• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 08:45

Үнемі шаршау синдромы: Себебі, салдары, алдын алу жолдары

38 рет
көрсетілді

Бел қайыстырған тұр­мыстың талай тауқы­меті техникаға артылып, жұрт­­тың өзіне бөлетін уақыты көбейгенімен, жа­сы­на қарамай, қанша ұйық­­таса да ұйқысы қан­бай­­­тын, әбден демалса да діңкелеп жүретіндер кө­бей­ді. Тіпті созылмалы әлсіз­дік балалар арасын­да да жиі кездесетіні бай­қа­лады. Әлбетте, бұл мәсе­ле­ге әр­кімнің өз көз­қа­р­асы бар десек те, бітпейтін бір шар­шаудың кілтипаны қай­да, одан қалай құтылуға болады?

Өз мамандарымыздың пікір, кеңесіне көз жүгіртпес бұрын, мына дерекке тоқтала кетелік. Мәселен, Корнелл уни­вер­ситетінің мамандары адамдардың үнемі шаршап жүруіне вирустар әсер етуі мүмкін деген пайымға келген. Егер осынау болжам да негізсіз емес десек, ковид кезіндегі науқастардың ахуалын еске түсіріп көріңіз... Сол сияқты ғалымдар созылмалы шаршау белгісі үлкен кінәрат, кесел екендігіне назар аударады. Өйткені үнемі діңкелеп жүретін адам кейде күнделікті жұмысын да жарытып атқара алмайды. Шаршаңқылық әбден демалдым десеңіз де кетпеуі мүмкін. Әлсіздік сезімі кейде тіпті айларға, жылдарға созылатын жағдайлар бар. Шаршаңқылық уақыт өте келе жоғалып кеткендей көрін­генімен, бұл белгі қайта оралады. Зерттеушілердің пікірінше, адамдардың жиі шаршауына энтеровирустар әсер етуі мүмкін. Әсіресе Эпштейн-Барр сияқты герпес түрлері тез шаршауға әкеледі. Сондай-ақ қалқанша без гормонының азаюы да үнемі шаршаңқылыққа душар етеді.

Қарап отырсақ, осы ахуалдан құтылу жолында адам баласы әлімсақтан түрлі әдіс-айлаға да барған екен. Ықылым замандарда ел күш-қуатын қалпына кел­тіру мақсатында тамақтарға түрлі емдік дәмдеуіштер, дәрумен шөптер, ет шырыны қосылған шарап, бұқаның қанынан алынған ұнтақ, кофе, сергектік сыйлайтын әтір пайдаланғаны белгілі. Тіпті таза ішкиімнің өзі адамға күш беретінін байқаған.

Француз тарихшысы, әлеуметтанушы әрі медицина жөніндегі маман, гигие­на тарихын індете зерттеген Жорж Вигарелло «Орта ғасырлардан бүгінгі күнімізге дейінгі шаршаңқылық тарихы» атты толайым кітап жазып шыққан. Қысқасы, тарихта мұндай зерттеулер жеткілікті ­десек те болады.

Сонымен бүгінгі таңдағы созылмалы шаршау дегеніміз не? Жаяу жүруді ұмытқан, белі қайысып еңбек етпей­тін адамдардың бойындағы бітпейтін әлсіздік қайдан пайда болып жатыр? Осыған қатысты Ұлттық госпитальдің саламатты өмір салтын ұстану жөніндегі маманы, дәрігер Флюра Смайылова: «Қазіргі таңда пациенттердің көпшілігі «созылмалы шаршаңқылық» жөнінде жиі шағымданатын болды. Бірқатарының біраз демалған соң, жағдайы әжептәуір жақсарады, дәрігерлерге қайта жүгінбейді. Созылмалы шаршау синдромы (CFS) алдымен әлсіздік түрінде пайда болуы мүмкін. Мұндай күйде кемі алты айдан соң адамның өмір сүру салты бұзылады. Кейде себептері түсініксіз болып келеді», дейді.

Айтқандай, «созылмалы шаршау синдромы» терминін алғаш рет 1988 жылы АҚШ-тың Атланта қаласын­дағы ауруларды бақылау орталықтары (CDC) қолдана бастаған. Оған дейін бұл ахуал түрлі атаулармен сипатталған. Жалпы «Созылмалы шаршау синдромы» диагнозында әлсіздік, көңіл күйдің нашар­лауы, созылмалы бруцеллез бен нейроциркуляциялық дистония сияқты белгілер байқалады. CFS ерекшелігі – бұл жағдайдың инфекциялық, гормондық, иммунологиялық яки психологиялық себептері түпкілікті анықталмаған. CFS дертінің дамуына Эпштейн-Барр вирусы да, Лайм ауруы да, кандидоз да, ­цитомегаловирус да түрткі емес екендігі дәлелденген.

– Зерттеушілердің басым бөлігі син­дромның этиологиясын көп факторлы деп есептейді. Оның ішінде генетикалық бейімділік, микробтардың әсері, токсиндер, басқа физикалық әсерлер мен жан жарасы да бар. Дегенмен, созылмалы шаршау синдромының үлкен қалалардың тұрғындарына тән екендігіне де мән берген жөн. Қалалықтар қадам басқан сайын жүйкесін тоздыратын көлік кептелістері, шулы дыбыстар, жарқ-жұрқ еткен жарнамалармен бетпе-бет келеді, лас ауамен тыныс алады. Мұндай жағдайлар адамды діңкелетіп, күйзеліске, ашу-ыза салдарынан созылмалы шаршау синдромына душар етіп жатыр. Бұл кесел көбінесе 30-40 жаста белең ала бастайды. Осы дертке әйелдер ерлерге қарағанда екі есе жиі шалдығады, – дейді Ф.Смайылова.

Енді мына қызықты қараңыз, ресми дереккөздері дәрігерлердің де 15%-ы күйзеліске тап болатынын, 16%-ы суи­цидке баратынын, 27%-ының емде­лушілермен әредік жанжалдасып қала­тынын анықтаған. Кіші медицина қыз­меткерлерінің 44%-ы жиі күйзеліспен алысса, 64%-ы ешқандай көмекке жүгін­бей үнсіз қалады екен.

Осы тақырыпты зерттеп жүрген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің резиденті Лағыл Байтұрған созылмалы шаршау кеселін жиі қайталанатын бас ­ауруы, бұлшық, буын еттің сырқырауы, иммундық жүйенің нашарлауы, жиі суық тию мен ұйқышылдық белгілері арқылы анықтауға болатынын айтады. Бұл белгілер физикалық немесе психикалық ауырпалықтардан да туындамайды. Тіпті дұрыс, әбден демалдым деген күннің өзінде де кетпейді. Түнімен ұйықтап, күндіз әбден тынығып алғаннан кейін де күш-қуаттың болмауы, жағымсыз көңіл күй, ауыр жұмыстан кейін де түнде тез көз шырымын ілмеу, таңертең қиналып ояну, сағат қоңырауына тұра алмау, мойын мен қолтық астындағы лимфа түйіндерінің қабынуы, ұлғаюы, кез келген тітіркендіргіштерге аллергиялық реакция беру – осы диагнозды қоюға жетелейді.

Созылмалы шаршаудан қалай ары­луға болады?

– Созылмалы шаршау синдромын емдеу қорғаныс режімін сақтаудан, психоэмоционалды күйзелісті азайтып, ұйқыны қалпына келтіруден басталады. Ұзақ уақыт шипажайда демалу, қалпына келтіру процедуралары, массаж, жүзу немесе жеңіл гимнастика ұсынылады. Жүктемені бірте-бірте арттыратын емдік жаттығулар шаршауды азайтуға көмектеседі. Мазасыздану, торығуды азайтады, әлеуметтік ортаға бейімделуді жақсартады. Тағы бір тиімді емдеу әдісі – психотерапия. Ол адамның күйзеліске төзімділігін шыңдауға, нақты жағдайды, шындықты қабылдауға, эмоционалдық реакцияларды түзетуге бағытталған, – дейді Ф.Смайылова.

Шаршаңқылық белгілері ұзақ уақыт кетпесе, созылып жүріп алса, онда дәрі­гер симптомдарды жеңілдетуге сеп бола­тын қосымша препараттар тағайын­дайды. Науқасқа антидепрессанттар, мазасыздықты жоятын транквилизаторлар, ұйқыны дұрыстайтын, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер қабылдауға тура келеді. «Созылмалы шаршаңқылықтың алдын алуға бола ма?», деген сауалға мамандар төмендегідей ­жауап берді.

– Қазірде бұл кеселмен ойнауға болмайды. Саламатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, ұйқы режімін сақтау, жатын бөлмеде қажетті жағдай туғызу, яғни бөлменің қараңғы, тыныш, температура мен ылғалдылығы қалыпты болуы керек. Шамадан тыс психоэмоционалды, физикалық күйзеліске жол бермеу, кофеин мен энергетикалық сусындарды тұтынудан аулақ болу, өзіңіз жақсы көретін тұрақты іс-әрекеттер, әуес істер, серуендеу, жақсы, жағымды ойлардың да маңызы ерекше, – дейді Лағыл Байтұрған. – Созылмалы шаршау белгісі пайда болған жағдайда ішімдікті, темекі шегуді дереу доғару қажет. Бұлар күйзеліс пен басқа түскен қиындықтарды жеңуге көмектеспейді, керісінше шаршау сезімін одан әрі күшейте түседі. Ең бастысы, ауыр жағдайға душар болмай тұрғанда, бастапқы кезеңінде қолға алыңыз. Егер еңсеңіз бір көтерілмей, діңкелеткен жағдай ұзаққа созылса дәрігермен кеңе­сіп, тексеруден өту керек.

Адам себепсізден себепсіз шаршамайды. Медицина қанша жерден қарыштап дамыса да, адам ағзасы еш­қашан түгел зерттеліп бітпеген әлем болғандықтан, оның күш-қуатын қандай дерт кеміріп тұрғанын дәл анықтау маңызды. Мәселен, мамандар «жоғары шаршаңқылық» терминін де қолданады. Мұндай қалыптан тыс әлсіздік пен қатты шаршаудың жасырын түрдегі қалқанша безі гормондарының жетіспеушілігінен пайда болуы ғажап емес. Оған қоса жүйке жолдарында кінәрат пайда болғанда, қан аздық кезінде, гемопоэтикалық жүйе мен қан-тамырлары аурулары, өкпе, бауыр кеселдері пайда болған жағдайда да діңкелеу, бас айналу байқалады.

Коронавирус кеселі бүкіл әлемді тырп еткізбей, уысында ұстағанына да төрт жыл өтті. Алайда айналамыздағылардан «ковидтен кейін аурушаң, ұмытшақ болып қалдым, әлім жоқ, шашым түседі, тез шаршаймын» деген шағымдарды жиі еститініміз жасырын емес. Себебі бұл ­вирус қалай, қайдан шыққанын ағзамызда қандай лаң салып кеткенін жүз па­йыз түсіндіріп беретін түпкілікті шешім болған жоқ.

Қалай десек те, күйзеліс, торығу, жан жарасына көзді жұма қарауға әсте болмайды. Мысалы, адам біреумен ұрысып-керісіп, жаны күйзелгенде қандағы адреналин шамадан тыс артып, тамыр бүлкілі 140-150-ге дейін артатыны дәлелденген. Бұл дегеніңіз 5 минутта 1 шақырым­ға жүгіріп барып келгенмен бірдей. Енде­ше, артық сөз, ашу-ызаның көзінен аулақ жүріп, уайым-қайғыға берілмеу, сынақ­тарға жеңілмеудің қандай маңызды екенін түйсіне беріңіз. Сөз соңында айтарымыз, шын мәнінде жасыңызға жетпей шаршап жүрсіз бе, әлде жалқаулық емес, кеселдің өзі айналшықтап жүр ме, соның анығын білгіңіз келсе, мамандарға жүгініңіз.

 

АЛМАТЫ