Бірлік пен келісімді құндылық көретін елдің егемендігі мығым. Бүгінде қазақтың топырағында өсіп-өнген этнос өкілдері тәуелсіздік татулықтың тұтқасы екенін жақсы түсінеді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, жақында халық арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама да осыны көрсетіп берді. Мәселен, сол сауалнамаға қатысқандардың дені өз елін азаматтық бірегейлік негізінде біртұтас ұлт ретінде қабылдайтынын айтқан. Ал оларды біртұтас ел ретінде Қазақстанның төлқұжаты, ата-бабалардың ортақ тарихы, ортақ тіл, патриотизм, ортақ құндылықтар мен нормалар секілді негізгі күш біріктіреді екен.
Расында, елдегі түрлі этнос өкілдерінің басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс істеп отыр. Олардың тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына қосып отырған үлесі көп. Татулықты ту етіп, бірлігімізді бекемдеп қана қоймай, мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып жатыр. Ассамблея мүшелерінің елдегі кез келген саяси оқиғалар мен жағдайларға азаматтық көзқарасын білдіріп, қоғамдық келісімді көздің қарашығындай қорғауға үндеп жатқанының куәсі болып жүрміз.
Солардың бірі – Ассамблея мүшесі, Астана халықаралық университетінің доценті Владимир Шнайдер. Оның ата-анасы сонау зобалаң жылдары елімізге депортацияланған. Қазір ол қазақ тілінің жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты ретінде келешек ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялатуға бар күшін сарп етіп жатыр. Өзінің айтуынша, қазақ халқының бай мәдениетін, тарихын білу – басты міндет. Бұл орайда жастарды жыраулар поэзиясынан бастап көркем әдебиетті оқуға баулу керек. Әсіресе қазақ классиктерінің көз майын тамызып жазған шығармаларын оқыған ұрпақтың бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік артып, мақтаныш сезімі оянады.
Владимир Александровичтің мамандығы қазақ тілімен байланысты. Сондықтан болса керек, қазақ тілінің өркендеуі үшін пайдалы іс қылып, үлес қосудан асқан арманы жоқ екенін айтып, ақтарылғаны да бар.
«Қазақ – ғасырлар қойнауынан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды арман еткен халық. Ал қазақ жері – Отаным деп қадірлей білетін, сан алуан этнос өкілдеріне жерұйыққа айналған құтты мекен. Бүгін де кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған ата-баба арманы орындалып, Қазақстан мызғымас татулық пен бірліктің ортақ шаңырағына айналды. Осы орайда біз бен сіздердің міндетіміз болашаққа нық қадам бастап, бағыт алған Президент бастамаларына қолдау жасап, елімізді достық пен бірліктің, бейбітшіліктің тірегі мен ұлтаралық келісімнің бесігіне айналдыру жолында барынша еңбек етіп үлесімізді қосуға тиіспіз», дейді ол.
Владимир Шнайдер тілі басқа болғанмен – тілегі бір, әртүрлі болғанмен – рухы бір, мақсаты бір халық болудың маңыздылығын жеткізді. Бұл үшін жастарды тәрбиелеуде ұлтқа бөлінбей, ел тарихының, педагогикасының озық үлгілерін қолдана отырып, тәлім-тәрбие беру қажет. Әсіресе Отанымызды қастерлей білетін, мұраларымызды құрметтей алатын, зайырлы мемлекет ретінде қазақ жері әлем сахнасында өзіндік лайықты орынға ие болатынына сенімді жас ұрпақты тәрбиелеу ісі бір сәт тоқтамағаны абзал.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды» дейді. Шын мәнісінде, қабырғасы сөгілмейтін, іргесі бекем ел болу үшін болашаққа сенімді ұрпақ тәрбиелеу қажет. Нәтижесінде, нағыз патриот, бекем рухты, отаншыл, жаңа Қазақстанның нағыз азаматы болатын қазақстандықтар буыны қалыптасады. Сонда ғана тәуелсіздігіміз мәңгілік, болашағымыз жарқын да, баянды болмақ. Бүгінгі қоғам бірлік, тұрақтылық, даму тәрізді сөздердің ең маңызды мемлекет құраушы қағида екенін түсіне білу керек», дейді ол.
Мемлекет тұрақтылығының тағы бір көрсеткіші – ортақ қарым-қатынас құралы, яғни тілі болуы. Осылай деген Владимир Александрович қазақ тілінің іс жүзінде қоғам өмірінің кез келген саласында, елдегі этностар арасында еркін қолданылуын қамтамасыз ету, қазақ тілі арқылы қазақ тарихын, мәдениетін, көнеден келе жатқан сарқылмас қазынасына айналған әдебиетін оқып-білу аса маңызды екенін айтты.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, Астанадағы қарақалпақ этномәдени орталығының төрайымы Тазабике Cалиеваның Қазақстанға көшіп келгеніне 24 жыл болған. Содан бері ол да жергілікті халықтың көңілі даласы сияқты дарқан екенін сезініп, құшaғы кең елде 130-дaн aca этнос өкілдерінің aуызбіршілікте өмір cүріп жaтуының құпиясы бірлікте екенін түсінгенін айтады.
Ол отбасымен Қазақстанға 2000 жылы қоныс аударған. Сол жылы Астанада Күләш Бәйcейітовa aтындaғы оперa және бaлет теaтры ашылып, жолдacы өнер ордасына жұмыcқa шaқырылған. Содан бері талай жерде еңбек етіп, музыка мектебінде сабақ берген. «Жaйхун» қaрaқaлпaқ этномәдени ортaлығын ашып, тілі, ділі мен дәстүрі, өмір сүру қағидаттары да бір-біріне өте ұқcac әрі жaқын қaзaқ пен қaрaқaлпaқ хaлықтaрының туыстығын арттыруға үлес қосып келеді екен. Қазақ дизайн академиясының академигі ретінде ол екі халықтың төл мәдениетін әлемге танытуға білек сыбана кіріскен.
«Этносаралық келісімнің ауқымы кең. Қазақ халқы мен түрлі этностың татулығы мен бірлігі, өмірі мен тіршілігі үшін істеліп жатқан шаруа көп. Олай болса, мемлекеттің халық үшін атқарып отырған жұмысын біз де бағалай білгеніміз абзал. Барлығымыздың ойымыз бір жерден болып, тілегіміз бір жерден шықса, еліміздің егемендігін ешкім ала алмайды», дейді Т.Cалиева.
«Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деп түйген қазақ халқы ел болудың бірден-бір алғышартын осыдан бастауы тегін емес. Себебі тәуелсіздік тыныштық пен татулық ұялаған мекенге мәңгі тұрақтайды.