Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және экономикаға инвестициялар тарту туралы тапсырмасы бойынша Үкімет қаржылық даму институттары арқылы ШОБ өңдеу өнеркәсібі және ірі бизнес саласындағы инвестициялық жобаларды қолдаудың ауқымды науқанын бастайды, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін және құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, жүк тасымалдау, ШОБ дамыту үшін экоорта қалыптастыратын инфрақұрылымдық және кластерлік жобалар бар.
«2025 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемін одан әрі 10 трлн теңгеге дейін арттыра отырып, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға 8 трлн теңге бағыттайды», делінген хабарламада.
Ауқымды қаржыландыру шеңберінде бизнесті, экспорттық мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылады, қаржыландыру және әлеуметтік бастамалар құралдары кеңейтіледі. Олардың ішінде, ШОБ пен ірі бизнесті қолдау үшін екі кепілдік қоры құрылады.
«ШОБ-ты қолдау үшін 2025 жылы «Даму» кепілдік қоры құрылады. Бұл үшін «Даму» функциялары жаңа міндеттермен толықтырылады, кепілдік беру құралы бойынша өнім желісі кеңейтіледі, ұсынылатын кепілдіктердің мөлшері ұлғайтылады, кепілдендіруге жататын экономика секторларының (ЭҚЖЖ) тізбесі кеңейтіледі. Жаңа өнімдерге кепілдіктерді қайтарымсыздық және шартсыздық қағидаттары бойынша шығару жоспарлануда. Кепілдік қорын құру мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені қосымша қаржыландыру көздерінен қаражат тарту есебінен азайтады, бизнес субъектілерін кепілдік беру түріндегі қолдау шарасымен қамтуды ұлғайтады және банктердің өтімділігін экономикалық айналымға тиімді тартуға мүмкіндік береді. Кепілдік қорын іске қосу 2028 жылға қарай кепілдіктер портфелін 1 трлн теңгеге дейін арттыруға (2023 жылмен салыстырғанда +148%) және жыл сайын 50 мыңнан астам жобаны қолдауға мүмкіндік береді (2023 жылы кепілдік беру құралы арқылы 8 212 жобаға қолдау көрсетілді)», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар 2025 жылы «Даму» қоры 1,7 трлн теңгені құрайтын ШОБ-тың кемінде 30 мың жобасына қолдау көрсетеді. Бәйтеректің ірі бизнеске арналған кепілдік қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз етудің жеткілікті болуы мәселесін шешеді. Жобаны қаржыландыру кезінде екінші деңгейлі банктердің және/немесе ҚДБ-ның несиесі жоба құнының 80%-ын құрауы мүмкін. Кепілдік беру кепілмен қамтамасыз етудің жеткілікті болуы мәселелерін шеше отырып, жоба құнының 30%-на дейінгі сомаға берілетін болады. Бәйтеректің қаржыландыру сомасы 7,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2025 жылға 3,7 трлн теңге қарастырылған. Холдингтің кепілдігі 2,2 трлн теңгеге немесе 30%-ға дейін жетуі мүмкін, оның ішінде 1,1 трлн теңгеге дейінгі кепілдік 2025 жылға қарастырылған. Бұл ретте 50% – болашақ бизнес-серіктестің кепілдігі. Бәйтерек жобаның капиталына кіре алады, содан кейін кәсіпкердің жеке қатысу мөлшері 20%-дан төмен болуы мүмкін. Осылайша, ірі жобаларда кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі мәселесі шешілуде. Ірі бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін құны 7 млрд теңгеден басталатын жобалар бойынша кепілдіктер берілетін болады. Екінші деңгейлі банктер үшін бұл несиелендіру көлемінің ұлғаюын және кепіл көлемі жеткіліксіз болған кезде несиелендіру тәуекелдерінің төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кепілдіктер беру өңдеу өнеркәсібі секторларында жоспарланып отыр. Кепілдіктердің қайтарымсыздығы банктердің қызығушылығын арттыруға, ал бизнес субъектілері үшін кепілдіктердің ақылы болуы кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге арналған. Сонымен қатар Үкімет жекелеген салаларды дамыту мақсатында жекелеген салаларда – IT, логистика, туризм, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау салаларында «инвестицияларға тапсырыс» жариялайды. Мүдделі тұлғалар Ұлттық экономика министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаментіне, «Даму» қорына, «Бәйтерек» холдингіне жүгінуі қажет.