Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағанын, ел ағалары жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білгенін, олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болатынын айта келіп, сондай отаншыл азаматтардың қатарында Александар Княгининнің есімін де айрықша құрметпен атаған еді. Өз жерінде азшылыққа айналып, ана тіліне қатер төнген қазақ ұлтына шынайы жанашырлықпен қарап, әлеуметтік әділдік туын көтеріп өткен қоғам қайраткерінің жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді.

Артында өлмейтұғын сөзі қалды
1990 жылы, бір жағынан, кеңес одағының құрамындағы республикалар өздерінің мемлекеттік егемендіктерін жаппай жариялап, екінші жағынан, атышулы жазушы Александр Солженицын «Біз Ресейді қайтсек көркейтеміз?» арандатушылық мақаласын жариялап, Қазақстанның солтүстік аймағындағы бес облысының жеріне көз алартып, еліміздегі сепаратистік пиғылды қоздырып, қоғамдық-саяси ахуал күрделеніп тұрған кез еді. Оның үстіне 1989 жылы өткізілген халық санағы бойынша республикамыздағы 16,5 миллионға жуық тұрғынның небәрі 6,5 миллионы, яғни 39,69 пайызы ғана қазақ болатын. Сондықтан да Жоғарғы Кеңесте Егемендік декларациясының жобасы қалай қызу талқыланып жатқанын бұқаралық ақпарат құралдарынан күнбе-күн біліп, еліміздің қыл үстінде тұрған ертеңгі тағдырына алаңдап отыратын едік. Сонымен қатар Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Александр Княгинин сынды ұлтымыздың мүддесін қызғыштай қорыған ерен тұлғалардың барлығына шүкіршілік ететінбіз. Әсіресе ұлты басқа А.Княгининге ерекше разы едік. Қалай разы болмассың? Біріккен Ұлттар Ұйымы секілді ірі халықаралық ұйымдарда Қазақстан атынан қазақ халқының өкілеттігі танылатын болсын деп табандылық танытып: «Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар түсініп қабылдайды деген ойдамын. Себебі аталған халықаралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, беларусь халқының өкілеттігін Белоруссия танытады... Кейбіреулер тарих пен бүгінгі жағдайдың аражігін шатастыратын секілді. Бүгінге өткен күннің өлшемімен қарауға болмайды. Айталық, республикамыздың бірқатар облысын Ресейге қосу жөнінде базбіреулер даурығып жүр, мен оларды үзілді-кесілді айыптаймын. Мәселен, Орал қазақтың жері ме – қазақтың жері! Оған енді ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ!» деп тұрса.
Қазақстанда қазақ тіліне ғана мемлекеттік тіл мәртебесін беру турасындағы қызылкеңірдек пікірсайыс барысында да Александар Александровичтің жүрекжарды сөзі ешкімді бейжай қалдырмаған. «Орыс тілі үшін жақсы нәрсе қазақ тілі үшін ажалға айналуы мүмкін. Қазақ тілінің тіршілік ету ортасы – тек Қазақстан ғана, әйтпесе ол құрып кетеді. Кез келген ұлтшылдық тамыры тәуелсіздік жолындағы, азаттық, өз ұлты үшін күресте жатыр. Бұл – қастерлі сезім. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық», деген еді ол биік мінберден.
Александр Княгинин нарықтық қатынастарға көшіп жатқан өтпелі кезеңде елімізде болған ауыр экономикалық дағдарыстан зардап шеккен халыққа жаны ашып, 1998 жылы сол кездегі Мемлекет басшысына ашық хат та жазған. Онда: «Өзімді қазақ халқының орыс ұлы санаймын. Сізге қазақтардың да, орыстардың да, тұтас алғанда, біздің жас мемлекетіміздің қалыптасқан өмірі туралы алаңдаушылықпен жүгініп отырмын. Жұрттың есінде болар, мен қазақ халқының өзін-өзі билеуіне деген құқын қорғадым, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану туралы, құқық қорғау, экология, экономика салаларында, Конституциялық комиссияда белсенді жұмыс істедім. Менің Жоғарғы Кеңестің сессиясында, телеарнада, бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеген сөздерім әртүрлі қабылданды. Біреулері мақұлдаса, енді біреулері жеккөрінішпен қабылдап, қазақтың мүддесіне бола орыстарды ұмытып кеткенімді айтып, кінәлады. Ал мен ар-ұятым не дейді, соған сәйкес әрекет еттім және солай ете беремін де», деген екен. Дана Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» деген сөзін осы бір асыл азаматқа да арнап айтсақ, артық болмас.
Қайраткердің қиын жолы
Ресейдің Новочеркасск қаласында дүниеге келіп, үш жасында әкесінің қызмет бабымен Қостанай облысына отбасымен бірге қоныс аударған А.Княгинин Қазақстанды өз Отаны санап, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына бүкіл саналы ғұмырын сарп етті. Мәскеулік журналист Юрий Лушиннің 1989 жылы «Огонек» журналының кітапханасы» сериясымен шыққан «Неудобный» деректі кітапшасында Александр Александровичтің өмір жолы жайлы қызғылықты деректер келтірілген.
Ол орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсуге құжат тапсырғанымен, конкурстан өте алмайды. Сосын Қостанайға оралып, жергілікті ауыл шаруашылығы техникумына емтихан тапсырады. Өзі таңдаған механикалық факультетте жақсы оқиды. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, қоғамдық жұмыстарға атсалысады. Спортпен де айналысады. Мұның бәрі оның белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруына және спорт сайыстарында жеңіс пен жеңілістің дәмін ерте татып, мінезін шыңдауына септігін тигізген. Техникумды аяқтаған кезінде тың игеру басталып, Қостанай облысының Камышин ауданында жаңадан құрылған кеңшарға жолдамамен жұмысқа барып, трактор-егіс бригадасын басқарады. Бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылады. «Мен, міне, осы арада қателестім. Өзімше, жанды жұмысқа бара жатырмын деп ойлап едім, бірақ нақты істің имитациясын ғана көрдім. Мұнда менің білімім қажет болмайтынын түсіндім. Үш айға әрең шыдап, өз өтінішіммен қызметімнен босатпағанына қарамастан, комсомол комитетінің есігін тарс жауып, Қостанайға тарттым. Сондағы пединстуттың математика факультетіне оқуға түсіп, қайтадан студент атандым...», деп еске алған екен А.Княгинин. Институтты бітірген кезде оған Торғай өңіріндегі бір ауданның комсомол комитетінің хатшысы болу ұсынылады. Бірақ Александр Александрович одан бас тартып, бір кеңшардың бас инженері болып тағайындалады. 85 мың қой өсіретін ірі шаруашылықта жүн қырқу науқаны бір жарым айға созылып кетеді екен. Уақтылы қырқылмағандықтан, түлеген көп қойдың қыруар жүні текке рәсуа болып жатады екен. Осыны көзімен көрген жас та болса бас маман елімізде алғаш рет 100 машинаға арналған қырықтық цехын салдырады. Осылайша, оның бойындағы өнертапқыштық дарыны ашылып, кейін қой шаруашылығына жаңа технологиялар енгізген атақты конструкторға айналды. 150 өнертабыстың авторы және тең авторы болды, оның 29-ының әлемде баламасы жоқ еді. А.Княгининнің өнертабыстарын АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания сатып алғысы келген және өздерінде қызмет істеуге шақырған. Оларға: «Мен өнертабыстарымды өз халқым үшін ойлап таптым, оларды тек өз жерімде енгіземін», деп жауап берген екен конструктор.
Өкінішке қарай, осындай патриот тұлға өз заманындағы шенеуніктерден қолдау таппақ түгіл, олардың қудалауына ұшырады. Тың ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми зерттеу институтында жетекші конструктор болып жүргенінде өзі жасап жатқан өнертабысын пайдаланғысы келген зертхана меңгерушісіне қарсы шыққаны үшін жұмыстан қуылып, партиядан шығарылды. Бұл дауға кейін Қазақстан компартиясы орталық комитетінің жанындағы партиялық бақылау комиссиясы араласып, әділдікті қалпына келтірді. Екінші рет Семей қаласындағы «Қой шаруашылығы кешені» эксперименттік өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметін табысты атқарып жүрген кезінде жала жабылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтеуге Қиыр Шығыстағы «Волчанск» колониясына жіберілді. Тек Мәскеудегі орталық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің араша түсуінің арқасында КСРО прокуратурасы балама тергеу жүргізіп, нәтижесінде А.Княгининнің ісінде ешқандай қылмыс жоқтығы дәлелденді. Темір тордың арғы жағында бірнеше ай ғана болған ол бұрынғы қызметіне қайтадан тағайындалды. Көп ұзамай семейліктер оны баламалы сайлауда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлады. Содан кейін оған Ауыл шаруашылығы министрі және облыс әкімі қызметтері де ұсынылған екен. Бірақ А.Княгинин үш ұйықтаса түсіне де кірмеген жоғары лауазымдардан бас тартып, өзі ойлап тапқан өнертабыстарды Қазақстанның қой шаруашылығы саласына енгізумен айналысуды жөн көріпті. Өмірінің соңында жұмыссыздық жайлаған Арқалық, Семей, Жаңатас сияқты қалаларда еліміздің мал шаруашылығы саласында жоғары сұранысқа ие, жасыл балдыр санатына жататын хлорелла өндіретін кәсіпорындар салып, көптеген жаңа жұмыс орынын ашып, қарапайым адамдарды кедейшіліктен құтқаруды ойлаған игі мақсатын іске асыру үшін республика басшыларынан небәрі 150 мың доллар несие ала алмай, күйініп, 63 жасында кенеттен дүниеден озды қайран азамат...
Сөз соңында айтарымыз, елімдеп өткен есіл ер Александр Княгинин есімін мәңгі есте қалдыру, оның өшпес өнегесін, ғибратты ғұмырын насихаттау ісі кемшін соғып жатыр. Рас, елорданың «Шұбар» тұрғынжай алабындағы шағын көшеге есімі берілген. Алайда Семей қаласының бір көшесін де оның атымен атау, Қазақстан халқы Ассамблеясының А.Княгинин атындағы арнайы сыйлығын тағайындау туралы ұсыныстар ескерілмей келеді. Сондай-ақ ол туралы көркем немесе деректі фильм түсіретін де кез жеткен сияқты. Өйткені қазіргі алмағайып заманда бізге «қазақ халқының орыс ұлы» сынды патриоттардың қатары қалыңдағаны қажет.