АСТАНА. 1 мамыр. Бүгін Астанадағы «Қазақ Елі» алаңында Қазақстан халқы бірлігі күні кең көлемде атап өтілді. Мерекеге орай ұйымдастырылған «Нұрлы жол – жеңіс жолы» атты шараға Елбасы да арнайы қатысты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Мемлекет басшысы жиналған халықты мерекемен құттықтап, ел алдында тұрған міндеттерді орындау үшін бірлікті сақтау керек екенін айтты.
Шара барысында эстрада жұлдыздары ән-жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, елімізде тұратын халықтардың салт-дәстүрлері дәріптеліп, ұлттық өнері насихатталды.
Дәл осындай, бірлік пен ынтымақты, келісім мен тұрақтылықты насихаттаған іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде өтуде. Астана қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, бүгінгі мерекеге орай қалада түрлі деңгейдегі 200 астам шара өтеді. Соның ішінде 35-і ірі мәдени шара екенін айта кетейік.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Ерлан Омаров.