• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2010

ӘРІПТЕСТІКТІҢ ӘЙГІЛІ ЖОЛЫ

500 рет
көрсетілді

Кеше еліміздің бас қаласында өтіп жатқан ІІІ Астаналық экономикалық форум шеңберінде “Мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі – мемлекет пен бизнес әріптестігінің инновациялық тәсілі” та­қырыбында мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі орталық­та­ры­ның конференциясы және “Мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің іс-тәжірибелік қырлары” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Конференция жұмысына Фран­ция, Корея, Жапония, Ресей Федерациясы, Польша, Түркия, Голландия, Германия сынды әлемнің 30-дан астам елінен мем­лекеттік-жеке меншік әріп­тес­тігі орталықтарының, халықара­лық қаржы институттарының, жеке сектордың және мемлекеттік құрылымдардың   басшылары мен өкілдері қатысып, пікір ал­ма­са келе МЖМӘ әлемдік инс­ти­туттарының Қауымдастығын құру жөнінде ұйғарым жасады. Қазақстанның бұл бастама­сы­на оң баға берген Францияның қаржы және экономика министр­лігі МЖМӘ орталығының Бас хатшысы Франсуа Бержере, өз елінің МЖМӘ саласында әлемдік озық моделін қалыптастырған­дығын баяндап берді. Бүгінгі күнге дейін Францияда 20 мың­нан астам концессиялық жоба іске асы­рылып жатыр. Германия қаржы министрлігінің МЖМӘ бөлімінің басшысы Берхард Мюл­­лер өз баяндамасында әлем­­дік және неміс тәжірибесінің ғы­­лы­ми-методологиялық қам­­тама­сыз ету, жобаларды жоспар­лау және іске асыру туралы ойлары­­мен бөлісті. Форум шеңберінде қоғамдық маңызды жобаларды іске асыруда біртұтас алаң ретінде қызмет ете­тін және мемлекеттік-жеке мен­­шік әріптестігі саласында тәжіри­бе алмасып отыратын Ха­лықара­лық институттар қауым­дас­тығын құру туралы резолюция қабыл­дан­­ды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберінде әлемдік МЖМӘ орталығының офисін Астана қаласында ашу туралы шешім қабылданды. Өз кезегінде, қауымдастық халықаралық іс-тәжірибеде мем­лекеттік жеке меншік әріптестігін жүзеге асыру туралы мәліметті қатысушыларға жеткізіп отыруға, заңнама мен институционалдық не­гіздерді үйлестіру және мем­лекеттік-жеке меншік әріптестігі жобаларын іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын жүргізіп отыруға міндеттенеді. Құрылуы жоспарланған пор­талда қатысушы елдердің барлық мемлекеттік-жеке меншік әріп­тестік жобалары туралы ақпарат енгізіліп отыратын болады. Мұн­дай кең көлемді ақпарат көзі өз кезегінде МЖМӘ жобаларын қаржыландыруға ниет танытқан инвесторлар үшін де, жоба иелері үшін де тиімді болатыны дау ту­дырмаса керек. Сондай-ақ, жобалар бойынша ақпараттарды мемлекеттік органдар да, МЖМӘ мәселелерімен шұғылданатын маманданған ұйымдар да орналас­­тыра алатын болады. Әлемдік экономиканың дағда­рыстан кейінгі кезеңінде орнықты дамуына ықпал ететін тетіктерді анықтау және пысықтау мақса­тында форум бағдарламасы ғылы­ми және практикалық бағыттағы іс-шараларды да қоса қамтуды қолға алмақ. Қауымдастық қызметі барлық мүшелерге тең дәрежеде құқықтар мен міндеттер қамтамасыз ете отырып, заң­ды­лық, объективтілік, тәуелсіздік қағидаттарына негіз­делген түрде жүзеге асырылатын болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.