• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 11:10

Судың иесі де, киесі де болуы керек

23 рет
көрсетілді

Су мәселесі жылдан-жылға өршіп барады. 2023 жылға дейін онымен айналысқан мемлекеттік органның болмауынан су шаруашылығының жағдайы нашарлап кетті. Қолданыста болған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялардың ұзақ жыл­дардан бері қордаланып қалған түйт­кілдерді дер кезінде шешпеуі себепті ел де, жер де суға деген зәрулікті осы күнге дейін се­зініп отыр.

Қаншама ауылдың тұрғын­дары таза ауыз­су көрмей, сапасы санитарлық талаптарға сай келмейтін суды көшедегі сушүмектерден, құбыр басынан, жергілікті өзен-көлдерден тасып ішуге немесе сатып алуға мәжбүр. Бұл әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп, тіптен мемлекеттің қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетіндей деңгейге жетті.

Еліміздегі бар ауызсу қорлары мен су тазартатын құрылғылардың көбісі осыдан 50-60 жыл бұрын салынып, әбден тозығы жеткен. Яғни саны бар да, сапасы жоқ. Сондықтан болар, су құбырларында қысым жеткіліксіз, магистралдық су жүйесі реттелмеген, су сүзгісі жолға қойылмаған. Судың ластануы эпидемиологиялық жағдайды қиындатып, тұрғындар арасында ішек сүзегі, асқазан, бауырдың қабынуы сияқты әртүрлі жұқпалы ауруларға ұшырағандар да бар.

Су қоймаларының ең басты стратегиялық нысан екендігіне қарамастан, олардың көп­шілігі жекешеленіп кеткен. Оның үстіне мердігер ұйымдардың жосықсыз жұмысының кесірінен құрылыс жұмыстары сапасыз орындалып, қолданылатын материалдар жарамсыз болып, көптеген өңірдегі ауызсумен қамту жүйесінде іркіліс жиілеп кетті. Бұл келеңсіздіктер істің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу кезеңінен бастап орын алды. Арғысын былай қойғанда, еліміз тәуел­сіздік алғалы бері арнайы бағдарламалар аясында жыл сайын республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінсе де, нақты нәтижелер мардымсыз болып отыр. Сондықтан мәселе созылмалы сипат алып, бөлінген ақшаның тиімсіз жұмсалуының себебі туралы ой жұртты қатты мазалай бастады. Осы мәселелерді шешуге тікелей қатысы бар барлық деңгейдегі әкімдіктер аймақтардағы елді мекендерді толығымен орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жөніндегі өзінің міндетін толыққанды орындамай отырғанға ұқсайды. Тұрғындарға су тартып беруді ойлаудың орнына әкімдіктер мен соны іске асыратын мердігерлер нақты нәтижеге емес, шын мәнінде, тек бюджет қаражатын игеруге ғана ұмтылатындары туралы мәліметтер баспасөз бетінде жиі шығады. Оны тиімді игеріп, тұрғындарды сапалы ауыз­сумен қамтамасыз етудің орнына олардың ақшаны талан-таражға салғандығы жайлы пікір де тыйылар емес. Халық жүктелген міндеттемесін орындамаса да, олардың жазаға тартылмайтындығын түсінбей дал.

Ауылдардағы ауызсумен қамту жүйелерін пайдалану жұмыстары тиісті мамандығы жоқ адамдардың қолына тигені туралы да көп айтылып жүр. Онымен қоймай, иесіз қалған ауызсумен қамту желілері жығылғанға жұдырық болып отыр. Міне, осыдан барып апаттық жағдай жиілеп, құбырдағы судың сапасы нормаларға сәйкес келмейді. Су қой­маларының санитарлық жағдайына көңіл бөліп,  олардың жағалауларының қоқыстануына жол бермейтіндей тәртіп орнатып, мердігер ұйымдардың жұмысын бақылауда әкімдіктер дәрменсіздік танытып отыр.

Әрине, атқарылған жұмыс пен нәтижені теріске шығаруға болмайды. Алайда сол жетістіктердің бәрін үнемі туындап отырған проблемалар, жоспарлардың дер кезінде және сапалы орындалмауы жуып-шайы­п кетіп жатады. Шенеуніктердің тұрғындарды сумен жабдықтағаны туралы есептері мен мәліметтері көлемінің жылдан-жылға «артуы» биліктің атына кір келтіріп, оның беделін түсіруге әкеліп соғып отыр. Су құбыры немесе су тарту стансасын іске қосу рәсімін өткізіп, жалған есеп беріп, тек ка­мера мен фотоаппараттың жарқылы үшін жұмыс істеу, өкінішке қарай, жаппай жауап­сыздық тудырып, құрғақ уәде мен бос сөзге әуестенуді әдетке айналдырады. Жауапты адамдардың өз қызметін адал атқармай, оған салғырт қарағандығынан күрделі әлеуметтік шиеленістің туу ықтималдығы артып келеді. Сондықтан егер тұрғындар жергілікті биліктен біржолата күдер үзіп кетпесін десек, халықтың әлеуметтік көңіл күйіне кері әсер ететін ауызсу проблемасын біржақты етіп шешу керек. Ол үшін барлық жағдай бар. Аталған мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұстанымы айқын. Тиісті тапсырмалар беріліп, мәселені ушықтырмай, дереу шешу туралы да ескертілді. Қаржы да бөлінеді. Ендеше, былтырғы су тасқынының себеп-салдарларынан сабақ ала отырып, еліміздегі су ресурс­тарын дамыту жөніндегі Ислам даму банкімен арадағы бірлескен жобаны іске асыру барысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартатын ірі жобалардың сапалы іске асырылуының маңыздылығына ерекше мән берген жөн.