Экономика 15 Сәуір, 2025

«Самұрық-Қазына» тобы ғылыми зерттеулер арқылы өндірісті дамытып жатыр

0 рет
көрсетілді

Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры ғылыми зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыс­тарға көп көңіл бөліп жатыр. Себебі ғылыми зерттеулер жүргі­зудің арқасында өндірістік тапсырмаларды орындауда түрлі тех­нологиялық әрі инновациялық шешімдер пайда болады. Ал оларды өндіріске енгізудің тек экономика тұрғысынан ғана емес, экологиялық та пайдасы зор.

Сол себепті, ұлттық әл-ауқат қоры­ның құрамындағы компаниялар «Сам­ғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығымен бірлесіп ауқымды жұмыс­тар жүргізіп жатыр. Ғылыми жобаларды зерттеу, іріктеу, оларды өндіріске енгізу үшін қаржыландыру жұмыстары түптеп қолға алынды. Соның бірі – «Қара­жанбасмұнай» компаниясының жер қойнауын қауіпсіз әрі экологиялық барлауға арналған жобасы. Онда арнайы технологиялар мен машиналық оқыту алгоритмдері қолданылады. Жобаның жалпы құны – 2 643,2 млн теңге.

Осы уақытқа дейін атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижелері мынадай:

Каспий теңізінің жағалау аймағында және құрлықта жарылыссыз импульстік көздерді пайдалану арқылы сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді; 2001-2005 жылдардағы сейсмикалық деректер қайта өңделді; Жарылыссыз импульстік көздер арқылы алынған 2D және 3D сейсмикалық деректерге талдау жасалды; Сейсмикалық деректерді өңдеу және талдау, геологиялық үлгі құру, сондай-ақ сынақ учаскесіндегі болжанған мұнай қорларын есептеу жұмыстары атқарылды.

Импульстік сейсмикалық барлау жобасы қосымша мұнай қорларының барын нақтылауға және «Қаражанбасмұнай» кен орнының ресурстық базасын артты­руға, соның арқасында қосымша 2 млн тонна мұнайды өндіруге мүмкіндік береді. Жобаның 5 жыл ішіндегі эконо­микалық тиімділігі 187,8 млрд теңге деп бағаланып отыр. Биыл жоба аяқтал­ғаннан кейін оның нәтижелері бо­йынша Каспий теңізінің транзиттік экологиялық аймағында бұл технологияны қолдану аясын кеңейту мәселесі қаралады.

Тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстар аясында «Қаражанбасмұнай» жүзеге асырып жатқан тағы бір жоба – мұ­най өндірісі саласында эксплуа­та­циялық сипаттамалары жоғары, тереңдікке арналған инновациялық сорғыларды әзірлеу жобасы. Отандық ғалымдармен бірлесіп жүктемесі жоғары кен орындарында жабдықтардың тұрақ­ты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін бұрандалы штангалы тереңдік сорғысы дайындалды. Оны өндіріске енгізу нәтижесінде жөндеу жұмыстарын жүргізу жиілігі 30%-ға қысқарып, жабдықтың тұралап қалуы мен қызмет көрсету шығындары азаяды және мұнай өндіру көлемі артады. Жобаның жалпы құны – 177 млн теңге, 5 жыл ішіндегі экономикалық тиімділігі 4,645 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған.

Ал «Қазгермұнай» БК» ұйымында газды дайындау және өңдеу бойынша кешенді инновациялық техникалық шешімді әзірлеуге арналған ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны – 86,0 млн теңге. Аталған жоба аясында:

Газды өңдеу сапасы мен оның тиімділігіне әсер ететін негізгі параметр­лер анықталып, зерттеу жүргізілді; Қондырғының өнімділігін арттыру мақсатында жабдықты ауыстыру және жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірленді; Шикі газ құрамынан ылғалды жою үшін озық технологиялар ұсынылып, соңғы өнімнің тазалығы мен тұрақтылығы қамтамасыз етілді; Газды дайындау және өңдеу үде­ріс­­те­рін оңтайландыруға бағытталған кешенді техникалық шешім әзірленді.

Осылайша, Қызылорда облысындағы «Ақшабұлақ» кен орнында ілеспе газды өңдеу тереңдігін арттыру мақсатында, жеңіл көмірсутек және пропан-бутанның кең фракцияларын тиімді бөліп алу арқылы ілеспе газды өңдеу технология­сы әзірленді. Жобаны жүзеге асыру ілеспе газ көлемін 33%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Ал оның 5 жыл ішіндегі экономикалық тиімділігі 3,1 млрд теңге деп бағаланып отыр. Бұл жоба жергілікті өндірісті дамытып, импортты алмастыру мәселесін де шешуге ықпал етеді.

«Самғау» орталығының бастамасы аясында «Қазақстан темір жолы» ұйымы да «Samruk Innovation Hub» алаңында өндірістік тапсырмаларға арналған техно­ло­гиялық шешімдерді іздеу және іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы:

Теміржол көлігі үшін үйлесімді конвергентті шешім жасауда кәсіби радиобайланыстың әртүрлі стандартын интеграциялау; Оқшауланған түйіспелердегі рельстің магниттелуін бақылау; Машинистерді кедергілер туралы ескерту үшін теміржол өткелінің жай-күйі туралы хабарлау жүйесін әзірлеу және өзге де жобалар жоспарланған.

Конкурстық іріктеу нәтижесі бойынша ең тиімді шешімдер «Қазақстан темір жолы» тарапынан қаржыландырылып, өндірістік үдерістерге енгізіледі.

Бұл ғылыми жобалардың маңызы зор. Себебі олар кәсіпорындар өндірісін оңтай­ландыруға, тиімді шешімдер табу­ға, көрсеткіштерді жақсартып, шығын­дарды азайтуға, экологияны қорғауға, табыс пен экономикалық тиімділікті арт­тыруға ықпал етеді. Сондықтан «Са­мұрық-Қазына» тобы бұл бағытта жоба­лар­­ды белсенді түрде жүргізіп, ғылым мен өндірістің байланысын нығайту жұмыстарын әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр.

 

Жансая Қапасқызы