Қазақ даласындағы алғашқы білім ордасының бірі – «Мамания» мектебінің 125 жылдығына орай «Қарағаштағы білімнің қара шаңырағы» атты облыстық байқау өтті. Ақсу жеріндегі ақыл майданына аудан-ауданнан келген білікті мамандар бақ сынады. Байқауды облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.
Жетісу өлкесінде алғаш ашылған білім шаңырағын Маман Тұрысбек әулеті салдырған. Бұл байқаудың мақсаты – мектептің тарихи мұрасын қайта жаңғырту, білім шаңырағы түлектерінің өмірі мен қызметін, Маман Тұрысбек ұрпақтарының қазақ руханиятына жасаған істерін дәріптеу.
Ұстаз қауымының сайысындағы алғашқы сөзді алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ерлан Қасен «Мамания» мектебінің қазақ қоғамын оқытудағы алған рөліне тоқталды. Білім шаңырағын ашып, жан-жақтан мықты ұстаздарды шақырып, оларды баспанамен қамтып, бірлескен оқу бағдарламасын бекітудегі жауапкершілікті мысалға келтірді.
«Мұнда қазақтың алыптары дәріс алып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан. Бұл қатарда есімі елге белгілі қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіров, қазақтың алғашқы конституциясының авторы Барлыбек Сырттанов, қоғам қайраткері Біләл Сүлеев, ақын Ғали Орманов секілді айтулы тұлғаларымыз бар. Олар Қарағаштағы қасиетті қарашаңырақтан қанаттанып, алаштың намысын қорғаған азаматтар. Сол заманда қазақ балалары сауатты болсын деп қаржысын білімге құйған байлар санаулы. Соның ішінде бірегейі – Маман құттың ұлы Тұрысбек қажы. Ол осы Ақсу өңірінде Мамания мектебін салып, ауыл балаларына әріп үйретті. Сырттан білікті ұстаздарды тартып, Қарағашты мәдени қалашыққа айналдырды», деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.
Байқауға барлық ауданнан ұстаздар қауымнан құралған бірнеше команда қатысты. Олар 3 айналым бойынша сынға түсті. Бірінші айналымда команда мүшелері өз өңірлерінен шыққан, өмірлерін ағартушылыққа арнаған, білім саласын дамытуға өзіндік үлес қосқан тұлғаларды ұлықтады. Бұл орайда жер-жерден келген ұстаздар қауымы білім-білігін ұрпақ тәрбиесіне арнаған жерлестері жайлы мол мағлұмат жинағанын байқатты. Олар тұлғаның қоғамдағы орны мен ағартушылық қызметіне ерекше тоқталды. Аты тарихта қалған ұстаздардың өмірбаяны мен еңбектері жайлы жинаған деректері, бейнекөрсетілімдерін көрсетті. Әр уақытта Жетісу жерінде бала тәрбиесі, білім ордаларының тұрғызылуы, ашылуы, толыққанды жұмыс жасауына бар өмірлерін арнаған ұлағатты жандар еске алынды, тағзым етілді. Еңбектері үлгі етілді. Олардың жанкешті еңбектері паш етілді.
Бұл орайда ұстаздар қауымының ізденімпаздығына тәнті болдық. Мысалы, «Мұғалім» тобы «Ақсудың Алтынсарині» атанған Бұғытай Айсеркеновтің «Мамания» мектебі жайлы деректер жинап, оқу бағдарламасына алғашқы қазақ мектебінің білім беру әдістерін енгізгені жайлы зерттеу жүргізіпті. «Мұрагер» тобы Біләл Сүлеев жайлы ізденіс жүргізіп, тың деректер келтірді. Байқаудағы команданың капитанына қойылған үшінші талап, 1 минутта «Мамания» мектебі жайлы қойылған сұрақтарға жылдам, нақты жауап беру. Мамания мектебі өзі бір әлем. Оның құрылған күнінен бастап қалыптасу, ғимаратты салу, оқу құралдарымен қамтамасыз ету, жатын орнынмен қамту, оқу бағдарламасын жасау, ұстаздарды тарту, қыздар бөлімдерін ашу жайлы сұрақтарға жауап беру біраз қиындық тудырды. Ұстаздар қауымы сұрақтарға мейлінше нақты жауап беруге тырысты.
Мұнда «Мамания» медресесінде алғашында кәдимдік оқу жүйесі бойынша оқытылғандық жайлы деректер келтірілді. Есенқұл Мамановтың қазақ романына бәйге жариялауы. Роман бәйгесін естігенде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың қуанғаны да айтылды. Әлихан Бөкейханов: «Мәдениетті, өркениетті елдерде руханиятқа осылай көңіл бөлінеді. Біздер де сол қатарға жетудеміз», деп шаттанғанын еске салуы ұстаздар қауымының зеректігін байқатты.
Жалпы байқаудың көтерер жүгі, маңызы жоғары болды. Ұйымдастырушылар бұл байқауды келесі жылы да өткізсек деген бастама көтерді. Қолдайтын шаруа. Мұндай шараға қатысқан ұстаздар Жетісу жерінде білім жүйесінің жұмысы қалай басталғанын, мұғалімдердің қалай іріктелгенін біліп, бала оқытудың жауапкершілігін терең сезіне түсері анық. Байқау соңында облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы директорының орынбасары Айбек Кенжебаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ақсу ауданы білім бөлімінің басшысы Айдынбек Жексенбаев байқауға жан-жақтан келген қатысушыларға алғыс білдірді.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шыққандарды марапаттады. Бас жүлде Ақсу ауданының командасына тиді. «Мамания» мектебін ашқан Атымтай жомарт азаматтардың еңбегі көпке үлгі етілуі тиіс.