• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:40

Географиялық білімге мән беру – өмір талабы

20 рет
көрсетілді

Былтыр қараша айында газет тілшісі Э. Серікқызының «География пәнін оқытудағы жүйесіздік» («Egemen Qazaqstan» газеті, 28.11.2025) атты мақаласы жарық көрген еді. Осыған орай редакцияға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, география ғылымдарының докторы, профессор Орденбек Мазбаев келіп, осы мақалада көтерілген мәселелерге байланысты өз ойымен бөлісті.

– Орденбек Білісбекұлы, жоғары­да­ғы мақалада профессор, атаулы мектеп жетекшісі Ұ. Есназарова орта мектепте география пәнінің оқытылуы туралы біраз мәселені атап көрсеткен. Бұған сіздің де айтар жауабыңыз бар екен. Сөзді содан бас­тасаңыз?

– Алдымен бұл мақаламен оған негіз болған мұғалімдер хатының маз­мұ­ны­мен бұрыннан таныспын. Дегенмен бір жағдайды нақтылап айту керек: 475 қол қойылған хат республикадағы география пәні педагогтерінің жалпы ұстанымын білдірмейді. Бүгінде елімізде 10 мыңнан астам география мұғалімі жұмыс істейді. Сондықтан бір топтың пікірі барлық кәсіби қауымның көзқарасы ретінде ұсынылуы ғылыми әрі әділ тәсіл емес. Айта кетейін, бұл хатқа байланысты кезінде ресми жауап берілді. Соның ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен өткен кез­десуде де нақты түсіндірілді. Алайда оның не­ліктен әлі жалғасып келе жатқаны түсініксіз.

Шындығын айтқанда, өзге пәндердегі се­кілді географияны да жетілдіретін тұс­тар жетеді. Бірақ мақалада айтылған «карта және кескін картамен жұмыс қарас­ты­рылмаған» деген тұжырым бағдар­ламалық құжаттарға сәйкес келмейді. Бұл жұмыстар оқу мақсатында бар, мәселе – оларды іске асырудағы әдістемелік пен ұйымдастырушылық деңгейде. Сондай-ақ география пәні сағатының қысқаруы туралы сын барлық мектепке ортақ емес. Бұл тек төмендетілген оқу жүктемесін таңдаған білім ошақтарына тән жағдай. Ал «мұғалімдер геоақпараттық технологияларды меңгермеген» деген пікірге келсек, бұл да жалпылама тұжырым. Мұн­дай технологияларды игермеген педагогтер бар болуы мүмкін. Бірақ оны жүйелік кемшілік деп айта алмаймын. Мұн­дағы негізгі мәселе – педагогтердің білік­тілігін арттыру мен әдістемелік қол­дау­дың сапасында. Мақалада ұсыныл­ған «шиыршық әдісінен бас тарту», «ескі пәндік құрылымға қайта оралу» сияқты ұсыныстар ғылыми-педагогикалық тұрғыдан дау туғызады. Бұл – жүйені жетілдіру емес, реформадан кері шегіну болады.

– Жаңартылған оқу бағдарла­масын­да геогра­фия пәнінің мазмұны мен сабақ­­тас­тығы сақталған ба?

– География ғылымының негізгі ком­понент­тері 7-11 сыныптар аралы­ғында бірізді әрі ғылыми тұрғыда беріледі. Ал «физикалық география» мазмұны жойылған жоқ, бұл – 7-9 сыныптарда ішкі бөлімдер арқылы толық қамтылған. Қазіргі бағдарламада 8-9 сыныптарда Қазақстанның физикалық, экономикалық, әлеуметтік географиясына 136 сағаттан астам уақыт бөлінген. Бұл – оқу­шылардың ұлттық географиялық білімін терең меңгеруге толық мүмкіндік береді. География пәнінде мәселе бағ­дарламада емес, оны іске асыру мен бас­қару шешімінде деп ойлаймын. Сондай-ақ әдістемелік қолдау да қажет.

– Енді осы пәнді оқытудың шиыр­­­шық моделіне (спиральдық) тоқтала кетсеңіз?

– Қазір білім беру жүйесі жаңар­тылған оқу бағдарламасына сәйкес спираль қағидаты негізінде құрылып отыр. Осы тәсіл географиялық білімді біртіндеп, оқушының жас ерек­ше­лігіне сай, қайталап, тереңдетіп оқытуға бағытталған. Мұндай тәсіл ар­қылы оқушылар функционалдық сауат­тылығын арттырып, пәнді жүйелі түрде меңгереді. Мәселен, сызықтық оқыту моделінде география белгілі бір сыныпта толық өтіліп, білім көбіне теориялық әрі бір реттік сипатта беріледі. Сондықтан ұғымдар терең дамымай, практикалық қолдануы шектеулі болады. Ал спиральді модельде негізгі географиялық ұғымдар бірнеше рет қайталанып, әр сыныпта біртіндеп күрделене түседі. Бұл әдіс оқушылардың жас ерекшелігін ескеріп, білімді кезең-кезеңімен меңгеруге жол ашады. Қазіргі геогра­­­фия сабағында карта, дерек, диаграмма және цифрлық құралдармен жұмыс істеуге басымдық берілген. Нәтижесінде, оқушылардың сыни ойлау мен кеңістіктік талдау дағдылары қалыптасады. Яғни география пәні – бүгін тек карта жаттау емес, өмірде қолданылатын маңызды білімге айналып отыр. Спираль моделі география пәнінің мазмұнын жоймайды, керісінше оны оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес кезең-кезеңімен тереңдетіп, пәнішілік сабақтастықты қам­тамасыз етеді. Сондықтан 6-сынып­та «физи­калық география» пәнінің жеке курс ретінде болмауы әдістемелік олқы­­лық емес, жаңартылған оқу бағдар­ла­­ма­сының 7,8,9 сыныптарда қарастыры­латын ғылыми негізделген педагогикалық шешімі.

– Қазір бұл пән мектепте қалай оқы­тылып жүр?

– Еліміздегі орта мектептерде география пәні жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқытылады. Мәселен, 5–6 сыныптарда – жаратылыс­тану пәні құрамында (географияның үлесі шамамен 40%), 7–9 сыныптарда – физикалық және әлеуметтік-экономикалық география, 10–11 сыныптарда – дүниежүзі географиясы бо­йынша өтеді. Бұл деңгейлерде теория­лық ақпарат қысқарып, қолдан­балы, зерттеушілік және жобалық жұ­мыс­тарға басымдық берілген. Негізгі мақ­сат – функционалдық сауаттылықты қалыптастырып, алған білімді өмірде қолдана алу. Сонымен бірге оқулықтарда мазмұн жаңарып, тақырыптар қазіргі заман талабына жақындай түсті. Айталық, онда тұрақты даму, климат, ресурс­тар, жаһандану мәселелері қам­тыл­ған. Дегенмен кейбір оқулықтарда мәтін­нің күрделілігі,практикалық тапсыр­ма­лардың жеткіліксіздігі, аймақтық (жер­гілікті) мысалдардың аздығы сияқ­ты мәсе­лелер әлі бар. Қазіргі география – кар­тамен жұмыс істей отырып, құзы­рет­тілікке, тәжірибеге, ойлауға және өмірмен байланыстыра оқытуға бағыт­тал­ған пән. Географиялық білім – тек мектеп бағдарламасының бөлігі емес, әлемді түсінудің, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік шешім­дер­ді саналы қабылдаудың өмірлік шарты. Өкінішке қарай, географиялық білім­нің осындай кешенді рөлі кейде толық бағаланбайды. Анығында, географиялық білімнің ма­ңызы – өмір талабы. Сондықтан оқыту маз­мұнында теория азайып, қолданбалы, жоба­лық мазмұн көбейген.

– Жаңартылған білім мазмұнында атал­ған пән әдістемелік жағынан қан­ша­лықты өзгерген?

– Жаңартылған білім мазмұнында география пәні мазмұндық және әдіс­те­мелік тұрғыдан едәуір жаңарды. Оны 2013 жылғы оқу бағдарламасы мен соңғы апробациядан өткен ҰБА-ның бағ­дарламаларын салыстырмалы талдауы айқын көрсетеді. Мұнда Қазақстан геогра­фиясы 7–11 сыныпқа дейін қарас­ты­рылған. Алайда барлық кезеңде бағ­дар­лама педагогтердің толық көңілінен шығады деп айту қиын. Себебі жаңа көзқарастарды, спиральді тәсілді және құзыреттілікке негізделген оқытуды меңгеру мен түсіну – әр география мұғалімінен қайта кәсіби даярлық пен үздіксіз дамуды талап етеді. Сондай-ақ география пәні аясында шешілуге тиіс өзекті мәселенің бірі – оқушылардың ғылыми-зерттеу жобаларында «география» секциясының дербес түрде енгізілуі. География ғылымының мазмұны табиғи, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және кеңістіктік үдерістерді кешенді талдауға бағытталғанымен, оқушылардың ғылыми жобалар жүйесінде бұл бағыт толық көлемде көрініс таппай отыр. Сондықтан оқушылардың ғылыми жобаларында «география» секциясын жеке бағыт ретінде енгізіп, аталған пәннің Президенттік олимпиадада дербес пән ретінде ұсынылуын қамтамасыз ету керек деп ойлаймын.

 

Әңгімелескен –

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

 «Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар