7 ақпан күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада еліміздегі алғашқы кітапханалық нейро-ассистент – DosAI таныстырылды. Инновациялық жобаның тұсаукесеріне аудан және қала кітапханашылары, IT мамандары, студенттер мен жаңашылдыққа жаны құмар оқырмандар қатысты.
DosAI – пайдаланушыларға кітапханалық қызметті жаңа деңгейде ұсынатын цифрлық көмекші. Ол кітапхана оқырмандарына ақпараттық қолдау көрсетіп, қажетті әдебиеттерді таңдауға көмектеседі, кітапхана ресурстары туралы жылдам әрі нақты мәлімет береді.
Іс-шарада жоба әзірлеушісі кітапхананың белсенді волонтері әрі тәжірибеден өтуші, Өскемен экономика және техника колледжінің студенті Денис Кушнарев жиналған қауымды нейро-ассистенттің жұмысымен толық таныстырды.
Қатысушылар DosAI-дың мүмкіндіктерін өздері байқап көріп, кітапхана кеңесшілерінің көмегімен тестілеуден өткізді. Нейро-ассистенттің тиімділігі мен қолайлылығына көз жеткізген қонақтар жаңа технологияның кітапхана қызметін заманауи әрі қолжетімді етудегі маңызын ерекше атап өтті.
DosAI – кітапхана оқырмандарының сенімді көмекшісі7 Цифрлық ассистент А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың негізгі сайтына (www.pushkinlibrary.kz) біріктірілген. DosAI кітапханаға келушілерге:
Кітапхана жұмысының тәртібі жайлы ақпарат береді. Оқырман билетін алу жолдарын түсіндіреді. Өтетін іс-шаралар мен көрмелер туралы хабарлайды. Үйірмелер мен клубтардың қызметі жайлы ақпарат береді. Өлкетану бағытындағы материалдарды іздеуге көмектеседі. Оқырман талғамын саралап, кітап таңдауға жәрдемдесу сияқты көптеген қызмет түрлерін ұсынады.А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры Назым Ерназарқызы жаңа жүйенің мүмкіндіктеріне ерекше тоқталды.
«Кітапхананың нейро-ассистенті оқырмандарымыз үшін таптырмас көмекші болмақ. Бұл – пайдаланушылармен өзара байланысты барынша ыңғайлы әрі тиімді етіп, кітапхана ресурстарына қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік беретін инновациялық құрал. DosAI электрондық каталогтар мен ақпараттық ресурстарды ілгерілетуде маңызды рөл атқарады», деді Назым Ерназарқызы.
DosAI – Қазақстандағы кітапханалық қызметті цифрландырудағы маңызды қадам. Бұл жүйе оқырмандардың іздеген ақпаратын оңай әрі жылдам табуына көмектесіп, кітапхананың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануға жағдай жасайды.