Туризм және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құжатта еліміздің спорт саласында жаңа іріктеу жүйесін енгізу қарастырылған. Заң жобасына сәйкес, басым спорт түрлері олардың әлемдік рейтингтері негізінде емес, Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиа, Азия және Пара Азия ойындарында ұлттық құрама командаларының көрсеткен нәтижелері бойынша іріктелетін болады.
Бұл өзгеріс Қазақстанның спорттық құрамаларын дайындаудағы басымдықтарды нақтылайды және халықаралық деңгейдегі нәтижелерге негізделген жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің спортшыларын халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті ету үшін нақты және нәтижеге бағытталған саясат жүзеге асырылмақ.
Заң жобасын әзірлеу барысында бірнеше маңызды мәселелер мен нақты статистикалық деректер негізге алынды. Қазақстанда қазірдің өзінде 180-нен астам спорт түрі дамып келеді. Алайда жыл сайын тек 13 жазғы және 5 қысқы Олимпиадалық спорт түрінен ғана медаль жеңіп алынады. 2018 жылы еліміздің спортшылары 370 медаль жеңіп алса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 105 медальға дейін төмендеген. Бұл жағдай спортшыларды даярлау жүйесіндегі бастапқы кезеңдер мен жоғары жетістіктер спортына дейінгі аралықтағы жетіспеушіліктердің нәтижесі деп бағаланады.
Жағдайды жақсарту үшін Туризм және спорт министрлігі халықаралық тәжірибені зерттеді. Өзбекстан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия және Норвегия елдерінің тәжірибесі заң жобасының негізіне алынды. Заң жобасы аясында жоғары жетістіктер спортына жататын спорт түрлерін нақты шектеу ұсынылады.
Жаңа жүйеге сәйкес тек Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпия, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері жоғары жетістіктер спорт түрлері ретінде қабылданады. Олардың ішінде медаль алған спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылып, республикалық және жергілікті деңгейде бірінші кезекте қаржыландырылады. Бұл шаралар еліміздің спорт саласын тиімді басқаруға және шектеулі ресурстарды мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік береді.