• RUB:
    6.06
  • USD:
    520.48
  • EUR:
    574.61
Басты сайтқа өту
Мың бір мысал 05 Сәуір, 2025

«Жеміс»

146 рет
көрсетілді

– Шал, сен балаңа майда-шүй­де­лердің көзінше жекіп, жерге тыққандай ұрсып сөйлеуді қой, – деді кейуана елу жыл­дан ас­там уақыт отасып келе жатқан ша­лына.

– Не болып қалыпты, түге? – деді қария кіржиіп.

– Кейде тым артық кетіп қаласың. Соңыңнан келе жатқан, біраз жасқа келген ұлыңды әлі бала көресің. «Істің көзін таппайсың» деп бала-шағаның көзінше тұқырту бізге енді жараспайды. Өз тірлігіне мығым жан осындай-ақ болсын. Баламыздың иіні жұмсақ, ата-ана сыйлап қалған, басқа болса сендей әкемен баяғыда-ақ жүз шайысып, өз жолымен кетер еді, – деді кемпір.

– Әй, сен жайыңа отыр, ақыл үйрет­пей адамға, – деді қария кемпіріне түсін суыта қарап, – балама ұрыссам адам болсын, тірлігіне мәккамдық танытсын деймін. Жеккөргеннен ұрыспаймын. Не десем де өз балам, он жерден жасы ұлғайса да мен үшін сәби. Ісіне ұқыпты болса да, одан сайы­н ширықтырып, ширата түсу артық етпейді.

– Мен саған ұлыңа оңашада айт, бірақ бала-шағаның алдында артық кетпе деп отырмын. Сен өзеуреп, жерден алып, жерге салып сөйлегеніңде байғұс ұрыс естіп тұрған баладай бүрісіп, бүкжиіп қалады. Ол да әке. Төрт перзенті бар. Ешкімнен кем емес. Менікі ертең бала-ша­ға­сы алдында абырой-беделі төмен бо­лып қалмауын ойлағандық, – деді кейуана.

Қария ескі қиқар мінезіне салып, кемпіріне қолын бір сілтеп орнынан тұрып кетті де, есік алдындағы орын­дық­қа жайғасты. Айнала тып-тыныш. Ау­ла­ны қоршаған биік дуалдың ар жағы­нан ұлы мен үлкен неме­ре­сі­нің сөй­лес­кен­дерін естіп қал­ды. Бірі жұмыстан, бірі мек­­теп­тен келе жатқаны бұған бел­гілі.

– Атасының баласы, үй тапсырмасын орын­дап болған соң қораны тазалап, сиырға су беріп, аздап шөп турап қой. Бүгін менің шұғыл шаруаларым бар, әйт­песе өзім-ақ істер едім, – деді қолдағы бала.

Немересі әкесіне тіл қатты. Дауысы зілді.

– Қора-порадағы тірлікке қолым тимейді. Істемеймін, – деді ата-әжеге арқа сүйеп қалған үлкен немере.

– Айтқан тілді ал, бала, қиын шаруа емес қой, – деді ұлы жұмсақ дауыспен.

– Үнемі өз әкесін тыңда­май­тын, тек ренжітетін адамның тілін алмаймын, – деді немере қатқыл үнмен.

Немеренің мына сөзін естіген қария­ның жүні жығылып қалды. Ол ойлады: «Кем­пірдікі жөн екен. Енді ескі «тактика­ны» тас­тап, жаңасына көшу керек». Ол қан­­дай «тактика», оны қарияның өзі біледі.