Қазақ әдебиетінде соңғы жылдары жарық көрген романдарды түгелге жуық оқып шықтым. Кейбірі есімде қалмауы мүмкін, бірақ қазіргі әдеби үдеріс туралы толық түсінік қалыптасты деуге болады. Мұнда байқағаным, әдеби сын шығармаларды мақтау үшін де емес, ақтау үшін жазылатын үрдіс қалыптасыпты. Мысалы, көркем шығарманың басты шарты – суреттеудің азайып, баяндаудың көбеюін «көп сөзділіктен арылу» деп түсіндіреді. Баспагерлер де сөрелерді классиктердің кітаптарымен толтыра отырып, «қазіргілер бұрынғылардың кемшілігін қайталамайды» деп өзеурейтінді шығарыпты. Бір қызығы, жарнама да соған қарай жасалуға ойысқан екен.
«Көп уақытың кетпейді, бірер сағатта оқып тастайсың, аттап-аттап оқысаң да болады» дейді. Яғни кітап оқуға көп уақыт кетірмеуге, жеңіл, тез, атүсті оқи салуға шақырады. Мұның шығармашылық ізденіске, әдеби үдерістің ішінде болуға, өзін үнемі формада ұстауға қатысты түрлі себептері бар шығар. Бірақ уақыт тарылды екен деп, көркемдікті асығыстыққа құрбан етіп жіберген қалай болады?
Менің ойымша көркем шығарма үнемі қозғалыста болатын әрекеттерден құралуы керек. Қозғалмайтын заттың өзі де түрлі құбылысты бастан кешіп тұрғандай әсер бергені жөн. Монологтерден де кейіпкердің жан дүниесіндегі от пен судай шарпысуларды көргеніміз абзал. Диалогтердің де өлі судай тоқтап қалған зат туралы болмағаны құп. Өліп жатқан адамды суреттесеңіз де, одан ол осы қазір жан бітіп түрегеп кететіндей хал білінуге тиіс. Эмиль Золяның «Шабыт» романында импрессионист суретші-кейіпкер, денесі әлдеқашан суып қалған баласын жер қойнына бермей, суретін саламын деп неше күн ұстап әлектенуінің сыры да осында. Осының бәрі баяндап айтудан емес, суреттеп жазудан көрінеді.
Тақырып түсініктірек болу үшін талантты жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Періштелердің өлімі» атты романы мен Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың «Менің атым Қырмызы» романын салыстырайық. Орхан Памуктың романы тұтас суреттеулерден тұрады. Баяндаулар болса диалог, монолог, әңгіме түрінде береді. Ал «Періштелердің өлімінде» оқиға барысын қызықтап желдіртіп өте шығатын публицистикалық баяндаулар көп кездеседі. Тек астарлы сарказм мен ирониялық иірімдерді қалам ұшымен иректете жөнелетін қас талант романда суреттеуден гөрі, баяндаудың басым түсіп жатқанын білдірмей жіберген. Десе де Орхан Памукта мұндай ирония мен сарказмның неше атасы бар. Бір эпизодында қазір ғана тыңдаушысына «Жандының суретін салуға болмайды» деп уағыз айтып тұрған аға нақышкердің, келесіде басына өрмелеп шығып алып, әлгі уағыз өтіп кеткен байғұс шәкіртпен қалай аймаласып отырғанын суреттейді.
Суреттеуі аз, баяндауы басым шығарманы сюжетін қызықтап бір рет оқуың мүмкін, бірақ оқиғасын біліп алған соң қайтып беттей алмай қаласың. Есесіне Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақ сияқты суреткер жазушылардың шығармаларын қайталап оқудан жалықпайсың. Ойланып қарасақ, бұл кісілердің шығармаларын сюжеті үшін емес, ешкімге ұқсамайтын бояуы қанық суреттеулері үшін оқиды екенбіз. Суреттеулер санадан өшіп, көңілден көшіп кеткен дүниеге қайта жан бітіргендей әсерлі болады. Жазу деген өнер, өнер деген сурет, ал сурет пен суреттеу тоқтап көруге, тұшынып оқуға арналған. Көркем шығарманың құдіреті де сол, ол күнделікті қым-қуыт тірлікте көрмелерде, сахналарда, кітапханаларда уақытты тоқтататын хикметке ие. Эмиль Золяның импрессионист суретші кейіпкерлері қоршаған ортадағы өмір шындығын қозғалыста, өзгерісте, құбылыста көрсетемін десе, Орхан Памуктың нақышкерлері «тоқтаған уақытты» «сөйлейтін» таңбаға айналдырамыз дейді. Өнерде қай заманда қандай ағым үстемдік құрса да, негізгі миссиясы «жан бітіру». Нобель сыйлығын алып жатқан шығармаларға да талап осылай қойылса керек.
Сол өлшемге салсақ, басты нысан саналатын адамның санасындағы құбылыстарды суреттеуде шек жоқ екен.
Ал мына қан базар дүниеде бәрімізге тән жанбағыс тіршіліктің шын мәніндегі суреткерлік өнерге көп қатысы бола қоймас. Шедевр тудыру үшін шығармаға қойылатын көркемдік шарттардың бәрі сақталуы керек. Қазақ әдебиетінде шедевр тудыратын мықты жазушылар жоқ емес. Бірақ олар өздері туралы түрлі мифтер тудырып, айналасын аңыздармен қоршап алған. Енді бір қарасаң сол мифтердің қоршауында қолпайып, өзін қолайыз сезініп отырғанын көресің. Өйткені мүмкіндігі бар, бірақ шедевр тудырған жоқ. Шедевр тудыру үшін жазуды күн демей, түн демей тас қашағандай жазу керек. Әйтпесе соцреализм тұсындағыдай стандартты шығармалар жазуды жалғастыра береміз.
Менің бір әдетім, өзім жақсы көріп оқыған авторлар мен шығармалар болмаса, сынап әуре болмаймын. Әттең-ай, шедевр тудыруға мүмкіндігі бар еді, мынау сол шедевр туындының бастапқы нобайы сияқты, қайта толықтырып шыңдай түсуге уақыты болмады ма, күші жетпеді ме деп, автор үшін өкінгендей боламын. Әлде оның осылай жұмыс істеуіне біз жағдай жасай алмадық па, айналасын қоршаған миф қамалын өзі қайтып шыға алмастай етіп жамап-жасқап биіктете түстік пе, ол басқа әңгіме. Әйтеуір қазіргі кездегі мықты жазушыларымыздың мақтаулы шығармаларын «Менің атым – Қырмызы», «Қызыл гауляң», «Жоғалтып алма сен мені…» деген сияқты романдармен салыстыра оқығанда, ішім ашиды да отырады. «Жоқ – деймін іштей – қазақ әдебиетінде әлем мойындайтындай бір шедевр туынды бәрібір жазылуы керек!»
* * *
«Таласбек Әсемқұлов «Талтүс» романын неге асығыс жазды екен?» деген бір ой да мазамды алып болмады. Бастан-аяқ құшырым қанып оқыдым да, осы шығарманы неге әлем әдебиетіне алып шыға алмаймыз деген ойға кеттім. Романның біраз бөлігін қазақтың күй өнеріне қатысты аңыздар мен шежірелер алып жатыр. Бұл жағынан көркем сөзбен жазылған күй өнері мен күйшілердің өмірі туралы кішігірім энциклопедиялық еңбек деуге де болады. Бір жағынан Стефан Цвейктің, Андре Моруаның, Иван Буниннің ғұмырбаяндық романдарын ойлайсың. Айырмашылығы Чарлз Диккенс, Оноре де Бальзак, Лев Толстой сияқты данышпан тұлғалар емес, Таласбек романына өзінің әулеттік өмірбаянын арқау етіп алған. Әрине ол бір романға жүк болмай тұр. Сондықтан да жазушы күй туралы аңыздар мен әңгімелерді тарқата айтады. Өмір-тағдыр бір тарау болса, күй тарихы екінші тарау болып кетеді. Шетелде таза көркем шығарма деп қабылдамауы мүмкін. Орхан Памуктың романында да шығыстың небір ғажап қиссалары бар ғой дерсіз. Ол қиссалар белгілі бір идеяларға бағындырылған. Ал Таласбектің романындағы аңыздар өз ішімізге ғана түсінікті. Әлемдік музыка тарихымен астасатындай диапазон, масштабты беру көзделмеген, бәлкім оған жазушының уақыты да болмаған шығар. Екінші жағынан Орхан Памуктың өнермен айналысу азапқа айналған он алтыншы ғасырдағы нақышкерлерді кейіпкер еткені сияқты, Таласбек те жиырмасыншы ғасырдың басында өз өнерлерін көрсете алмай күйінішті хал кешкен күйшілердің тағдырын жазыпты. Отыз жетінші жылы итжеккенге айдалған күйші домбырасы шағылып, айдаудағы шаршы топтың алдында әуенін келтіріп аузымен күй тартады. Жазушы оны жұлын-жүйкеңнен қыл суырғандай етіп, төбе құйқаңды шымырлатып отырып суреттейді. Оған күйлер мен күйшілер туралы ел аузында бар аңыздар қосылғанда, шығарма мазмұны магиялық сюжеттермен барынша байи түседі. Романдағы осындай аңыздық желілерді оқығанда, өзіңді сиқырлы бір әлемнің ішіне енгендей, бірінен бірі туындаған оқиғаларға тартыла түсесің. Текті туындылар қоғамға идея өткізуімен, құндылықтардың кілтін жасыруымен, дүниетанымдық ұстанымдарға ықпал етуімен ерекшеленеді. Дәл осындай мақсаттар Орхан Памукта да, Таласбек Әсемқұловта да бар. Алайда Таласбектің сюжеті әлемдік мәдениеттер қақтығысының ойынынан тыс қалған. Мұны Таласбек білмейді емес, бізден жақсы біледі. Орхан Памуктікі мәдениеттер қақтығысы ойынының ішіндегі шығарма. Сонымен бірге оның бұл ойында ешкімге ұқсамайтын өз ұстанымы бар. Ең бастысы қоғам жазушының ойын ұйымдастыру тәсілдерімен санасады, біреу қарсы шығады, біреу пайдаланады. «Сайтанның ойыны» деп біз жақтырмасақ та, бүкіл әлем сол ойын ережесімен жүреді. Оларға Сабыт ақсақалдың Әжігерейге күй үйрету хикаясы экзотика ғана. Ал біз үшін ұлттық кодты күйден іздеген ұлағатты дүние. Бары осы!
* * *
Тынымбай ағамыз кейіпкерлерінің бәрін өлтіріп тынды. Енді үнді киноларындағыдай көзіміздің сорасы ағып жылауымызды күтеді. Себебі роман жеке-жеке үш хикаяттан тұрса, мына бірінші хикаят осымен аяқталып қойған. Жазушы оны өзі де түсініп, салмақты «Періштелердің өлімі» деген романның атауына салыпты. Әдебиет теориясының ережесімен қарасақ, тақырып бәрін айтып қойып тұр. Өлген немесе өлетін періштелер деп, алдын-ала оқырманның аяныш сезімін тудырғысы келеді. Тағы бір қызығы, жазушы осының бәрін өзі біліп істеп отыр. Мұның атын бәлкім карнавал дейтін шығар. Иә, әдебиетте де карнавалдық стиль деген бар. Бірақ Тынымбай ағамды кісі-ау деп жатқан батыс жоқ. Себебі оларға айдаланы жайлаған ауыл ішіндегі аңыздық тақырыптар керек емес. Жалғыз Тынымбай аға ғана деймісіз, бәріміздің дертіміз осы. Бұл Нобель сыйлығын бір алса, Тынымбай ағамыз алады дегендегі хал.
Кейіпкерлері өліп қалды дегеннен шығады, қазір прозашыларымыз шығарманы соқырға таяқ ұстатқандай етіп аяқтайды. Бүкіл әлем аяқталмаған шығармаларды оқиды. Ал бізге өзіміз ойланып бас ауыртпас үшін, аяқталған шығарма керек. Тынымбай ағамыздың періште кейіпкерлері романның атауында-ақ өліп қалған, шығарманың барысында да өліп болған, енді оларды соңында физикалық тұрғыдан жоқ қыла салу ғана қалып тұр.
Жалпы, шығарманың аяғын «Менің айтайын дегенім осы» деп қорытындылау қайдан келген? Жазушылар неге оқырманға ойланатын бір кеңістік қалдырмайды? Айтайын деген ойымды оқырман теріс түсініп қалмасын деп қауіптену қайдан шыққан? Оның жауабын кешегі кеңестік тоталитарлық жүйеден табамыз. Ол заманда ойыңды бұрмалап, итжеккенге айдатып жіберу түкке де тұрмайтын еді. Сол себептен де жазушы шығарманың соңында бәрін өзі ашып айтып кететін.
Тынымбай ағамыз да, меніңше, мұны өзі де түсініп отыр. Осылай кітап оқып қалыптасып қалған бізге де сарказммен қарап, қалың оқырманды карнавалға қарық қылды. Бірақ оған біз алдансақ та, шетелдік сарапшы оқырман алдана қояр ма екен?
Осы күні «Қазақ жазушыларынан кім Нобель сыйлығын алады?» десе, бәріміз елең ете қаламыз. Ерінбегендер «Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Тынымбай Нұрмағамбетов» деп тізім түзе бастайды. Әлеуметтік желіден Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Молдахмет Қаназдың аттары аталғанын да көріп қалдым. Сайын Мұратбековтер өмірде жоқ, арамызда жүрген Кәдірбек Сегізбайұлы сияқты ағаларымызды қазақы болмыстағы жазушылар деп есептейді. Көзі тірісінде жоғарыдағы тізімге Несіпбек Дәутайұлы, Мархабат Байғұт, Жұмабай Шаштайұлын да қосатын еді. Француз жазушыларындай әдебиеттегі мәдениеттің үлгісіне айналған Серік Асылбекұлы, «Қазақтың Хемингуэйі» атанған Қуандық Түменбайды айтпағанда, Арал тағдыры туралы жанкешті шығарма жазған Сайлаубай Жұбатырұлы да бар. Қазір алдыңғы буын қазақ прозашыларының қатары қатты сиреп кетті. Бір қызығы, бұл арада ақындарымыздың аттары неге аталмайтыны мүлдем түсініксіз. Қайткенде де біздің қоғамда «Кім Нобель сыйлығын алады?» деген сұрақтың басы ашық тұр. Бірақ әлгіндей критерийлер тұрғысынан қарасаңыз, талаптың тым қатаң екенін байқайсыз. Егер шын көксесек, Нобель сыйлығын қалпақпен қағып аламыз деп емес, осы бағытта автор, әдеби орта және қоғам болып қажырлы жұмыс істеуге тура келеді.