• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2010

ЖАҺАНДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ НЕМЕСЕ ОРНЫҚТЫЛЫҚҚА СЫНАҚ

2575 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап кеден одағы нақты іске кірісті. Бұл одақтың жаһандық экономикалық үдеріске өзіндік әсер ететіні анық. Төменде осы туралы жазылған ғалым мақаласында айтылған ойлар соның бір дәлелі. Жаһандық экономика өзінің серпінді даму жолында тұтынушылар мен өнім өн­ді­рушілерге де ортақ дамудың қолайлы жол­дарын үнемі іздестіру үстінде. Барлық елдің кәсіпкерлері, іскер бизнесмендері өз тауарларын өткізу жолында әкімшілік тос­қау­ылдар мен кедергілерді жоюға, әсіресе сырт­қы рынокта оларды төмендетуге ұмтылады. Жаһандану жағдайында ұлттық эконо­ми­каның ашықтығы деңгейіне қойылар та­лап өсті. Ұлттық экономиканы шетел бәсеке­лес­­ті­­гінен қорғауға арналған саясатты жақ­тау­­шылар, атап айтсақ, протекцио­нис­те­р ішкі рынокты қорғаудың түрлі тарифтік және тарифтік емес тәсілдерін тауып, қол­дан жасалған кедергілерді қойса да эко­но­микалық кеңістік өз үстемдігін бірте-бірте көр­сетіп келе жатқандығын мойындау қажет. Жаһандық дағдарыс кезеңінде еркін, еш кедергісіз рыноктарға ұмтылуға деген күрес күш алды. Осы себепті протекционистер сұраныстың төмендеуі, сондай-ақ тауардың өту рыногы азаюына байланысты едәуір байқалымды шығынды бастан кешірген ұлттық тауар өндірушілерінің қысымына түсті. Бұл мәселенің басты шешімі – елдің ішкі рыногына ешкімді кіргізбеу болатын. Бірақ бұл да оңай болмай шықты. Осы кезде екінші мәселенің басы қылтиды. Әлемнің бірігуі, мемлекеттердің өзара қа­рым-қатынасы, аймақтардың мамандануы тым тереңдеп кеткен болатын. Іс жүзінде бүкіләлемдік саудаға қатыспайтын, өз кооперациялық өндіріс жүйесі бар ел болмай шықты. Ал протекционистердің өздері болса экспортқа бағытталған тауар өндіретін өз өндірушілеріне зиян келтіреді. Сондықтан сыртқы саудада біржақты пайда көріп қалу мүмкіндіктері нәтижесіз. Әлем сауда майданының кезеңдері мен сатыларынан, шекаралардың жабылып, кедендік кедергілердің ақылға сыятын және сыймайтын түрлерін бірнеше рет бастан өткізген болатын. Алайда, бір-біріне берген соққылардан кейін бұл елдер өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастың оңтайлы жолдарын іздеу мақсатында қайтадан келіссөз үстеліне отыруға мәжбүр болды. Нәтижесінде сауда мен тарифтер жөнінде Уругвай келісімі (ГАТТ) дүниеге келіп, оның негізінде БСҰ құрылды. Бұларға қоса 200-ден астам ықпалдасқан, экономикалық және кедендік одақтар мен еркін сауда аймақтары пайда болды. ГРЕК ДРАМАСЫ: ТҮЙІНДІ МӘСЕЛЕНІҢ ҚҰНЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ? Мұндай біріккен ұйымдардың тарихын қарап отырсақ, ұлттық мүдде мен бір-біріне жол беру, ортақ игілік үшін шектеу қою­лар­дың драмалық күресіне толы. Бір ұйым­дар мен одақтар жемісті жұмыстардың арқа­сында біршама алға жылжып кетсе, енді біреулері даму кезеңдерінің бірінде тоқтап тұр, ал үшіншілері бір-біріне жол бергісі келмей, бәсең қимылдау салдарынан бір орынды шиырлауда. Экономикалардың дамуы түрліше болғандықтан жетістіктерге де түрліше жетеді, осы себепті үнемі қарама-қайшы­лық туындап отырады. Ал тиімді қызмет жа­сайтын ықпалдасу тетіктері мен құры­лы­мының арқасында бұл қарама-қайшы­лық­тар дер кезінде шешіліп, тігісі жатқызы­лады, қарым-қатынастар үндеседі. Осы­лайша елдердің шоғырланып дамуы ортақ игілікке айналып, одан әрі дами түседі. Осындай ширыққан жағдайлардың туындауына Еуропалық одақтағы гректердің басындағы драмалық жағдай мысал бола алады. Мәселенің мәнісі – елдің қалтасына қарамай, ақшасын есептемей өмір сүруі. Осының салдарынан бюджет жетіспеушілігі өз шекарасынан асып кеткен, грек еліне дефолт қаупі төніп отыр. Жағдайлы гректер өз ақшаларын асығыс шетелге асыруда, негізінен Кипрге жіберуде. Грекия еуро жасап шығара алмайды. Германия мен Франция белсенді көмек көрсетуден теріс айналды: олар өз бюджеттеріне залал келті­ру есебінен көмек қолын созғысы келмейді. Ішкі мәселелерін шешуді гректердің өзіне алуды ұсынды. Ел Үкіметі болса “екі оттың ортасында” жүгіріп жүр, халық өмір сүру деңгейін төмендетуге қарсы, ауыртпалықты байлардың иығына артып қоюды талап етіп, көшеге шығуда. Ал Еуропалық кеңес еуро­палық жұмыс стандарттарына сәйкес жұ­мыс істеуге шақырады, олардың айтуын­ша жоғары деңгейде өмір сүруді сұрап алмау керек, керісінше, еңбекпен табу қажет. Осылайша, Еуропалық кеңес таңдау алдында тұр. Грекияны кеңестен шығарып жіберу керек пе әлде, жоқ па? Егер шығарса, келесі кезекте кім және әрі қарай не болмақ? Осы сипаттағы Португалия мен Испаниядағы жағдайларға байланысты, пессимистік болжамдар шындыққа келе ме? Бүкіл әлем тынысын тартып, осынау түйінді мәселенің шешімін күтуде. ЖІБЕРІЛГЕН ҚАТЕЛІКТЕРМЕН ЖҰМЫС Соншалықты күш-қуатпен, маңызды ыждаһаттылықпен құрып, оған қоса адам­затқа ойға келмеген игілік әкелген өзара қа­рым-қатынас жібін үзу керек пе, жоқ әлде уақытша қиындықтар алдында мойы­май, ортақ қателіктермен жұмыс істеп, да­му­ды одан әрі жалғастыру қажет пе? Соңғы оқиғалардың талдауына қарасақ, әлем алға жылжу шешіміне бекем екендігін көреміз. Рейтингтік агенттіктерінің пікіріне қарамас­­­тан ЕК пен Халықаралық валюта қоры Гре­кияға 110 млрд.еуро көлемінде көмек берді. АҚШ биржасы алыпсатарлар туында­та­тын қаржылық қатерді жою, тәуекелділікті төмендетуде белсенді шаралар жүргізуде. Қытай халықаралық сауданы қалыпқа кел­тіруді жоспарлауда. Ал Ресей өзіне әлемдік энер­гетикалық рынокта, әсіресе газ сала­сын­да ұзақ жылдарға созылатын міндетте­ме­лер алды. Жаһандық экономикада дағ­да­рыстан кейінгі қарым-қатынастар деңгейін реттеу жұмыстары жанданды. Дағдарысты бастан өткеріп, одан біраз сабақ алған инте­гра­циялық ұйымдар ендігі жерде қарым-қа­ты­настарын жаңа деңгейге көтеру мақсатында. Посткеңестік кеңістікте, еркін сауда айналымының ерекше аймағы қалыптасқан өңір – ТМД. Көптеген қиындықтар мен жіберілген қателіктерге қарамастан ЕК тәжірибесін қолдана отырып, интеграция­лық үдерістердің тереңдеуіне арналған жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Осы жолда ЕврАзЭҚ қалыптасып, БЭК құрылуы бойынша қарқынды жұмыстар жасалуда. Кеден одағының құрылуы, жоғарыда атап өткеніміздей, өзара ықпалдасқан, еркін экономикалық аймақ құру үдерісінің жаңа кезеңі. Тәуелсіз ел ретінде бөлек өмір кеш­кен жиырма жылдың ішінде олар біршама жетістіктерге жетіп, жеке мемлекет ретінде өмір сүре алатындықтарын дәлелдеп шық­ты. Бірқатар күдік пен қатерлерге қара­мас­тан, олар жеке-жеке ел ретінде әлемдік қауымдастықтардың беделді мүшелері бола алды. Дегенмен, ұлттық экономиканың қал­пына келуіне байланысты қандай саланың өнімдері әлемдік рынокта сұранысқа ие болады, болашағы бар өндіріс орындарын анықтау жөнінде сұрақ та туындады. Ал оның шешімі жаһандану жағдайында әр мем­лекетке қиындау түсері анық. Дегенмен жаңа ұйымға біріге отырып, олар өздерінің бағыттарын елеулі түрде күшейте түспек. Қазақстан әлемнің 202 мемлекетінің 192 елімен сауда-экономикалық байланыста. Соңғы жылдары өскелең халықаралық бәсекелестіктің аймағына айнала отырып, қатты бәсекелестікпен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономикадағы ықпалдасу сипаты қарама-қайшы екенінде дау жоқ. Көшбасшылар бар, сондай-ақ аутсайдерлер де жоқ емес. Әлемдік сауда жүйесінде ешкім артта қалғысы келмейтіні түсінікті. Көшбасшылыққа апаратын жолдың есігі теория бойынша ашық, ал іс жүзінде оған қол жеткізу өте қиын. Өйткені адамзат брен­ді қалыптасып үлгірген өнімдерді са­тып алу арқылы сол сауда маркаларына ар­тықшылық береді. Осы орайда айта кететін жәйт, ел ғалымдары қазақстандық эконо­ми­каның жеке факторларын қолдану мүм­кіндігі жете зерттеліп, талдауы арқасында ел дамуына маңызы тиетін салалар анық­талған. Қазақстандықтар қазіргі заманғы өркениетті әлемнің толыққанды мүшесі болғысы келеді. Ал оның негізінде өзге елдермен лайықты әріптестік жағдайын жасай алатын тиімді экономика болуы керек. Бірақ мұны қазіргі кезде шикізат қоры қамтамасыз етіп отыр. Жоғары дамыған және дамып келе жатқан елдермен жарысып, бәсекеге қабілетті қайта өңдеу саласын құрып, жоғары қосымша құнмен өнім шығару өте қиын. Сондықтан бұрын таппаған қуыстарды зерттеп, бизнес көк­жиегін кеңейту керек. Ал Кеден одағы бұл мә­селенің шешімін табуды жеделдете тү­седі. Бұл орайда таңдау неге Ресейге түсті? Қарап отырсақ, барлық экономикалық және кедендік одақтар әріптес болуға дайын көршілес елдер арасында құрылады. Мысалы, НАФТА АҚШ, Канада, Мекси­ка­ны біріктіреді, МЕРКОСУР – көршілес Латын Америкасы елдерін, ал ЕО Еуропа елдерінің барлығына жуығын қамтиды. Бұл кедендік кедергілерді жоюды оңайлатады, табиғи бәсеке артықшылығын қолдануды, көліктік, географиялық қиындықтарды шешеді. Көршілес елдердің халықтары тарихи тұрғыда да жақын болады, эконо­мика, қаржы, бизнес салаларында тығыз қа­рым-қатынаста болады. Бұл фактор­лар­дың өз деңгейінде әсер ететіндігіне дау жоқ. МӘҢГІЛІК ОДАҚ: ЖАҢА ПАРАҚТАР Қазақстан мен Ресей өзінің мыңдаған жылдарға созылған сауда-экономикалық тарихының 7 негізгі кезеңінен өтті деп есептеуге болады. Біріншісі – қыпшақ даласы мен орыс кінәздерінің өзара қарым-қатынасы (200 жыл), 2-ші Шыңғысхан империясы қол астында болды. (250 жыл), 3-ші Қазақ хандығы мен Мәскеу (270 жыл), 4-інші Ресей империясының қол астында болу (186 жыл), 5-інші КСРО құрамында болу, (74 жыл), 6-ыншы ТМД (19 жыл), 7-ші және әзірге соңғысы – Кеден одағы. Бастапқыда жай тауар алмасудан басталған қарым-қатынас мезгіл керуеніне, жәрмең­келік саудаға ұласты. Кейін өзара сауда-эко­номикалық байланыстар ортақ халық ша­руашылығы кешеніне, қарқынды шоғыр­лану үдерісіне әкелді. Шекаралық әріп­тестік белсенді даму факторына айналды. Қазақстанның 16 облысының 9-ы Ресейдің 10 облысымен және аймағымен шектесіп жатыр. Ортақ кәсіпорындардың көпшілігі де ресейлік компаниялармен құрылған екен. Еліміздегі 9,1 мың шетелдіктермен ортақ құрылған кәсіпорынның 1 мыңнан астамы Ресей еншісінде. Соңғы кездері еліміздің сауда айналымындағы Еуропалық кеңес елдерінің үлесі көбейіп 22,3 пайыздан 40,5 пайызға дейін өскен. Ал Қытаймен 13,2 пайызға өссе, бұл өсім көрсеткіші Украи­намен 4,8 пайызды құраған. Ал Ре­сеймен сауда қарым-қатынасымыз 17,4 пайызға дейін құлдыраған. Дағдарыс кезе­ңінде сыртқы сауда айналымындағы Қазақстанның оң дамуы өзгерген. Қарап отыр­сақ, мұндай жағымсыз өзгерістерді бір­де-бір ел айналып өте алмаған. Берілген ба­ғаға сенсек, 2010 жылы республика сыртқы саудадағы шығындарының маңызды бөлігінің орнын толтыра алады. Алғашқы тоқсан қорытындысының жағымды даму көрсеткіші осыны көрсетіп отыр. Зерттеушілердің мәліметінше, оған басты себеп Қытай тауарларының ресейлік тауарларды ығыстырып шығуында болып отырған көрінеді, тіпті дәстүрлі орыс рыногында да осы жағдай белең алуда. Бұл әсіресе, құбыр балқытуда, картоп өнімінде қатты байқалады. Мұндай теңсіздіктің орын алуы қазақстандық жақтың Ресей рыногын толықтай игере алмауында болып отыр. Екі жаққа да қолайлы сауда айналымы болуы үшін Қазақстан Ресейге шығаратын өнім көлемін 3 есеге дейін көбейтуі керек екен. Барлық жағдай жасала тұра, бұның орындалмауы неліктен? Барлық мәселе шикізаттық ресурсқа жоғары тәуелділікті сақтап отырған ұлттық экономиканың құрылымында болып отыр. Ресей де сондай кепті бастан кешіріп отыр, дегенмен Ресей экономикасының өңдеу секторы бізге қарағанда біршама белсен­дірек. Қазақстан өнеркәсіп өндірісін қайта жасақтауды, жаңартуды, терең түрде техни­калық жарақтандыруды қамтамасыз ете алмай отыр, сондай-ақ экономика құры­лымы және сәйкесінше экспортты өзгерте алмай отыр. Ресейге елімізден шикізат шы­ғарылатын болса, Ресейден елімізге негізі­нен қайта өңдеу өнеркәсібінің өнімі бағытталады. Өзара сауда барысындағы теңсіздікті жою үшін қазақстандық тауарды Ресей рыногына шығаруды кеңейту керек. Отандық маркетологтар мен кәсіпкерлерге ресейлік рыноктың қажеттілігін терең әрі егжей-тегжейлі зерттеу міндеті тұр. ЫҚПАЛДАСУ АЯСЫНДАҒЫ БӘСЕКЕЛЕСТІК Кеден одағы елдері өз экономикасын рынок негізінде құрған, бұл өз кезегінде бәсекелестікке алып келеді. Әр елдің сатып алушысы, тұтынушысы соңғы есепте басты ұтысқа шығуы тиіс. Ал бұл – сапалы, қолжетімді тауар мен жақсы қызмет көрсету. Сауда-экономикалық қарым-қатынаста қазақстандық және ресейлік тауар рыноктарының бәсекесінің күшеюі табиғи құбылыс болып саналады. Қазақстан мен Ресей сыртқы рынокта ұн мен тарыны шығаруда бәсекеге түсетін болады, өйткені екі ел де бұл өнімдер бойынша ірі экспорттаушылар болып табылады. Металл өнімдері мен мұнай-газ кешенінде де осындай жағдай қалыптасқан. КО ШЕҢБЕРІНДЕГІ ӘРІПТЕСТІК ПЕРСПЕКТИВАСЫ Жаңа әріптестіктің басты бағыты – өн­дірістің ортақ әртараптануы, экономика­ның жаңаруы. КО-ға кірген елдің әрбі­рінде құрылымдық жаңарудың, индустрия­лық және инновациялық дамудың, азық-түлік қауіпсіздігінің, аграрлық сектор тиімділігін жоғарылатудың стратегиялық жоспарлары жасақталған. Енді ортақ талаптарды үй­лестіруді тереңірек зерттеу жөнінде мәселе туындайды. Біржақты пайданы көздеген елдің ұмтылысы ықпалдастық үдерісіне кері әсерін тигізеді. Алға жылжу, жан-жақты экономикалық мүддені көздеу, өндіріс көлемін квоталау, сату рыногын анықтау – қиын да күрделі, бірақ қажетті мәселе. Ор­тақ кәсіпорын құруда қабылдаушы мем­ле­кеттің қаржы салу мүмкіндігін ескеру керек. Екі елдің БСҰ-ға кіруіне байланысты келіссөздер жүргізуін ескере отырып, өзара ішкі қарым-қатынас нормаларына осы ұйымның ережелерін енгізу керек секілді. БСҰ-ға кірген кезде екі елдің де ұлттық эко­номикасындағы тереңдетілген ықпал­дастық өз әсерін тигізбей тұра алмайды. Кеден одағының құрылуы және одан әрі бірыңғай экономикалық кеңістіктің пайда болуы ортақ қызмет тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ұлттық эко­номиканы нығайта түсіп, халықтың тұрмыс жағдайын жоғарылатады. Ал сайып келгенде, мұның бәрі құрылған ортақ жүйенің нәтижелілігіне, өткір мәселелердің, қиын да қажетті міндеттердің уақытында шешілуіне байланысты. Рахман АЛШАНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор "Тұран" университетінің ректоры.