Биыл Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерістерді бастан кешті. 2024 жыл сот отырыстары тікелей эфирден көрсетіліп, бұқараның құқықтық салаға деген қызығушылығын арттырған жыл есебінде тарих қойнауына кірді. Қазақстан азаматтары сот отырыстарының қалай тартысты жүретінін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін көзбен көріп, еліміздің құқықтық жүйесіне деген сенімі күшейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Әділетті Қазақстан» идеясының басты тіні – заң үстемдігі. Заң үстем болмай, әділетті ту еткен мемлекет құру әсте мүмкін емес. Бұл орайда қара қылды қақ жарар әділеттің таразысы болар құрылым мемлекеттің сот жүйесі екені айтпаса да түсінікті. Соттардың ашықтығы, жариялылығы болмай, көпшіліктің санасында сіресіп қатып қалған «сот – жемқор», «прокурор – парақор» деген секілді қасаң түсініктерді сындыру мүмкін емес. Ал сот жүйесіне деген халықтың сенімі болмаса, мемлекетте орнаған әділетті көрер көз болмайды. Сондықтан да заңның жалпыға ортақтығын, азаматтар құқығының бірдейлігін көпшілікке ұғындыру Әділетті Қазақстанның басты мақсатына айналып отыр.
Мәселен, 2024 жылы еліміздің сот жүйесіндегі оң өзгерістерді, яғни ашықтық пен жариялылықты айғақтайтын бірнеше сот отырысы өтті. Экономика экс-министрі Қ.Бишімбаев ісі қоғамдық резонанс тудырып қана қоймай, бүкіл әлем жұртшылығы назарын өзіне аударған қылмыстық іс ретінде танылды. Экс-шенеунікке қатысты сот үдерісінің ашық жүруі, оны кез келген адамның «YouTube» желісінен тікелей эфирден көруі, сот жүйесіне, судьяларға, прокурорға деген біржақты түсініктерді күйретіп, қоғамдық санаға «Әділетті Қазақстанның» есік қағып тұрғанын дәлелдеп берді. Тіпті бұл шулы іс ел ауқымынан шығып, «Washington Post», «Al Jazeera» секілді алпауыт медиалар арқылы әлем назарына ілікті. Яғни Қазақстан заң үстемдігі салтанат құрған мемлекет ретінде кез келген түйткілді түйіні көп қылмыстық істерге әділ жаза тағайындайтын ел ретінде де танылды.
Сондай-ақ биыл мемлекетіміздегі сот жүйесінің ашықтық пен жариялылыққа нық қадам басқанына дәлел болатын бұдан басқа да сот отырыстары аз болған жоқ. Мысалы, Алматыда автобус жүргізушісі мен Қарағандыдағы жедел-жәрдем көлігі жүргізушісіне әлімжеттік көрсеткен қылмыстық істер де тікелей эфир арқылы қоғамның назарына ұсынылып, халық «тура биде туған жоқ» дейтін тәмсілдің заманы туғанын түйсінді.
Шулы қылмыстық істерге қатысты сот отырыстарының тікелей эфир арқылы ашық көрсетілуі хақында заң кеңесшісі Евгений Евгеньев: «Бұған дейін шенеуніктерге қатысты қозғалған істерде соттардың заңсыздыққа жиі жол беретіні туралы сындар көп айтылатын. Экс-министр Бишімбаев сотының онлайн жүргізілуі сол сындарға тоқтау салып, сот жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталды», дейді.
Сондай-ақ заңгер Қазақстанда сот отырыстарының онлайн өтуі сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында да, сот талқылауы барысында да көптеген кемшілікті жоятынын, десе де бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан сотқа қысым жасау қатері де бар екенін айтады.
Сарапшылар Қазақстандағы сот отырыстарының тікелей эфирден көрсетілуі сот жүйесінің беделін арттырғаны соншалық, отбасының мәртебесіне, әсіресе отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты проблемаларды дереу шешу керектігіне жол салды деп есептейді. Қоғам тарапынан «Салтанат заңы» деген атау алған заңның қабылдануына да сот жүйесінің ашықтығы нәтижесінде қол жеткізілгенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Қош! Биыл еліміздің сот жүйесі «Әділетті Қазақстан құру» ісінде батыл қадам жасады. Қазақстан қоғамына тек заң үстемдігі ғана салтанат құруы үшін бұл бастама келер жылы да жалғасын табуы керек.