Ата тарихтың тарланбоз шабысында “Кеше”, “Бүгін” және “Ертең” деп аталатын үш ұлы бөлік болады. Олар бір-бірінен ажырағысыз, бір мезгілде бөлек-бөлек, тағы бір мезетте біртұтас ғұмыр кешіп, тағылым мен танымның, парасат пен пайымның тұнығынан адамзат баласының шөлін қандырып отырады. Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарына бүгінгі күннің биігінен көз салғанда, осы ұлы қағидат бірден көзге шалынады.
Өткенге ой жүгіртіп, осыдан жиырма жыл бұрынғы Қазақстанды көз алдымызға елестетсек, ең алдымен аумалы-төкпелі экономика, саяси белгісіздік, сансыратқан тапшылық, жұмыссыздық, бағаның құнсыздануы, күйреген шаруашылық т.т. есімізге түседі. Бұрынғы Кеңестер Одағының темір құрсауынан босанып, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан елімізде дамудың жаңа жолын таңдау қажеттігі тұрды. Осы бір жүгі мен жауапкершілігі зіл батпандай ауыр міндет елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мойнына жүктелді.
Алдымен елдегі жағдайды тұрақтандырып, тез арада нарықтық қатынасқа көшу кезек күттірмес шаруа болатын. “Саяси белгісіздік пен экономикалық құлдыраудың, қаржылық былықтың аса ауыр жылдарында барлығын жаңадан бастау керек болды, – деп жазады Н.Назарбаев “Ғасырға тұрарлық он жыл” атты кітабында, – Біздің стратегия экономикалық қалыптасуды тиімді жүзеге асырған елдердің классикалық тәжірибесіне негізделген. Бірақ бұл аздық етті, себебі еліміздің өзіндік ерекшелігін ескеру қажет еді. Қазақстанға өзіндік жол іздеу керек болды. Қазақстандық жол”.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Қазақстанның жаңа тарихындағы аса ауыр кезең еді. Өндіріс өнімін шығару жартылай қысқарды. Экономикадағы төлемдік қарыз республиканың ішкі жалпы өнімінің көлеміне теңелді. Несиелік мөлшерлеме 400, жылдық инфляция 2500 пайызға жетті. Елдегі кәсіпорындардың жартысынан астамы өз шығынын өтей алмай банкротқа ұшырады, орташа жалақы екі есеге, ал ең төменгі жалақы мөлшері тіптен 90 пайызға түсті. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс отыз пайызға құлдыраса, көлік тасымалдау екі есеге азайды.
Өндірістің құлдырауы, әлеуметтік қажеттілікке бөлінетін қаржының тапшылығы халықтың тұрмысының төмендеуіне әкеп соқтырды. Зейнетақы мен өтемақы төлеуге қаржы жетпеді, елдің жалақысы айлап кешіктірілді. Осындай экономикалық қиыншылықтар демографиялық жағдайға да әсер етті. Миграциялық үрдістер күшейді, Қазақстаннан қоныс аударушылар саны еселеп өсті. Сол жылдарды: “Қазақстан арты қайда апарып соғары белгісіз экономикалық қысым (коллапс) жағдайында тұрған еді”, – деп сипаттайды Елбасы. Қазір біз сол кездегі жас мемлекеттің үлкен қауіптің алдында тұрғандығын бар болмысымызбен тұтас сезініп, ашық түрде айта аламыз.
Сол қысылтаяң шаққа қарамастан ұлт көсемі Н.Ә.Назарбаев азат елдің Тұңғыш Президенті болған алғашқы күннен-ақ Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсінген Елбасы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан осы салаға барынша қолдау көрсетті.
Халқымыздың “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөзін, білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін ол терең түсінді. Расында да, білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық-рухани күш, қуат көзі жоқ екені баяғыдан белгілі. Сондықтан да, күллі әлемдік жаңа идеология ең алдымен білім күшіне арқа сүйейді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның білімге негізгі басымдық беріп отырғандағы басты себебі содан. Өйткені, білім – тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тасы өрге домалаған еңсесі биік елдермен терезесі тең мемлекет болудың күретамыры, ел дамуының алтын арқауы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстың көзі, жақсы өмір сүрудің түп қазығы білімде жатқанын ұлы Абай да жақсы айтқан: “Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма”, – дейді ол. Өз ұлтының бақытты болашағын, кемел келешегін ойлаған, төрт құбыласы түгел, қуатты мемлекет құруды мақсат еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ең алдымен елге терең білім керек екенін жұрттан бұрын аңғарып, ерте түсінген тұғырлы тұлға болды.
Қай жерде де, қашан да тұңғыш болудың жүгі мен жауапкершілігі ауыр екені белгілі. Өйткені, бірінші болып жол салу, бірінші болып жеңіске жету, бірінші болып бәйгеден келу, бірінші болып шаршы алаңға шығу, бірінші болып тереңге үңілу, бірінші болып биікке көтерілу т.т. секілді бірінші болулардың қай-қайсысы да үлкен тәуекелді қажет ететін ерліктің нышаны іспетті. Басқасын айтпағанда, бірінші болып тепкісі тастай қатты, тегеуріні сом темірдей мықты империялық құрылым билігіне дер кезінде ерекше мінез таныту, қыр көрсету, олармен тең дәрежеде сөйлесу, сөйтіп бодандықтың сор батпағында батып жатқан туған еліңді бірінші болып азаттықтың ақ жолына бастау, алаңы көп аласапыран заманда айбынды да айбарлы әрекеттерге бару – ерен ерлік дерлік. Оған қоса Қазақстан секілді көпэтносты, көпмінезді, көппиғылды кеңестік “қызыл идеологияның” қасіретін молынан көрген, оның азабын мейлінше көп тартқан елде мұндай тарихи маңызды тәуекелге, саяси батылдыққа барудың жауапкершілігі де, жүгі де айрықша салмақты. Осы айтқанымызды жаңарған Қазақстандағы бүкіл елдік деңгейдегі білім саясаты мәселесіне байланысты зерделесек, Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігі қайраткерлігімен үндескендігін, көрегендігі даналығымен тұтасқандығын бүгінде әр тарап та, шартарап та толық сезінген.
Елбасының президенттік қызметінің алғашқы күнінен-ақ елдің назарын аударып, қолдауына ие болған маңызды мәселенің бірі – Қазақстандағы білімді білікті ету саясаты. Біле-білгенге бұл асқан болжампаздықтың көрінісі. Ел егемендігін баянды етуде оқу-білімнің маңыздылығын жете түсінген Елбасы экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға тиянақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Ол бүгінгі таңдағы дүние жүзінің барлық елдерінде белең алған экономикалық дағдарыс әсер етіп отырған жағдайдың өзінде білім саласына берілген қаржыны азайтпау жөнінде Үкіметке тікелей тапсырма берді. Неге? Себебі, кең байтақ елімізді өркениет дамуына ілестіру үшін, қойнауында жатқан ен байлықты тиімді игеру үшін қазақ жұрты жаңа заман технологияларын меңгеруі қажет. Ал, жаңа заман технологияларын меңгеру үшін білімді, білікті мамандарды молынан әзірлеу еш уақытта көптік етпейтіні сөзсіз. Бүгінгі жас өскін – елімізде қабылданған стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыратын болашақ маман. Ол – еліміздің кемел келешегі. Сондықтан, бүгінгі жаһандану үрдісіне үн қосып, кезеңдік шектеулікке бармай, томаға-тұйықталмай, икемділікпен, ұтқырлықпен алға жылжып келе жатқан дүние жүзі мемлекеттерінің білім жүйелерін үлгі етіп, керек болса өзіміздің ұлттық мектебіміздің ұлы мұратына сай бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен бағдарламаларын ұсыну кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі еді. Елбасы осы маңызды мәселені дер кезінде аңғара білді. Міне, орта білімді ақпараттандыру, дарынды балаларды табу, оқыту мен оны дамыту, соның алғашқы бастамасы – Президенттік “Дарын” бағдарламасы, одан кейінгі тәуелсіз еліміздің жаңа мамандарын даярлауға арналған 1993 жылғы “Болашақ” халықаралық бағдарламасы секілді мемлекеттік маңызы зор жобалар дүниеге келді. Бұл бағдарламаның әлі күнге жемісті түрде жүзеге асып келе жатқандығы көңілге ерекше қуаныш ұялатады.
Бүгінде еліміз “Болашақ” бағдарламасы бойынша жылына 3000-нан астам жас жеткіншекке әлемнің ең беделді оқу орындарында білім алуға мүмкіндік жасап отыр. Бұл – еліміз жастарының ертеңіне сенімін арттырады. Расында, білімнің негізінде болашаққа деген шынайы сенім мен үкілі үміт, өз халқына деген ізет-құрмет пен қадір-қасиет жатқанын Елбасы жақсы түсінді. Ол тәрбие мен оқу-білімді егіз дүние ретінде қарастырып, тәрбие арқылы берілетін білімнің болашағы әрқашан баянды болатынын назарынан ешқашан тыс қалдырмады. Бұл ретте “Қазақстан – 2030” Стратегиясында Елбасы: “Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты”, – деп айрықша атап айтса, биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты” – деп білім беру саласын дамытудың қаншалықты маңызды екендігіне жұртшылықтың назарын аударды.
Бұл орайда Н.Ә.Назарбаев мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу, “Балапан” арнайы бағдарламасы, 12 жылдық оқыту моделі, кәсіптік және техникалық білім беру, жоғары білім берудің сапасы, интеллектуалды мектептер, жаңа халықаралық университет сынды бірқатар соны іс-шараларды саралап алға қойды.
Бүгінгі таңда ХХІ ғасырдың білім беру саласы негізгі үш ерекшеліктен тұратынын байқауға болады. Олар: біріншіден, адамдар өмір бойы алған білімдерін жаңғыртып, дамытып отырады; екіншіден, оқушының жас, ой, мүмкіндік ерекшеліктеріне қарай білім беріледі; үшіншіден, бүкіл білім беру жұмысы халықаралық деңгейде басқалармен қатар, қат-қабат іске асырылады. Былайша айтқанда, білім бәсекеге сәйкес, қазіргі кезеңнің талабына сай жұмыс істеуге бағытталады. Бұл ерекшеліктер қазірдің өзінде бізге байқалып келеді.
Мысалы, ақпараттық технология саласындағы жаңалық күн сайын емес, сағат сайын жаңару үстінде. Бұл салада бір сәт кеш қалу дегеніңіз ізбе-із өкшелеп келе жатқан бәсекелесіңе орын беріп, жолдан ығысып, шығып қалу деген сөз. Ал, сол жаңарған технологияны өз уақытында тілін тауып, жұмыстың мүддесінен шығудың өзі тыным таппай ізденуді, білмегеніңді күні-түні үйренуді талап етеді. Жоғарғы технология саласын айтпағанның өзінде, қарапайым өмірде осыдан оншақты жыл бұрын компьютерді игеру дәл бүгінгідей жалпыхалықтық сипатқа ие болуы мүмкін еместей көрінуші еді. Өзіміз куә болып отырғандай, жағдай жылдам өзгерді. Бүгін кез келген жұмысты компьютерсіз елестете алмайсыз. Бұған итермелеп отырған да заман талабы. Бұл нені білдіреді? Бұл – бұдан былай білім берудің өзінің жаңа технологиясын игеру керектігін аңғартады. Яғни, білім беруді де жаңа әлемдік стандарттар мен жаңа нормаларға, тың қалыпқа негіздеу керек. Бүгінгі дүниежүзілік білім бәсекесі бізден осыны талап етіп отыр. Білім бәсекесі демекші, алған білімің басқалардың білімімен бәсекеге түсе алмаса, онда уақыттың босқа шығын болғаны. Сондықтан алған білімнің бәсекелестікке қабілетті болуы білім алушының бейіміне тікелей байланысты. Оның маңыздылығы да осында жатыр. Өйткені, білімді игеру – айтуға оңай болғанмен, жай шаруа емес, аса күрделі құбылыс. Білімді игеру үшін тынбай іздену, үйрену жеткіліксіз, сонымен бірге білім алушының бейім-қабілетін білу керек, сонда ғана белгілі бір нәтиже шығатынына сенуге болады. Әйтпесе, төгілген тер де, кеткен шығын да, бәрі бекер. Бейім демекші, оның тасасында табандылық пен құштарлық, батылдық пен өз құнын білетін алғырлықтың жасырынып тұратыны белгілі. Ойымыз жұртшылыққа түсінікті болу үшін, оны үлкен кеңістікке алып шығып дамытуымыз қажет.
Халықаралық деңгейдегі білімнің басты бір ерекшелігі – күшті нарықтық бәсекеге қажет кадр даярлау ісі болса керек. Ал, бәсекеге қабілетті болудың алғышарты оның ішкі механизмін қалыптастыратын жүйе құру деген сөз. Бұл тақырыптағы мәселенің мән-жайы осыған байланысты күрделене түседі.
Бүгінгі кезеңде отандық білім берудің ұлттық моделін құруға байланысты қыруар шаруалар атқарылу үстінде. Ал, бұл мәселе төңірегінде іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына оншақты жыл болды. Қазір осыған орай республикамызда заңнамалық және нормативтік-құқықтық база қайтадан құрылу жолында. Нақтылай түссек, Елбасының тапсырмасына орай халықаралық стандарттарға сәйкестендірілген қазақстандық білім беру жүйесіндегі реформалар жүзеге аса бастады.
Айталық, білім беру мазмұны мен құрылымын жаңартудан басқа, жоғары білімді мамандарды дайындаудың үш сатылы моделін – бакалавриат – магистратура – докторантура PhD – қабылдау мен білім беру жүйесін жаңаша басқару үрдісі қалыптасты. Алайда, бұл жерде айта кететін бір мәселе, білім берудің ұлттық моделі мен ұлттық жүйесі ұғымдарының ара салмағы мен айырмашылығын, ұқсастығын салыстыра зерттеген ғалымдар “ұлттық жүйе” ұғымының аясы “ұлттық модель” ұғымына қарағанда әлдеқайда кең әрі күрделі екендігін айтады. Әдетте, ұлттық модель ұғымында негізінен білім берудің формасы мен құрылымы, сондай-ақ оның мазмұнының бірлігі төңірегінде әңгіме қозғалады. Ал, білім берудің ұлттық жүйесі дегенде, жоғарыда сөз болған ұғымдармен шектеліп қалмай, оларға қоса білім саласының барлық деңгейдегі буындарының инфрақұрылымдары, атап айтқанда, құқықтық-нормативтік және материалдық базалары, оқу-жаттығу алаңдары, кадр мәселесі, оқу-әдістемелік құралдары, тағы басқа толып жатқан проблемалары кеңінен қамтылады. Міне, осыдан-ақ білім берудің ұлттық жүйесінің инфрақұрылымдарын тез арада шешу туралы Елбасының берген тапсырмаларының қаншалықты зор ауқымы мен қатаң жауапкершілігін сезінуге болады деп ойлаймын.
Осы тұста “12 жылдық мектеп” моделін енгізу мәселесіне байланысты бірер сөз айтқан жөн секілді. Өкінішке орай, біз осы кезге дейін 12 жылдық білім беруге өтудің түпкілікті мәнін, әлеуметтік мағынасын, Қазақстан қоғамы үшін тарихи тағдырлық сипатын жалпыұлттық деңгейде түсініп біткен жоқпыз. Сол себептен бұл орайдағы қоғамдық санада оған деген көзқарастың екі жарылғандығын былай қойғанда, салғырттықтың, жайбарақаттылықтың орын алғанын да ашық мойындауымыз қажет. Ең алдымен, бұл жұмыстың толыққанды атқарылуы үшін оның заңнамалық-нормативтік негізін жаңарту, оны жеткілікті түрде қаржыландыру, бұл мектептің жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін материалдық-техникалық база қалыптастыру, 12 жылдық мектептің сұранысына сай келетін қажетті оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер жазып дайындау жайы алға жылжымай тұрғаны анық. Осы жәйт Елбасының биылғы жылдағы халыққа Жолдауында тағы да сөз етілді. Жолдауға сәйкес 12 жылдық мектеп 2020 жылы толыққанды жұмыс істей бастауға тиіс. Ал, Қазақстан Республикасы дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында нақты көрсетілгендей, 12 жылдық білім беруге көшудің мерзімі 2015 жылдан басталуы белгіленіп отыр. Осы мерзім ішінде отандық білім берудің жаңа жүйесіне көшуге байланысты барлық әзірлік жұмыстары өз мәресіне жетуі тиіс. Басқаны қайдам, өз басым Президенттің “12 жылдық мектеп” моделін енгізуге байланысты бастамасы жұртшылық тарапынан қолдау тауып, межеленген уақытында іске асырылатынына сенімдімін.
Нарық қатынастары өмірімізге терең тамыр тартумен бірге, экономикалық ілгері басуымыздың да негізіне айнала бастады. Ол – ол ма, қоғамдық санамыз бен ұлттық психологиямыздың өзі өзгеріп, жаңалыққа тосырқай қараудан арылып, әлеуметтік батылдық пен азаматтық бастамашылыққа бой ұра бастадық. Қоғамдағы осы жаңа серпінді айқын аңғарған Елбасы қайсыбіреулердің қатаң сынына ұшыраған “Тілдердің үштұғырлығы” бағдарламасын ұсынды. Мұндағы негізгі мақсат – үшінші мыңжылдықта қарқыны жеделдей түскен жаһандану, шекара талғамайтын экономика-қаржы және ақпарат ағымдары заманында еңбек ресурстарының бәсекелестігін арттыру мәселесі көзделген болатын. Басқаша айтқанда, мұнда мемлекеттік тіл – қазақ тілін, ұлтаралық қатынас тілі – орыс тілін және халықаралық тіл – ағылшын тілін халықтың неғұрлым көп бөлігінің меңгеруіне бағытталады. Осы жерде ерекше назар аударатын нәрсе, Мемлекет басшысының “тілдердің үштұғырлығы” идеясын бүкіл ұлттық идея деңгейіне көтеру қажет. Неге десеңіз, біріншіден, бұл идея халқымыздың болмысында ежелден-ақ бар “жеті жұрттың тілін біл” деген бағалау өлшеміне сай келеді; екіншіден, қазіргі бәсекеге негізделген өмірлік қағидалардың өзі бізден, біздің буыннан осыны талап етіп отыр. Пікірімізді мысалмен дәйектейік. Жер жүзінің өркениетті елдерінде білім – ең алдымен экономиканың негізгі өндіруші саласы болып есептеледі. Яғни, білім мен ғылым өзін-өзі асырай алатын болуы керек, өзін-өзі асырай алғаны елді де асырай алғаны, қалың халыққа жағдай жасалғаны. Ендеше, білім мен ғылымды дамытпай, мемлекетті алға сүйреу мүмкін емес. Ал, нарықтық экономикада еңбек ресурстарының бәсекелестігі өзінен өзі алдыңғы кезекке шығады. Еңбек ресурстарының бәсекелестігі тікелей білімге қатысты. Әсіресе, қазіргі әлемдік жаһандану кезеңінде жастарға берілер білімнің мазмұнының ұлттық құндылықтарға, мәдениетаралық түсінік-пайымға, ақпараттық жетістіктерге, сонымен бірге, әрине, халықаралық тілдерді меңгеру үрдісіне де қатысы орасан. Жаңа технология мен қаржы-экономиканың тілі болып есептелетін халықаралық тілдерді меңгерген адамның жұмысты да қиналмай, тез табуға мүмкіндігі болады. Бәсекеге қабілеттілік дегеніміздің өзі осыдан шығады. Біз қаласақ та, қаламасақ та бұл жәйт бүгінгі күннің шынайы шындығы, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Елбасы көтерген “тілдердің үштұғырлығы” дегенде біз, ең алдымен, осы мәселені түсініп алғанымыз жөн. Сосын осыған айрықша мән бергеніміз абзал.
Алайда, біздің бұл бағдарламаны ғылыми негізде ұйымдастырып, жемісті жүзеге асыруда аздап кешеуілдеп келе жатқанымыз рас. Қалай дегенде де, әуелі ұғынып алатын нәрсе, бұл жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тарихи орнын, атқаратын қызметі мен миссиясын, әлеуетін ешкім төмендете алмайды. Мәселе – педагогикалық-психологиялық тұрғыдан бүкіл әлем зиялылары мойындап, басшылыққа алып отырған “тұлғаның ой-өрісін баспалдақтап дамыту теориясына” сәйкес білім беру мен тәлім-тәрбие үрдістерін жүйелі түрде ұйымдастыруда болып отыр. Бұл теория бойынша әуелі бір тілді – ана тілін толық әрі тиянақты меңгеруді, ал, содан кейін оған сүйене отырып екінші тілді, оларға сүйеніп үшінші тілді, тағы басқа да тілдерді еркін игеруді талап етеді. Түйіндеп айтқанда, білім беру саласында әлемдік озық үлгілермен қатар, тарих қойнауынан әбден екшеліп, сүзгіден өтіп шыққан ұлттық ойлау тәсіліне де барынша көңіл бөлінуі тиіс. Сонда ғана біз қазіргідей күрделі кезеңде бәсекелестікке қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеуге қол жеткізе алатын боламыз. Елбасы “тілдердің үштұғырлығы” бағдарламасын ұсынғанда, міне, ең әуелі осы мәселелерді шешіп, өмірге енгізуді міндеттеп отыр.
“Ертеңін ойламаған ел азады” дейді халық даналығы. Барын бағалап отыратын, ұрпағына үмітке сай білім беріп, тәрбиелейтін ел озады. Осы орайда, мемлекетіміздің интеллектуалды қорын құру жолындағы игілікті бастамаға Мемлекет басшысының өзі тікелей ұйытқы болып отырғанын айрықша айтқан орынды. Әңгіме – 2009 жылдан бастап іргесі қалана бастаған Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектептері туралы болып отыр. Мұндай мектептердің алғашқысы былтыр Астанада ашылса, одан кейін іле-шала Семей, Көкшетау қалаларында көш түзеді. Бұларда барлығы 1854 оқушы білім алып жатыр. Білім берудің осы инновациялық моделі біртіндеп еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асатын болады. Қазір бұл мектептердің алғашқы жемісін де көре бастадық. Елбасының өзі “ұлттың үміті” деп баға берген ондағы оқушылар халықаралық және республикалық пәндік олимпиадаларға, сараптамалық ойлау мен үлкен ізденісті қажет ететін ғылыми жобалар сайысына қатысып, толағай табыстарға жетіп жүр. Осындай жетістіктердің нәтижесінде Қазақстан осы жылы шілде айында Астанада ТМД кеңістігі елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып 51-ші халықаралық математикалық олимпиаданы өткізу мәртебесін иеленді. Сарапқа салғанда, бұл қазақстандық білім беру жүйесінің үлкен табысы. Енді Астана мен Өскемен қалаларында химия-биологиялық бағыттағы және Талдықорған қаласында физика-математикалық бағыттағы интеллектуалдық мектептер өз есігін айқара ашатын болады. Ал, 2020 жылы аталған жоба аясында жалпы Қазақстанда осындай үлгідегі 20 мектеп жұмыс істеуге тиіс.
Аталған білім ордаларының жұмысына Президент өзінің биылғы халыққа Жолдауында айрықша тоқталғанын жоғарыда атап өттік. Интеллектуалды мектептер экономиканың маңызды салаларында және ел ғылымында бәсекеге қабілетті менеджерлер дайындауға қолғабыс етеді. Ал оның даму бағыттарына келсек, мұнда 1) дүниежүзілік сапа мен еңбек ресурстарындағы білімнің өтімділігі; 2) жеке-дара білім мен дербес қабілеттерді баулу; 3) жаратылыстану-математикалық бағыттардағы пәндерді тереңдетіп оқыту арқылы бейінді білім беруді қалыптастыру; 4) үштұғырлы тіл үлгісін іске асыру; 5) жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Бұл мектептердің барлығы да физика-математикалық және химия-биологиялық бағыттарда терең білім беретін болады.
Осы күндері Елбасы жүктеген міндет үдесінен шығу жолында интеллектуалды мектептердің стратегиялық мақсаттары, білім бағдарламалары, ішкі құрылымдары, сыртқы байланыстары жан-жақты үйлестірілу үстінде. Әлемдік білім деңгейіне кірігу үшін өзімізде бар нәрсемен шектеліп қалмай, оны қазіргі және болашақтағы заманауи жетістіктермен ұштастырудың пайдасы ұшан-теңіз. Әрине, әлемдік білім жетістіктерінің жақсы нәтижелерін үлгі еткенде, өзіміздің де тарих қойнауында қайнап, сұрыпталып шыққан сүбелі табыстарымыз шетін қалмауы тиіс.
Халықаралық және қазақстандық білім беру бағдарламаларына кіріктірілген осы күнгі оқу үш деңгейде жүргізіледі: бастауыш мектеп – негізгі орта мектеп – жоғары мектеп. Бұл үштұғырлы білім жүйесі бірін-бірі толықтырып отыруға тиіс. Онсыз білім де, тәрбие де тереңдей түседі дегенге сену қиын. Бір біз ғана емес, басқа жұрт та байқаған болу керек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен өткен жылы дүниеге келген “Интеллектуалды ұлт – 2020” ұлттық бағдарламасының басты мақсаты да осы – қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу, сөйтіп бүгінгі ғаламдық дамудың арқа сүйейтін негізгі байлығы – бәсекелестікке қабілетті адам капиталын қалыптастыруға негізделген. Өйткені, қазіргі кезде кез келген мемлекеттің табысы – оның жер көлемі мен табиғи қорларының көптігінде емес, бәрінен бұрын адам мүмкіндіктерінің сапасына сүйенеді. Білімі қаншалықты жоғары мемлекеттің бүгінгі әлемдік қауымдастықта бәсекелестікке қабілеттілігі соншалықты биік болмақ. Осы жағдайда ерте бастан өркениетті мемлекеттерде интеллектуалдық бәсекелестік жүріп жатқаны даусыз. Бұл – бірінші түйін.
Екіншіден, қазіргі кездегі білім беру жүйесінің міндеті – жастардың білім алып қана қоймай, алған білімін үздіксіз дамытып, оны бойына сіңіріп, тәрбиелі, әдепті, бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды-үйлесімді болуын қамтамасыз ету. Жаңа көзқарас ұлтты ойлануға, ойлауға үйрету арқылы қалыптан тыс көкжиекке көз жіберуге тәрбиелеу, білімді өз бетінше зерделеу, технологиялар мен инновациялардағы жаңалықтарды жүзеге асыра білу бейімділігімен бағаланады. Жастарымызды осындай мақсатта тәрбиелеуге біздің зор мүмкіндігіміз бар екендігіне дау жоқ. Міне, Тұңғыш Президенттің интеллектуалдық мектептеріне қойылатын талаптар осыларға негізделген.
Елдің адами капиталы тек білім арқылы ғана көрінетіні сөзсіз. Ал, білімде серпіліс болмаса – инновациялық дамуда серпіліс болмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан, қазақстандық университеттер “білім экономикасы мен әлеуетінің” ұйытқысы, елдің инновациялық дамуының тегершігі болуға тиіс. Мұндағы айтпағымыз, әлемдегі білім мен ғылымның, мәдениеттің ең соңғы тоғысатын жері – жоғары білім. Бізді қоршаған әлем үнемі өзгеріс үстінде дамып отыратындығы баршаға мәлім. Ол қаншалықты күрделенген сайын, оны шешетін жаңа мүмкіндіктерге де кең өріс ашылып отырады. Бұл жағдай, сөз жоқ, студенттерден дүниежүзілік деңгейде мойындалатын сапа белгісінің болуын талап етеді. Біздің “халықаралық стандарт” деп жүрген өлшемдер – осы сапаның түрлі жағдайдағы көрсеткіші мен белгісі іспетті.
Осыған байланысты отандық университеттер рейтингі жөнінде қатаң талаптар қойылды. Жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі қызметін жандандыру туралы тапсырмалар берілді. Қазіргі күн тәртібінде тұрған мәселе – оқу орны мен мамандықтарды халықаралық аккредитациядан өткізу жайы – Президенттің жеке бақылауында. Мұнда бізге саннан гөрі сапаның маңызды екенін өмір талабы көрсетіп отыр. Ендігі жерде университеттеріміз білім экономикасының өзегі ретінде еліміздің инновациялық дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бұл – біздің басты мақсатымыздың бірі әрі бірегейі.
Ағымдағы ғасыр адамзат баласының алдына шешімі күрделі әрі іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу, кірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Соны ерте түсінген дүние жүзі мемлекеттері мен олардың білім жүйелері жаһандану үдерісіне үн қосып, бұдан әрі дамудың жаңа стратегиялары мен жобаларын ұсынуда. Мұны Мемлекет басшысы біліп, көріп, сол күрделі қиын кезеңнен елімізді қайткенде аман алып шығудың қамын ойластырып жүргені жаһан жұртының назарында. Осыған орай Жолдауда аталған Астанадағы әлемдік деңгейдегі “Жаңа халықаралық университет” жобасы іске асырылды.
Бұл университет Елбасы есімімен аталып, жуырда есігін айқара ашты. Халықаралық деңгейдегі университеттің алдына қойып отырған міндеттері орасан зор. Айталық, оның білім беру бағдарламасына: 1) ақпараттық-коммуникациялық технология; 2) өнер және әлеуметтік ғылымдар; 3) инженерлік және технология; 4) жаратылыстану ғылымдары институттары енеді деп жоспарланып отыр. Жоба әріптестерінің қатарында: Корея политехникалық университеті; Нью-Джерси технологиялық университеті, Кент мемлекеттік университеті, Питсбург университеті, “Айдын” Ыстамбұл университеті т.т. бар. Бұл аталған жоғары оқу орындарының халықаралық беделі әлемге әйгілі.
Рас, кез келген білімнің мақсат-мүддесі болатыны шындық. Біздің қазіргі жағдайымыздағы оның негізгі мақсаты – елдік сана мен мемлекетшілдік рухты қалыптастыру, ұлтсыздықпен күресу, тәуелсіздікті баянды ету болуы керек.
Осы орайдан келгенде, Елбасының ел ішінде, жастар арасында жүргізіп отырған саясатының сындарлы үлгісі – ұлттық тәрбие мәселесіне қатысты. Әрине, әр ұрпақ өз заманының проблемасын өзі шешуі керек екені өзінен-өзі түсінікті. Алайда, сол мәселені ұлттық ұлағат негізінде шешсе, мұндай ұрпақтың жүзі жарқын, рухы биік, жолы даңғыл болмақ. Бүгінгі жастардың психологиясы, таным түйсігі, алдына қойған мақсат-бағдары мүлдем басқаша екендігі өздерінің алдындағы аға ұрпаққа ешқандай ұқсамайтыны анық. Қазіргі қоғамда болып жатқан жағдайлар өкшебасар ұрпақты бәрібір өз иіріміне тартып әкетіп, дегеніне көндіріп бағуда. Тіпті, ұлттың құрамы да ала-құла. Ұлттың құрамы ала-құла болған соң, тілі де, ұстанатын дәстүрі де, мәдениеті де, тіпті дініне дейін біркелкі болмауы мүмкін. Осыған байланысты Қазақстандағы бүгінгі қоғамдық қатынастар күрделі өзгерістерді бастан кешіруде. Елімізде осындай жағдайды жіті әрі дер кезінде пайымдаған Мемлекет басшысы ұлттық тәрбие туралы қағидатын ұсынды. Бұл, әлемдік кеңістікте өз жолын таңдаған Қазақ елінің бүгінгі талабы мен өмірлік қажеттілігінен туындап отырған жағдай.
Ал енді Елбасы ұсынған ұлттық тәрбие туралы қисынды қалай қалыптастырамыз, оны жүзеге асырудың жолдары мен амалдары қандай деген мәселеге келсек, мұнда бірден ескеретін нәрсе, бұл аса күрделі, әрі сонымен бірге өте-мөте нәзік, ерекше маңызды шаруа. Сондықтан, бұл мәселеге асқан жауапкершілікпен, ыждаһаттылықпен, өзара түсіністік пен келісім, ынтымақтастық пен сенім арқылы келгеніміз жөн, яғни әр түрлі жақтар бірін-бірі ести, түсінісе алатындай, жанашырлықпен қарайтындай болуы керек. Түсінісу – басқа этностың, өзге мәдениеттің материалдарын тек теориялық тұрғыдан ұтымды түрде ұғыну емес, сонымен қатар оны шын жүрекпен қабылдау. Өзара келісім – бірін-бірі “шекесі шытынап отырса да амалдың жоқтығынан шыдап қана” қабылдайтын жасанды шарт болмауға тиіс, ол елдік мақсаттар мен мемлекеттік міндеттердің шынайы ортақтығын көрсететін құбылыс болуы керек. Мәселені бұлай қойып отырғанымыз мұнда қалайық, қаламайық, ең алдымен, мемлекет құруға ұйытқы болып отырған этностың мүддесі бірінші кезекте көтеріледі. Сондай-ақ, мемлекеттік мүдде онымен қатар қойылады. Себебі, біз бұдан былай бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қанаттаса, ықпалдаса даму жолын таңдап отырған елміз. Демек, бұдан шығатын қорытынды – оның (адамзат баласының) осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалану міндеті болмақ. Сонымен бірге бүгінгі уақыттың талабы мен сұранысын өтеп отыру да кезек күттірмейтін негізгі мәселелердің бірі болып есептеледі. Бұл үшін, сөз жоқ, Қазақстанның негізгі этносы болып саналатын ұлтты қай тұрғыдан да жаңа сапаға, жаңа интеллектуалды дәрежеге көтеру көзделеді. Былайша айтқанда, ұлттық тәрбие деген сөзді – бірыңғайлану немесе бір мәдениетті екінші мәдениетке сіңіріп жіберуі, олардың бір-бірін өзара жұтып қоюы, яки көптүрлілікті жасанды түрде сақтау деп түсінбеу керек. Ұлттық тәрбие ұғымын әдеттегі қалыпқа салған дәреже түрінде емес, мазмұнды-диалектикалық мағынасында қарастырсақ, ол – барлық өзара ықпал мен әрекетке түсуші жақтардың жалпы мемлекеттік мүдде үшін іске асыратын жасампаздық байланысы болып табылады. Яғни, біртектілік – көптектіліктің ішкі өзара үйлесімді байланысы, өзара бірліктегі көптүрлілік болып шығады. Сондықтан, Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұсынып отырған ұлттық тәрбие ұстанымын көптүрліліктің біртүрлілікте дамуы ретінде қарастыруға әбден болар еді. Шындығында, кез келген қоғамдық дамудың өзі бір-бірімен шығармашылық ықпалдасудың, өзара баюдың, біртұтас дүниенің көптүрлі жақтарының өзара кірігуі арқасында жүзеге асады. Ал, басқа жағдайда қанша қаласаңыз да көптүрлілік дамымайды, керісінше, ыдырауға бейім тұрады.
Расында, қандай халықтың да тәрбие негізінде адамға деген сенім мен құрмет, мейірім мен шапағат, сыйластық пен түсіністік жатады. Жастардың тәрбиесімен айналысатын ұстаздар өз ұстанымын осы мақсатты іске асыруға пайдаланса, онда елімізде бейбітшілік пен бірлік, ынтымақ қашанда қанатын жайып тұратыны сөзсіз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.