Фото: Ашық дереккөз
Зейнетақы мен жәрдемақылар 10 пайызға өседі
«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылар Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сай 10 пайызға өседі.
Базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120 пайызына дейін кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып келеді.
Базалық зейнетақының жаңа мөлшері
Осыған сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгеге жетеді. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына тең. Ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110 пайызынан 118 пайызына дейін өсіп, 60 005 теңгені құрайды.
Қаңтар айында зейнетақы ерте түсе ме? Министрлік маңызды мәлімдеме жасады
Мәселен, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 70 жастағы азаматтың 2025 жылы бюджеттен алатын зейнетақысы 171 588 теңге болды. Оның ішінде базалық зейнетақы 50 851 теңгені, ынтымақты зейнетақы 120 737 теңгені құрады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жүргізілетін арттыруды ескерсек, осы зейнеткердің жалпы зейнетақы мөлшері 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды. Оның 60 005 теңгесі базалық, 132 811 теңгесі ынтымақты зейнетақыға тиесілі. Бұл сомаға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін қаражат кірмейді.
Бала тууына байланысты жәрдемақылар
2026 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың өсуіне қатысты бірқатар өзгеріс қарастырылған. Бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін артады. Төрт және одан да көп бала туған жағдайда бұл төлем 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өседі.
Зейнетақы 10%-ға өседі: 2026 жылы зейнеткерлер қанша теңге алады?
Көпбалалы отбасыларға қолдау күшейеді
Көпбалалы отбасыларға бала санына қарай төленетін жәрдемақы да ұлғаяды. Төрт баласы бар отбасылар 63 030 теңгенің орнына 69 330 теңге алады. Ал он баласы бар отбасылар үшін төлем мөлшері 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін көбейеді.
Мүгедектігі бар азаматтарға төлемдер
Мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақылар да артады. Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, екінші топтағыларға 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, үшінші топтағыларға 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін өседі.
Жаңа жылға дейін зейнетақы жинағынан қалай ақша алып қалуға болады?
Әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер
Сонымен бірге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға ұлғаяды. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджет есебінен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша төленеді.
Төлем мөлшері қалай есептеледі?
Аталған төлемдердің мөлшері әр азамат үшін жеке есептеледі. Ол соңғы екі жылда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік жарналарға, орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейіне, асырауындағы адамдар санына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты айқындалады.