. Еңбек өнімділігін арттырмасақ, өкінішке қарай, экономикамыз валютаның құнсыздануына ұшырай бермек. Біздің жағдайымызда еңбек өнімділігінің өсіміне субсидия, протекционизм, ауқымды мемлекеттік құрылыстар емес, жеке сектор ықпал етуге тиіс. Болжамдылық, заң үстемдігі, адал реттеу, монополияға қарсы сапалы заңнама, дамыған инфрақұрылым, еркін нарық және жеке сектор қамтамасыз етуі керек. Бұл бір қарағанда тым қарапайым көрінер, бірақ соған жетудің өзі оңай емес. Ол үшін шын мәнінде құрылымдық реформалар жүргізу қажет.