Кино 25 Желтоқсан, 2024

Әлемдік премьераның Алматыдағы жаңғырығы

60 рет
көрсетілді

Алматыда Disney студиясының «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі өтті. Бұл – Disney-дің қазақ тілінде «сөйлеткен» үшінші фильмі. Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен биыл­дан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы биыл «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.

«Муфаса: Арыстан патша» фильмінде Рафики Симба мен Наланың қызы Киараға Прайд жерлерінің сүйікті патшасының хикаясы мен патша атану жолында басынан кешкен қиындықтары туралы баяндайды. Адасып, жетім қалған Муфаса патша отбасынан шыққан Така есімді мұрагерді кездестіреді. Така оған жаны ашып, қолдау көрсетеді. Екеуі тағдыр өзгертер саяхатқа аттанып, дұшпандарымен бетпе-бет кездеседі. Олардың достығы да сынға түседі. Сондай-ақ көрермен Тимон, Пумбамен қайта қауышады.

Шытырман оқиғаға құ­рыл­ған фильмнің шынайы қабылдануы дубляж қызме­тімен тікелей байлынысты екені белгілі. Ерасыл Мұхамадиев – Муфаса, Бақтияр Байсерік – Пумба, Дулыға Ақмолда – Рафики, Асан Мәжіт – Киросты кейіптеп, бас кейіпкерлерді қазақ тілінде дыбыстады. Ал қазақ тіліндегі вокалды партиялар Abik Jeksen – Муфаса, Динара Сұлтан – Сараби, Jaman T (Таир Сахиев) – Жас Рафики, Ace – Зазудың даусымен шырқалды. Таканың сөзі мен әндерін қазақ тіліндегі дубляждың режиссері Шах-Мұрат Ордабаев орындады. Анимацияның музыкалық же­текшісі – Әнел Сіргебаева.

– Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді барынша кеңінен насихаттап, қазақ дубляжын қолдауға шақыруды жалғастыра береміз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ор­таның қызығушылығы мен нарыққа ықпалын ескеріп, үздік туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте маңызды бастама. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. «Моана 2» фильмінің қазақша нұсқасы бұған де­йінгі қазақ тіліндегі барлық анимациялық фильмнің рекордтарын жаңартты. Бұл – қазақша кино қарауға ықы­ласты қауым көбейгенінің белгісі. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару жалғаса береді. Бұл тіліміздің тартымдылығын арттыруға және кеңінен т­аратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Бұған дейін «Моана 2-нің» қазақша нұсқасы бокс-офис­тердің 12,36% үлесін қам­ты­ды. Кассалық табыс үлесі 12 күнде 151 000 000 теңгеден асып, қазақшаға аударылған ани­мациялық фильмдер арасында ең табысты туынды ретінде рекорд орнатты. Биыл маусым айында Disney мен Pixar сту­диясының «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден астам қа­ражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатқан еді.

 

АЛМАТЫ