Медицина 15 Сәуір, 2025

ЖИ иммундық мәртебені анықтайды

0 рет
көрсетілді

Отандық ғалымдар Игорь Пономарев пен Нұрлыбек Үдербаев «Ұлттың иммундық портреті» жобасы аясында жасанды интеллект көмегімен адамның иммунитетін жалпы қан талдауы бойынша бағалайтын инновациялық ImmuniGuide платформасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәдімгі қан талдауы иммундық жүйеңіздің жағдайын 99% дәлдікпен анықтай алады. Ғалымдардың «Ұлттың иммундық портреті» жобасы Қазақстан халқының иммундық жүйесінің жай-күйін терең зерттеуге бағытталған. Immuniguide платформасы математикалық алгоритмдер мен жасанды интеллект технологиялары арқылы жалпы қан талдауының көрсеткіштерін өңдейді. 

«Бұл қарапайым жүйе десек те болады. Ол дайын талдауларды оқып, зертханалық нәтижені өңдейді. Иммундық жүйенің жай-күйінің нақты көрсеткішін береді. Платформа резервті ғана емес, сондай-ақ адамның ағзасындағы назар аударуды қажет ететін қандай жасырын инфекциялар барын көрсете алады», дейді платформа авторларының бірі, инновациялық медицина ғылыми-клиникалық орталығының жетекшісі медицина ғылымдарының докторы Нұрлыбек Үдербаев. 

Адам иммунитетінің жай-күйі туралы дерек қауіптің алдын алуға, ауру салдарын бағалауға, осал топтарды бақылауға, алдын алу мен емдеу шараларын дербестендіруге мүмкіндік береді. Бастапқыда ImmuniGuide елорданың онкологиялық клиникаларының бірінде енгізіліп, сыналған. Платформаны күнделікті жұмыста қолдану дәрігерлерге пациенттердің жағдайын бақылауға көмектесті. Ғалымдардың айтуынша, ел тұрғындары ағзаның иммундық Chek-UP-ын тегін өткізе алады. Ол үшін Telegram арнасында ақпарат, сондай-ақ пайдалану нұсқаулығы көрсетілген «Иммуногид» чат-ботын іске қосу қажет. Жалпы қан талдауын PDF форматында жүктегеннен кейін, немесе талдау нәтижелерімен сапалы фотосурет салғаннан соң нәтиже 1 минутта дайын болады.