• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Жұртшылықты заңнамалық өзгерістерден хабардар етеді

59 рет
көрсетілді

Елімізде шешімін таппай отырған мәселелер жетерлік. Әсіресе әлеуметтік салада электр энергиясы, жылу, азаматтардың жұмыссыздығы мен ауызсу секілді қорда­ланған, депутаттардың араласуын күткен проблемалар аз емес. Осы мақсатта халық қалаулылары жаңа жылды өңірлерді аралаумен бастады.

Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мү­ше­сі Наталья Дементьева Ақмо­ла облысында сапармен жүр. Халықпен кездесуін ол Аршалы ауданы Анар ауылындағы Анар­көл бөгетінің көктемгі су тас­қынына дайындығын бақылаудан бастады. Өйткені өткен ғасырдың ортасында салынған ауыл мен көл арасындағы ұзындығы 1 300 метр­ді құрайтын бөгет әб­ден ескірген. Оның үстіне ауыл тұр­ғындарын тасқын судан қорғау­ға қауқарсыз еді. Осыған байланысты былтыр қайта жаңғырту жұмысы басталып, бүгінге дейін айналма каналдың бір бөлігі тазартылыпты. Бөгет қабырғасы нығайтылып, 6 метрге дейін кеңейтілген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Ana tili» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, былтыр жойқын су тасқыны болды. Зардап шеккендер қатарында Аршалы ауда­ны да бар. Сондықтан алдағы көктемге дайын болуымыз керек. Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Мемлекет 2030 жылға дейін 40-тан аса жаңа су қоймасын салу және ел аума­ғында жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын жөндеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр», деді Н.Дементьева.

Ал Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының төраға­сы Асхат Рақымжанов «Жайық­тепло­энерго» АҚ жылу электр орталығының ұжымымен кез­десті. Бүгінде шаһарды жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған мекеменің 88 па­йызы тозған. Сондықтан реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, бірінші турбо агрегатты ауыстыру бес жыл бұрын басталып, 2025 жылдың наурыз айында іске қосу жоспар­ланған.

«Мұндағы өзекті мәселе – жабдықтардың қымбаттығы. Делдалдар арқылы сатып алатын болғандықтан, тарифке де әсер етуі мүмкін. Жұмысшылардың айтуынша, орташа жалақы 200 мың теңгенің айналасында, салдарынан жастардың мұнда жұмыс істеуге деген қызығушылығы төмен», деді А.Рақымжанов.

Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Қазыбек Әлішев Ақтөбе облысындағы ағайынмен жүздесіп, «Аmаnаt» партиясының сайлауалды бағ­дар­ламасы аясында салынған бала­лар футбол академиясын көріп қайтты. Әңгіме барысында мәжілісмендер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында депутаттарға спорт саласындағы заңнаманы жаңар­туды тапсырғанын еске салды. Президент өз сөзінде бұл түзету­лердің жаңа чемпиондар буынын дайындауға негіз болатынын ерекше атап өткен еді. Былтыр қараша айында Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған.

Өз кезегінде Мәжіліс депу­та­ты Гүлдара Нурумова Бай­зақ ауданы Қызыл Жұлдыз ауылын­дағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Мұнда 3 дәрігер, 13 орта медицина қызметкері және бір психолог жұмыс істейді. Аталған амбулатория ауылдағы 5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.

«Мемлекет денсаулық сақтау саласына үнемі ерекше көңіл бөледі. Биыл дәрігерлерді қор­ғау­ға, олардың мәртебесін көте­ру­­ге бағытталған сапалы жаңа заң күшіне енді. Бірқатар әлеу­меттік кепілдік енгізіліп, құқық­тық қорғау күшейтілді. Атап айт­қанда, мектепке дейін­гі ұйым­дарда медицина қызмет­кер­лерінің балаларына бірінші кезекте орын беріледі, басы артық есеп беру мәселесі қысқартылады, дәрігерлердің кәсіби жауапкер­шілігі сақтандырылады және бас­қа да өзгерістер бар», деді депутат.

Петропавл қаласындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыс­тары да Мәжіліс депутаттарының назарынан тыс қалмады. Был­тыр­ғы алапат су тасқыны Сол­түс­тік Қазақстан халқын біраз әбі­герге салған еді. Осыны еске­ріп, теріскейліктер биыл ал­дын ала қамданып жатыр. Депу­тат Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода өңірге сапа­ры барысында Ойқала шағын ауданындағы 1960 жылы пайда­ла­нуға берілген бөгеттің жай-күйімен танысты. Қазіргі таңда нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілген. Бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүр­гізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 851 млн теңгені құрайды.

Бұдан өзге аймақтарда да Мәжіліс депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауды жалғастырады. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылдан­ған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды.