Аймақтар 29 Наурыз, 2025

Жаңа емхана, тың әдіс

100 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылында дәрігерлік амбула­то­рияның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жол картасы аясында қолға алынған маңызды әлеуметтік нысан­­ның жұ­мысы депутаттар мен жер­гілікті билік өкілдерінің бақы­­ла­уында. Одан бөлек, облыс орта­лы­ғында тың медициналық әдіс­тер тәжі­ри­беден өтіп, жергілікті мамандар ш­етелдік дәрі­герлерден дәріс алады.

Өңірде кейінгі жылдары бірнеше емханаға жаңғырту жұмыс­тары жүргізілді. Кейбір шалғай ауылдар жаңа меди­ци­налық нысанға қол жеткізді. Өтенайлықтар осы күнге дейін іргетасы 1986 жылы қаланған ескі ғимаратта ем қабылдап жүрді. Мұнда сапалы медициналық көмек алу, дәрігерге қаралу, жатып ем қабыл­дау жағы дұрыс қарастырылмаған. Сондықтан округтегі 17 мыңнан аса халықтың тең жартысы қалалық ауруханаларда тіркелген. Жылдан жылға тұрғын санының артуына байланыс­ты аймаққа дәрігерлік амбулаторияның қажет­тілігі туындап отыр.

«Ауылымызда заманауи амбулаторияның ашылатынына халық дән риза. Енді ауыл тұрғындары Талдықорғанға, қалалық емхана­лар­ға барып әуре болмайды. Құрылыстың 80%-ы аяқталды. Сапалы жүріп жатқанына жіті көз жеткізіп, нысан қолданысқа берілген күнге дейін партиялық бақылауда ұстайтын боламыз», дейді облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Кереев.

Бас мердігер «Жаркент алғыр» ЖШС-мен өткен жылы келісімшарт жасалған. Бүгінде құрылыс алаңында 20-25 маман еңбек етіп жүр. Жоспар бойынша амбулатория 2025 жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі.

Жаңа емхана Өтенай ауылынан бөлек, «Ынтымақ», «Жастар-1», «Жастар-1/1», «Жастар-2» тұрғын үй алабының халқына да қызмет етпек. Айта кетелік, өңірде ауылдық жерлердегі медицина құрылғыларын дамыту жұмыстары да жүріп жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатқан. Ондағы мақсат – операция жасаудың жаңа әдістерін үйрену. Мәселен, облыстық онкологиялық клиника базасында Израильден келген халықаралық мамандардың қатысуымен HIPEC аппаратымен операция жасау жөнінде шеберлік сабағы өтті. Дәрігерлерді HIPEC тәсілімен емдеуді үйретуге Израильден «Хайм Шиба» медициналық орталығының хирургия және хирургиялық онкология бөлі­мінің аға хирургі, медицина ғылымдарының докторы Альмог Бен-Яаков келді. Сондай-ақ компанияның өкілі, инженер Вячеслав Иванов та операцияға қатысты. Шетелден келген білікті мамандарды емхана дәрігерлеріне клиниканың директоры Мадияр Өмірбаев таныстырды.

Тәжірибеде онкология мамандары гипер­термиялық интраперитонеальді химия­лық терапия технологиясы арқылы сүт безі, асқазан, тоқ ішек обырын аралас емдеудің жаңа, жоғары технологиялық әдісін көрсетті. Облыстық онкологиялық клиника гипертермиялық интра­пери­тонеальді химиоперфузия әдісін алғаш қолданған өңір­лік онкологиялық орталық. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақ­тау басқармасының қолдауы­мен 2024 жылдың қазан айын­да жаңа медициналық жабдық HIPEC аппараты сатып алын­ған еді. Гипертермиялық интра­пери­тонеальді химиотерапия – онкологияны емдеудің инновациялық әдісі. Ол барлық ісік ошағын хирургиялық тәсіл­мен алып тастап, іш қуысына 42-43 °C дейін қыздырылған химиялық препарат енгізеді. Ол пери­тонеальді канцероматозға (рак клеткаларының зақымдануы) қол­данылады. HIPEC пайда бол­ған­нан кейін операция жасауға жатпайды деп саналған қатерлі ісікті емдеу мүмкін болады.

Альмог Бен-Яаков журналистерге берген сұхбатында клиникаға келгенде операция жасауға мүмкіндік бар ма екен деп қобалжығанын жасырмады. Бірақ қатерлі ісікке заманауи тәсілмен операция жасауға кіріскенде барлық құрал-жабдық, мүмкіндіктің талапқа сай екенін көріп қуанғанын, опера­цияның сәтті жасалғанын айтты.

«Бір үйдің баласындай түсі­ністікте, ын­тымақта, сый­ластықта жұмыс істейтін ұжымда, ортада ғана ем нәтиже береді. Министрлік, басқарма, клиника бір-бірін жарты сөзден түсініседі. Ем жасауға келгенде білек сыбана кіріседі. Барлығының мақсаты – обырға шалдыққан адамдарға көмектессек деген ой», дейді А.Бен-Яаков.

Халықаралық дәрежедегі шеберлік сағаты дәрігерлерге үзілген үмітті ұштайтын әдісті үйретті. Жаңа тәсіл қатерлі ісікті емдеуге барынша мүмкіндік туғызады деген сенім бар.

 

Жетісу облысы