Құрылыс 02 Сәуір, 2025

Полиэтилен зауытының алғашқы қазығы қағылды

90 рет
көрсетілді

Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында еліміздегі өңдеу өнеркәсібіндегі ең ауқымды жобалардың бірі – полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының алғашқы қазығы қағылды. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, СИБУР басқарма мүшесі-атқарушы директоры Павел Ляхович, «Sinopec» компаниясының аға вице-президенті Ван Тао қатысып, алғашқы қаданы қағу рәсімін жасады.

ҚМГ басшысы Асхат Хасенов ауқымды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің батысында мұнай-газ-химия өнеркәсібі кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

– Зауыт өнеркәсіп салаларында қолданылатын полиэтиленнің жиырмадан аса түрін шығаруға қауқарлы. Жоба құрылыс кезеңінің өзінде-ақ ұлттық экономикаға мультипликативті оң әсерін тигізіп, еліміздің шикізаттық емес экспортын арттыруға ықпал етеді. «Силлено» өнімдері елдегі полиэтилен импортының 90%-ын алмастыра алады, – деді А.Хасенов.

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тінше, 2024 жылы отандық полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тонна­ға жетті. Сарапшылардың бағалауын­ша, 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Ендеше, жергілікті тұтынушылардың сұранысын «Силлено» қамтамасыз етуге дайын. «Силлено» ЖШС бас директоры Жандос Қайргелді баламасы жоқ бірегей жобаны жүзеге асыру барысына тоқталды.

– Бүгін Үкімет пен акционер­лердің қолдауымен негізгі құрылыс жұмыстары­на қадам басып отырмыз. «Силлено» – отандық өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жоба­лардың бірі. Жылына 1,25 млн тонна поли­этилен өндіретін және инвестиция көлемі 7 млрд долларды құрайтын зауыт құ­рылысын 2028 жылы аяқтап, өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр, – дейді.

Жобаның ішкі жалпы өнімге қосатын үлесі шамамен 0,9-1% деңгейінде баға­ланып отыр. Құрылыс кезінде 8 мыңнан астам, ал зауыт іске қосылғанда 800-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ құрылыспен бірге, орта және жоғары буын маман даярлау ісі де қа­тар жүреді. Мәселен, испаниялық мерді­гер мекеме жыл сайын жергілікті 30 студентті оқытып шығармақ.

Жобаға әлемнің ең озық жаңа технологиялары тартылады. Болашақ кешен америкалық «Lummus» компания­сының технологиясымен этилен өндіруге ар­налған пиролиз қондырғысынан және «Chevron Phillips Chemical», «Univation Technologies» (АҚШ) технология­ларының көмегімен этиленді полимерлеу қондырғыларынан, сондай-ақ, «Axens» (Франция) технологиясымен салынатын бутен қондырғысынан тұрады. Құрылыс алаңындағы алғаш­қы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысынан басталды. Оның құры­лысын EPC-мердігер ретінде «Tecnicas Reunidas» (Испания) «Sinopec Enginee­ring Incorporation» (Қытай) компания­сымен бірлесіп жүргізеді.

— Осылайша, еліміздің батыс өңірі мұнай-газ-химия кластеріне айналмақ. Мемлекет басшысы айтып өткендей, жобаларды тек жүзеге асырып қоймай, соның аясында арнайы кластерлер құру маңызды. Өйткені базалық өнім шығару аздық етеді. Полиэтиленнен көптеген дайын өнім жасап шығаруға болады. Бүгінде ол – әлемде ең көп тұтынатын шикізат өнімдерінің бірі, – дейді А.Хасенов.

Айта кетейік, «Силлено» компания­сының акционерлері – ҚазМұнайГаз (40%), «Sinopec Overseas Investment Holding» (30%) және СИБУР (30%). Зауыт Қазақстанның полиэтиленге деген ішкі сұранысын қамтамасыз ете отырып, өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа, Қытай және Түркияға жеткізуді жоспарлап отыр.

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ