• RUB:
    5.02
  • USD:
    485.11
  • EUR:
    523.82
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2015

Басты бағдар – нақты және тиімді жұмыс

268 рет
көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұртты желпіндіріп жүретін дағдысымен, есепті баяндамасын кө­те­ріңкі екпінмен бастады. Оған бел­гілікті негіздер де жоқ емес. «Көкшетау» мәдениет сарайының көрме залы мен фоэлерінде өңір өмірін бейнелейтін фотосуреттер, дерек қоры мол инфографиялық материалдар көз тартады. Мемлекет басшысының 2014 жылғы 11 қарашада жарияланған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақ­стан халқына арнаған стратегиялық Жол­дауы еліміз үшін өз дамуының бүгінгі кезеңіндегі тағдыршешті бағдарламасы болып табылады, деді есепті баяндамасында облыс әкімі С.Кулагин. Елбасы жариялаған Жаңа Экономикалық Саясат жергілікті атқарушы органдардың алдына биік мақсаттар қойып отыр. Таяу жылдары экономиканың өсімін қамтамасыз ету, халықтың жұмыспен қамтылуы мен еңбек белсенділігін ынталандыру үшін бірқатар маңызды міндеттерді шешуіміз қажет. Бұл бағытта алғабасушылық бар. Өңір экономикасының ырғақты дамуы және 2014 жылдың қорытындылары Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды тапсырмалардың табысты шешілуіне берік негіз қалайды. Өткен жылы көзделген шараларды іске асыру есебінен экономиканың нақты өсімі 105,5 пайызды құрап, тұңғыш рет 1 триллион теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,6, жалпы ауыл шаруашылығы өнімі 2,2, құрылыс жұмыстары 16,1 және тұрғын үйлерді пайдалануға беру 3,4 пайызға артты. Экономикаға инвестициялар тарту 122,3 пайызға (181 миллирад теңге) тең болды. Іс жүзінде барлық қызмет түрлерінде және әлеуметтік саясатта қол жеткен экономикалық серпіліс орташа айлық жалақының 7 пайызға жуық өсуіне жағдай туғызды. Жаңадан 11 мыңнан астам жұмыс орнының құрылуы мұндай санаттағылардың санын 6 пайызға азайтып отыр. Жергілікті бюджетке салық аударымдары 16,4 пайызға ұлғайды. Тұтыну бағаларының индексі 100,4 пайыз деңгейінде болды. Облыста мемлекеттік үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасының алғашқы бесжылдығы ойдағыдай жүзеге асырылды, деді одан әрі өңір басшысы. Атап айтқанда, индус­трияландыру картасының шеңберінде 119,6 миллиард теңгенің 49 жобасы іске қосылды. Бұл бес мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Жобалардың 35-і өнеркәсіп өнімдерін шығаруға бағытталған. Соның ішінде, 19-ы жоғары қосымша құнмен өнім шығарады. Кәсіпорындардағы өндіріс қарқыны мен қуаттардың артуы, технологиялық үдерісті жаңғырту индустриялық сектордың тұрақты дамуына ықпал етті. 2014 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 295,2 миллиард теңгеге жетті. Осының нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің индексі 105,6 пайызды құрады. Бұл – республикадағы екінші көрсеткіш. Мұндай табысқа түсті металлургия, құрылыс индустриясы, азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары елеулі үлес қосты. Облыс әкімі «Алтынтау Көкшетау», «Қазақалтын», «Енки», «Арыстан», «Астана-Агропродукт», «Ты­ныс», «НовоПэк» және басқа кә­сіп­­орындардың жетістігін бөлектеп көрсетті. Биылғы жылы индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы шеңберінде 644,8 миллиард теңгенің 36 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 27 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ал ағымдағы жылы 121 миллиард теңгенің 25 жобасын аяқтау жоспарланыпты. Яғни, тағы да 2 мың адам тұрақты нәпақа көзін табады деген сөз. Бүгінгі күні облыстың 350 гектар аума­ғында 4 индустриялық аймақ құру мәселесі пысықталғаны белгілі болды. Нақтылай түссек, Көкшетау және Степногор қалалары негізгі индус­трия­­лық аймақтың, ал Шортанды мен Цели­ноград аудандары көлік-логис­ти­калық кешеннің негізін қаламақ. Бұл Ас­тана айналасындағы агломерациялық ерек­шеліктерге негізделіп жасалған жоба. Ақмола диқандары ауа райының қолайсыздықтарымен алысып жүріп құт қамбаға 4,5 миллион тонна астық құйды. Гектар түсімділігі 11 центнерден айналған. Әкім биыл егістік көлемі 4 миллион гектардан кемімейтінін, сондықтан, дайындық жұмыстары қатаң бақылауда ұсталатындығын ескертті. Сондай-ақ, елімізді азық-түлікпен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті күшейту мақ­сатында мал шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігі атап көр­сетілді. Облыста еттік бағыттағы 23 репродуктор-шаруашылықтар құрыл­ған. Жыл ішінде бұлар 3 600 асыл тұ­қымды ірі қараны аукцион арқылы саудаға шығаруын есепті кездесуге қатысушылар, қосымша табыс көзі ретінде бағалады. Бұған қосымша, жаңа өндіріс ошақтары ашылуы нәтижесінде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу күрт өскендігі тілге тиек етілді. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының маңайында азық-түлік белдеуін құру бойынша мақсатты жұмыстар атқарылуда. Баяндамашы бұл орайда, өткен жылдың өзінде 12 миллиард теңгенің 18 жобасы игілік төккенін айтты. Жалпы, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу есебінен Астана тұрғындарын сүтпен қамтамасыз ету – 40, ет 46 пайызға өссе, ұн және жұмыртқа бойынша 100 пайыз өтеліп отыр. Мұнда шағын және орта бизнес нысандарының үлесі де салмақты. Есепті кезеңде тұрғын үй құрылы­сы­на 22 миллиард теңге инвестиция бағыт­талып, 268 мың шаршы метр тұрғын ала­ңы пайдалануға берілгені көңіл көн­шітеді. Осының арқасында 2 500 отбасы баспаналы болды. Биыл оның көлемі 285 мың шаршы метрге жетпек. Сон­дай-ақ, әлеуметтік жалдамалы үйлер құры­лысы 4 есеге ұлғайтылып 15 мың шар­шы метрді құрайтыны, тұрғын үй-комму­налдық кешенді қуаттандыру, «Ақ бұлақ» бағ­дар­ламасының жоспарлы жүр­гізілуі ел тіршілігін жақсарта түсетіні анық. Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының бар­лық жоспарланған іс-шаралары жүзеге асырылғанына қанықтық. Әйт­кен­мен, елді мекендерде жұмыс күшінің жетіс­пеу­шілігі бар. Мәселен, 22 ауылдық округ­те мал дәрігерлері жоқ екен. Осы­­ған бай­ланысты облыс әкімінің шәкірт­ақы­сы тағайындалған. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 439 жас маманға жолдама беріліпті. Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа ­бастар жол» Жолдауында және Үкімет­тің кеңейтілген отырысында әлеумет­тік саланы дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыс білім беру сапасын арттыру мақсатында бюджеттен 47 миллиард теңге бөлген. Мұның қайтарымы ретінде 4 мектептің құрылысы аяқталып, мектеп жасына дейінгі 27 мекеме іске қосылғандығы айтылды. Биыл Целиноград ауданындағы Тайтөбе ауылының 300 орындық мектебін пайдалануға беру арқылы үш ауысымдық оқыту мәселесі толық шешілмек. Облыста апатты жағдайдағы білім ошағы жоқ. Денсаулық сақтау саласын дамы­туға 2014 жылы 24,6 миллиард теңге бөлу арқылы емханалар мен ауруха­налардың материалдық-техникалық базасы нығайды және медицина қыз­мет­керлерінің біліктілігін арттыруға оңтайлы жағдай жасалды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудандарда жыл сайын 2 жүзу хауызы мен бір-бірден сауықтыру кешендері қатарға қосылуы жақсы көрсеткіш екендігі айқын. Сондай-ақ, жұмыспен қамту жол картасы аясында жыл сайын 212 миллион теңгенің 7 мәдениет ошағы жөнделуден өтуде. Былтыр Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының бірінші кезеңі аяқталып, 3,9 миллиард теңге қаржы игерілген. Бурабай кентінде кәріздік тазарту қондырғыларының, бу қазандығының, жылу жүйесі, жол жөндеу құрылыстары бойынша ірі жобалар жүзеге асырылды. Бұған қоса, өңірдің туристік тартымдылықтағы өзге аумақтары да қарқынды дамуда және бұл ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында айрықша маңызға ие болуда. Облыс әкімі баяндамасының қоры­тынды бөлігінде алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға бағытталған жоспарлы іс-шараларды талқыға салды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.