24 желтоқсан күні Астана қаласында 2024 жылы өткен спорттық додаларда байрағымызды биікте желбіреткен үздіктер бас қосты. Туризм және спорт министрлігі спортшылар мен бапкерлерге қолдау көрсету мақсатында өткізген іс-шарада Париж олимпиадасының жеңімпазы, Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ Олимпиданың күміс жүлдегері, Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиаданың қола жүлдегері Елдос Сметов жылдың үздік спортшысы атанды. Тәуелсіздік тарихында дзюдодан Қазақстан қоржынына алғаш болып «алтын» салған Елдос Сметовпен тілдесіп, алдағы жоспарларын сұрадық.
- Елдос Бақтыбайұлы, Париж Олимпиадасындағы жарқын жеңісіңіз арқылы Қазақ елін қуанышқа кенелттіңіз. Төртжылдықтың басты бәсекесіндегі осы жеңістен кейін елге оралғанда келесі Олимпиадаға қатысуға ниетті екеніңізді айттыңыз. Қазір дайындыққа кірістіңіз бе?
- Лос-Анджелестегі Олимпиадаға алда әлі 3 жыл бар. Сондықтан дайындық айтарлықтай деңгейде басталған жоқ. Қазір кішігірім жарақаттарымды емдеп жүрміз. Ағзаны, денені демалдырып, қалыпқа келу процесі жүріп жатыр. 2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басында нақты дайындықты бастаймыз, бұйырса. Десе де, формамызды сақтау үшін күн сайын жаттығу залынан табыламыз.
- Үш Олимпиада қатарынан жоғары дәрежелі 3 медальді қанжығалап, «Олимп шыңынан» көріну үшін сізге жігер беріп, алға жетелеген қандай күш?
- Мен 5 жасымнан бастап дзюдомен айналысып келе жатырмын. Бала шақтан жаныма жақын спорттан нәтиже шығарғым келеді. Спорттың шыңын бағындырған тұлғалардың әр қадамын әрдайым бақылап отыратынмын. Ұқсап бағуға тырыстық. Чемпиондардың жеңіс жолын зерттедім. Жаттығу залында жылдар бойы тер төгілгені де сөзсіз. Төртжылдықтың ең биік тұғырында тұру мәртебесі бұйырған осы жылға ризамын. Дүниедегі басты мақсатым - атақ-дүние жинау емес, адам болып қалу.
- Жанына спортты серік еткен азаматтың арманына айналған Олимпиада чемпионын алдағы уақытта мемлекеттік мансап мінберінен көруіміз мүмкін бе?
- Қазір менің алдымда бұл мазмұндағы мақсат жоқ. Мен әлі де спорттан алыстамағаным анық. Жақсы көретін дзюдомен мүмкіндігім бар тұста сарқылмай, кідірмей айналысқым келеді. Қазір жасым 32-де, Лос-Анджелестегі байрақты бәсеке кезеңінде 35-36 жаста боламыз. Париж Олимпиадасында 36 жастағы Демеу Жадыраев қағидаларды бұзып, дүбірлі доданың финалында бақ сынады. Алдымызда осындай үлгі бар. Бір қазақ шыққан биікті, екінші қазақ та еңсере алады деп ойлаймын. Жас – ауысып жатқан жай көрсеткіш, цифр. Мен де осы қадам арқылы жастарға мүмкін емес нәрсе болмайтынын дәлелдеп, олардың да талмай еңбек етуі үшін стимул болғым келеді. Спорттық мансабымдағы жоғары жеңісімнен кейін ел ішінде дзюдоға назар арта түсті, тіпті, күреспен айналысуды тоқтатқан кей азаматтардың белін буып, жаттығу залына оралған оқиғаларды да құлағымыз шалып жатыр. Бапкерлер балдырған балалар арасында дзюдомен айналысқысы келетіндердің қатары қалыңдағанын да хабардар етіп жатыр. Қазақ танымда «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген аталы сөз бар. Сондықтан қазір спорттан іргемді алыс салмаймын.
- Елдос, алдағы жылдың басында Лондонға аттанбақсыз. Қай бағытта білім алуды жоспарлап отырсыз?
- Шетел асып, оқуға аттануыма ағылшын тілін меңгеру мақсаты түрткі болды. Қаңтар айынан бастап Лондонда 4 ай оқу, тіл үйренуді межеледім. Себебі 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасы күтіп тұр, 2027 жылы елордамыз дзюдодан әлем чемпионатын қабылдайды. Ірі бәскелерде спортшылармен тілдесіп, тәжірибе алмасуда ағылшын тілін білу жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенемін.
- Елдос Бақтыбайұлы, әңгімеңізге рақмет!