• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Үкімет Кеше

Қоғамның бұлжымас қағидаты

23 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтама­сыз етудің негізгі мәселелері қаралды. Балалар­ға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасын­дағы қыл­мыс­қа, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылық профилактикасы саласында түсіндіру жұмыстары бойын­ша қабылданып жатқан іс-шара­ларға ерекше назар аударылды.

Премьер-министр қоғамдық құқық­тық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына ай­налуы керектігін айқындап берді. Бұл – Мем­­лекет басшысы саясатының бас­ты негіз­дерінің бірі. Президенттің бұл тапсыр­масын бұлжытпай іске асыру – бар­лық мемлекеттік органның, ең алдымен, құқық қорғау құрылымдарының міндеті. Поли­ция кез-келген, тіпті кішігірім құ­қық бұзушылықтарға бірден ден қоюға тиіс. Бұл – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің бір­ден-бір жолы», деп атап өтті О.Бектенов.

Мемлекет басшысы бекіткен 2024–2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету тұжырымдамасын іске асыру барысы қаралды. Ішкі істер ми­нистрі Ержан Сәденов биыл 28 іс-шара­ның орындалғанын баяндады. Мәселен, Ұрлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әзір­лен­ген бағдарлама олардың санын 29%-ға қысқартуға және қылмыстардың ашылу деңгейін 54,4%-ға дейін арттыруға мүм­кіндік берді. Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы күрес бойынша сала­лық бөлімшелер құрылды. Енді отбасы­лық жанжалдарға шақырылған кезде жәбірленушілер туралы сауалнама толтырылады, 1 мың қасақана зәбір көрсетуші анықталып, оларға психокоррекциялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде есепке алынған­дарға қатысты электронды бақы­­лау құралдарын қолдану қылмыс­тың қайталану қаупін 13%-ға дейін төмен­детуге мүмкіндік берді.

Балаларға қатысты зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу және жасөспірімдер арасын­дағы қылмысқа қарсы іс-қимыл шара­­лары туралы оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаевтың баяндамасы тың­далды. 2013 жылдан бері кәмелет­ке тол­мағандар арасындағы қылмыс­тық құқық бұзушылықтар саны 55%-ға азайған. Еліміздің мектептерінде бұзақылыққа қарсы 2 бағдарлама – KiVa және отан­дық ДосболLike әзірлемесі іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесі әзірленді: бүгінде еліміздің барлық өңірінде 20 Қолдау орталығы жұмыс істейді. Биылғы 1 қыр­күйектен бастап «Біртұтас тәрбие» бағ­дар­ламасы іске қосылды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жеке қауіп­сіздік бойынша сабақтар өткізіледі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек киберқылмысқа қарсы іс-қимыл­­­дың кешенді жұмысы шеңберін­де 2024 жылы дербес деректерге қолжетім­ді­лік­ті бақылау мемлекеттік қызметі ен­гізіл­­­­генін айтты. eGov жүйесіндегі СТОП-несие функциясы іске қосылды, ол қа­рыз­­­дар­ды онлайн ресімдеуден бас тар­туға мүм­­­кіндік береді. Аталған фун­кция­­ны бүгін­­де 1,4 млн-нан астам азамат пайда­­ла­нып үлгерді. Сонымен қатар ұя­лы байла­­­ныс арқылы алаяқтыққа қарсы күресу ал­го­ритм­­­дерін әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды.

Сондай-ақ Жамбыл және Атырау об­лыс­тарының әкімдері тыңдалды. Олар «Бей­­не­бақылау жүйелерімен жаппай қамту»  жобалары, уақытша бейімдеу ор­та­­лық­­тарын ашу, басқа да жобалар ая­сын­дағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты.

«Біздің мақсатымыз – қылмыстың алдын алудың біртұтас жүйесін құру. Тұжырымдаманы іске асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді белсенді тарту қажет. Азаматтардың қауіпсіздік деңгейі біздің бірлескен жұмысымыздың тиімділігіне байланысты. ІІМ-нің есептерінен елімізде күн сайын ауыр қылмыстар, оның ішінде кісі өлтіру оқиғаларының орын алып отырғанын көріп жүрмін. Адам өліміне әкелетін жазатайым оқиға­лардың көпшілігі мас күйінде бола­ды. Биыл бұзақылық пен бандитизм­ге байланысты ел ішін шулатқан бірқатар оқиға орын алды. Жергілікті поли­ция қыз­меткерлері қауіп-қатерді анық­тап, тұр­ғындар арасында алдын ала профи­лакти­калық жұмыстар жүргізуге тиіс», деп атап өтті Премьер-министр. Мәдениет және ақпарат министрлігіне мұндай жағ­дай­ларға дер кезінде ден қоюды, БАҚ пен әлеуметтік желілерде азаматтарды объек­тивті түрде хабардар етуді тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.