Су жаңа жылдың тұңғыш әрі бірегей жаңалығы – «Келешек» жобасының іске қосылуы. Мұны Мемлекет басшысының өзі «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңға қол қойып, растады. Жүйеге 5-18 жас аралығындағы балалар қатысады.
Бұл өзі не жүйе? Тәртібі қандай? Қысқа-нұсқа таныстырайық.
Әуелі мемлекеттен бастапқы білім беру капиталы (ББК) ретінде 235 920 (60 АЕК) теңге біржолғы төлем түседі. Әлеуметтік осал топ балаларына 471 840 теңге есептеледі. Бірақ шот бала 5 жаста кезінде (6 жасқа толып кетпей тұрып) ашылуы керек. Сонымен қатар қолданыстағы білім беру жинақтаушы сақтандыру шартының болуы да ескеріледі. Бала 18 жасқа толған соң жинақ жүйесіндегі сақтандыру компаниясынан жинақталған қаражат пен Ұлттық қорда жинақталған барлық жинақты біріктіріп, таңдаған жоғары оқу орнының оқу ақысын төлей алады.
Жүйеге қатысу үшін екінші деңгейлі банк пен сақтандыру компаниясына барып, білім беру жинақтаушы сақтандыру шартын жасасу қажет. Бұл ретте ата-ана жинағынан бөлек, мемлекеттен жыл сайынғы сыйақы және сақтандыру ұйымынан кепілдендірілген инвестициялық кіріс есептеледі. Шарт жасасу үшін ата-ананың жеке басын куәландыратын құжат және баланың туу туралы куәлігі ұсынылады. Ескеретін жайт – мақаланың басында айтылған мемлекеттік бастапқы білім беру капиталы тек ақша салынып отырған және 2025 жылы 5 жасқа толған балалардың есепшотына түседі. Ал есепшотқа жыл сайын ата-ана тарапынан ең кемі 94 368 теңге (24 АЕК) түсуге тиіс. Егер жыл сайын толтырылмаса, мемлекет қаржыны қайтарып алады. Сондай-ақ бала азаматтығын ауыстырса немесе басқа елге қоныс аударса да қаражат кері қайтарылады.
Жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы мөлшерлемесі – 5%. Халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары үшін – 7%. Жүйенің негізгі мақсаты – әртүрлі көзден (ата-ана, сақтандыру компаниясы, мемлекет) түсетін қаражатты бірыңғай жинақтаушы жүйесіне жинақтау және әр бала жоғары оқу орнына түсу жасына қарай жоғары білім алуды қолжетімді ету.
«Келешек» салымдары бойынша екінші деңгейлі банктер 11%-дан төмен емес мөлшерлемемен сыйақы беруге тиіс. Егер бала грантқа оқуға түссе онда жиналған қаржыны екінші жоғары білім алу; баспана сатып алу немесе жөндеу; қаржыны ҚР үшінші тұлғасына аудару; жинақтауды жалғастыру; ақшаны шешіп алу (білімі туралы құжатты ұсына отырып) мақсатында жаратуға құқылы.
Бағдарлама 2025 жылдың 1 наурызында іске қосылады.