Әдебиет 08 Сәуір, 2025

Ілиястың «Өтірігі»

80 рет
көрсетілді

«Ескіден келе жатқан ел әдебиеті – біздің қымбат қазынамыз. Оның күрделісі – сөз, оның неше алуаны – ауыз әдебиетімен бірге тараған. Оның түрлерінде де сан жоқ: ертегі, жыр, мақал, тақпақ, жар-жар, беташар, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс өлең, қара өлең, ата өлең, тау өлең, өтірік өлең, жоқтау, шежіре, билер сөзі, ақындар айтысы, тағы да толып жатқан ел сөзінің бұлақтары бар.

Бұлар сала-салаға бөлініп тексерілген жоқ. Бұл тексерудің тілге де, әде­биетке де көп пайдасы тиер еді. Бізге осы асыл қазынаны жиып, аршып, қорыту керек, ішіндегі керекті дәнін алу керек» деп Ілияс Жансүгіров 1934 жылы Қазақстан кеңес жазушылары­ның алғашқы съезінде жасаған «Қазақ кеңес әдебиетінің бү­гінгі күйі, келешектегі міндет­тері» деген баян­дамасында фольклористикаға байланыс­ты өз пікірін білдіреді. Расымен де, Ілияс Жансүгіров – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, драма­тург қана емес, сондай-ақ қа­зақ фольклорының жанашыры, зерттеушісі болған тұлға. Ол халқымыздың ауыз әдебиеті мұраларын жинақ­тап, зерттеп, оны көркем шығар­машылығында шебер пайдалана білген.

Ілияс Жансүгіровтің шы­ғар­­маларында халық ауыз әде­бие­тінің түрлі жанрлары – мақал-мәтел­дер, ертегілер, жыр­лар, аңыз-әңгіме­лер мен шешен­дік сөздер кеңі­нен көрініс тапты. Жансүгіров халық шығарма­шылығын зерттеу­мен қатар, оны өз шығармаларын­да жаң­ғыр­та отырып, көркемдік тұр­ғы­дан дамытты. «Күйші», «Құлагер», «Дала» сияқты шы­ғар­маларында фольклорлық эле­­менттерді кеңінен пайдаланды. Әсіресе «Күйші» поэмасын­да қазақтың күй өнерінің фило­софиялық мәні мен тарихы ха­лық аңыздары негізінде бейнеленген.

Ақын өзінің халық ауыз әде­биеті үлгілерін жинауды бастауы туралы былай дейді: «Сол уақытта Түр­кістанның оқу кәмисариаты тара­пынан ел әдебиетін жинауға айрықша бір кәмесие келген... Кәмесие... мені әдебиет жинауға қыз­метке алды. Мен жаздай ел іші­нен кәмесиеге әдебиет жинау қыз­метінде болып, күзге кәме­сиемен бірге Тәшкен келдім. Тәш­кенде алғаш қазақ институты ұйымдастырған жылы екен. Оның жанындағы 2 жылдық оқы­тушылар дайындайтын курс­ке түстім... орысша таңбаны сонда оқыдым».

Осылайша, ақын ел аузындағы әдебиет үлгілерін жинап, фольклористика саласына көңіл бөле бастайды. Мәскеу қаласындағы «Орталық кіндік» баспасынан 1927 жылы Ілияс Жансүгірұлы­ның құрастырған «Өтірік» атты еңбегі шығады. Кітаптың басына «Жинаушыдан» деп алғысөз жазады. Әр өтіріктің астына жазып алынған адам есімін келтіріп отырады («Мейірманның өтірігі» Омарбек ақыннан деп, т.б.).

Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров әдеби музейі­нің қорында ақынның ел аузынан жинақтап шығарған мынадай кітаптары бар: «Балаларға тарту» («Қазкөркем» баспасы, 1928), «Жұмбақ» («Қазкөркем» баспасы, 1928), «Шәркей» («Қазкөркем» баспасы, 1928), «Малта» («Қаз­көркем» баспасы, 1928), «Одақ» («Қазкөркем» баспасы, 1929), «Мін де шап» (Пьесалар. «Қазкөркем» ­баспасы, 1933).

Ілияс тек өзі фольклор жинау­мен ғана айналыспай, басқа да халық ауыз әдебиеті мұра­сын зерттеу­ші ғалымдарға да кө­мек­тескен. Мы­салға, туған халқы­ның өнеріне, ән-күйіне көп көңіл бөлген ақын Мәскеуде оқыған жыл­дары атақ­ты композитор А.В.За­таевичпен танысып, етене араласып тұрады. Өнер иесі А.В.Затаевич «Қазақ хал­қы­ның 1000 әні» деген зерттеу жи­на­ғ­ына Ілиястың өз аузымен айт­қан өлеңдерін нотаға түсіріп, 19 халық әнін енгізеді. Соның бірі – Ілияс өзі сүйіп айтатын «Шилі өзен, қамыс-ай» әні еді. Александр Вик­торович І.Жансүгіровтің да­ры­нына тамсанып: «Ілияс Жан­сүгір­ұлы – өзінің туған жері Жеті­су­дың әндері мен күйлерін шебер орын­даушы, қазақтың музыка­лық шығар­машылығын жоғары баға­лайтын және білетін жас ақын және журналист» деп жоғары баға берген.

Ілияс Жансүгіров – қазақ фольклорын жинаушы, зерттеуші әрі оны әдеби шығармаларында жаң­ғыртушы дарын иесі. Еңбектері халық мұрасының құндылығын көрсетіп қана қоймай, оны келешек ұрпаққа жеткізудің маңы­зын айқындады. Ақынның шығар­машылығы қазақ фольклортану ғылымының дамуына өзіндік үлес қосып, ұлттық әдебиетіміздің алтын қазынасына айналды.

 

Аида ҚҰНАНБАЙҚЫЗЫ,

І.Жансүгіров әдеби музейінің аға ғылыми қызметкері

 

Жетісу облысы