• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2010

БІРЛІК ПЕН БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

789 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы қарсаңында Жалпы, адамзат тарихын этногенездік на­за­рия тұрғысынан сараласақ, жұмыр басты, жұ­лын өзекті пенденің жер беті, аспан ас­тындағы бүкіл қам-қарекеті, әрекет-шар­ғысы, мұрат-мұғдасы екі түрлі, қос еректі сипаттан – бірігу және бөлектену үдерісінен құ­ра­латынын аңғарар едік. Тар қолат үңгірлердің құрсағынан баспалай шығып, мамонттарға тас ата күнделікті тіршілігін жалғастыру – иін жауып, қарын жұбату қа­мынан өзгеге әлі бас қатырып үлгермеген ал­ғашқы адамд­ар­дың алдында бір-біріне ба­йырқаласу, тобыр жиып, қандық-тұқымдық жақын­дықтарына қарай бірегей ру-тайпаға бірігу мұраты тұрды дейді ғалымдар. Сол қа­уымдасу, жазатайым, сти­хиялы құбы­лыст­ар­ға бірлесе төтеп беру аң­сары бертін келе қоғамдасу, яғни гене­ти­калық туыстығына ғана емес, этностық-аумақтық белгілеріне, мәдени-менталдық бол­мысына орай оқшаулана тұрмыс кешу, өзара бас құрап, тілек жұптаған әлеумет мүддесін өзгелердің өктемдігінен қызғыштай қору мұратына ығысып орын бере бастағаны кәміл. Міне, бағзы заманалардан бастау алатын қара жолдың бір-бірінен алыстап та кетпей, бүйір де түйістірмей, басып оза да қоймай тайталасқан қос табанындай ыдырау мен бірігу үдерісі бүгінге шейін жер-жаһандағы сан түрлі халықтардың, ұлттар мен ұлыстардың дербес ту көтеріп, егемен ел атану, ешкімге тәуелсіз мемлекет құру идеясына түрткі болып, тікелей ықпал етіп келе жатқанына өзіміз де куәміз. Басқасын былай қойғанда, жампоз ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, тарихтың өткелегінде “мың өліп, мың тірілген” қазақ халқы да жалпы адамзатқа ортақ құн­ды­лық­тардың шоқтығы – ұлттық мемлекет құру идеясын ежелден ардақ тұтып, аспанға кө­терді. Осынау асыл аңсар халық арасына тарал­ған, бұқара санасына орныққан жыр-дас­тандар мен аңыз-әпсаналарға арқау болып, береке ұйып, бірлігі жарасқан мәңгілік мекен – Жерұйық, Жиделі Байсын түрінде көрініс тауып, жүзі жарқын, өңі нұрлы келешекке жетеледі. Ерте орта ғасырлардың табалдырығында алғашқы мемлекеттік бірлестіктер құрып, ұлтты ұйыстыруды көксеген арыстар ел бірлігі, жер тұтастығы үшін “күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмегенін” тасқа қашап, келер ұрпағына аманат-арзу етіп қалдырды. Ай­ба­ры­мен әлемді тітіреткен Алтын Орда им­пе­рия­сының билеушісі әз-Жәнібектен Шың­ғырлау атырабындағы Ащыбас-Шатты сұрап алып, қазақы тайпаларды дербес қоныс­тан­дырған Асан (Қайғы) Сәбитұлы да, төңірегін ол кезде шұрат көмкерген Үстіртті “ұйық жер” ретінде таңдап, тұңғыш ұлттық мем­лекет – Есен Қазақ түлейін құраған Абат та, шайбанидтер билігіне мойынсұнбай, қазіргі Шу өңірінің Қозыбасынан алғашқы Қазақ Ор­да­сының шаңырағын көтеруге тәуекел еткен Жәнібек пен Керей сұлтандар да қадым зама­налардан тінін ұзатқан идея – қара ха­лықтың басын құрап, мемлекеттілік ны­шанын беркіндіру аңсарына адалдықтан танбай өтті. Көтерген туларының көкке шаншылып, ел мерейінің асқақ болуы, өзгелердің таба­нын­да тапталып, бодауында кетпеуі үшін ата-ба­баларымыз қылыш қайрап, найза байлап қана қойған жоқ, сонымен қатар, мемлекеттің ішкі-сыртқы шаруасын шашау шығармай, қымқа тізгін, қыл шылбыр әдібімен реттеп отыратын, қалыптасқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа негізделген жол-жосын, заң-жарғы, ереже-қағидаттарын түзіп, кәдеге асырды. Білге қаған мен Тоныкөк абыздың ел билеу, шеп құрып, жорыққа шығу, іргелес ұлыс­тар­мен қарым-қатынас орнату түзіліктерін негіз­де­ген “Турасы”, жан-жақтан жау анта­ла­ған кезең – орта ғасырдағы қазақ жұр­ты­ның әскери-жауынгерлік ұстындары мен қыл­мыстық-тәртіптік жауаптылығын, бас­тапқы әлеуметтік стратификациясын жап­сар­лаған “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым хан­ның қасқа жолы” сияқты жосын жинақ­тары, әсіресе, қарапайым халық, қалың бұқара арасынан суырылып шыққан би-шешен­дер­дің қатысуымен түзілген әз Тәукенің “Жеті Жарғысы” ел басқару ісіндегі орталық өкімет өкілдері – хан-сұлтандардың пәрменін күшейтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге, потестарлы билік тұтқырлары – қара қылды қақ жарған би-датқалар мен жүрек жұтқан батыр-бағландардың беделін асырып, мәртебесін асқақтатуға селкеусіз септесті. Соның арқасында дәстүрлі басқару жүйесінде бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан “мемлекеттік билік тармақ­та­ры­ның тепе-теңдігі мен тежегіштігі” дейтін конс­титуциялық-құқықтық қағида өздігінен, та­биғи-тарихи түрде орнығып, өміршең фе­но­мен ретінде қалың бұқараны ата-бабадан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыпқа, имандылық-адамгершілік шарттарына негізделген “жолдарды” заң-жосындарды сыйлауға, сайып келгенде, елдік мұрат, мемлекеттік мүддені құрметтеуге баулыды. Өйткені, заң талабы ескерілмесе, тәртіп орнықпайтыны, ал тәртібі тәрк етілген елде береке-бірлік болмайтыны белгілі еді. Оның үстіне, дәстүрлі қазақ қоғамының тұтынған заңдары, ереже-қағидаттары кінәліні жазғырып, қылмыстыны жазалауды мақсат тұтқан жоқ, керісінше, теліні тежеп, тентекті тыятын гуманистік-ізгілікті принциптерді көлденең тартып, айыптының ар-ұятына жүк артты; “таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді” деп үйренген ардабол қазақ азаматы түрме-зын­дансыз-ақ бір ауыз уәлі сөзге тоқтап, ай­ба­на­сын өтеді; кесімді уәжге бола кешірімін беріп, алдына келсе, атасының да құнын кешті. Өкпесі қара қазандай қабартып, өнбес дау қумай, дүниәуи молшылықтан рухани кемелдікті, ахлақтық тазалықты артық көрді, есесі кетіп бара жатса да есі шықпай, “малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” деген адалдық ұстынын асқақ тұтты. Адамгершілік пен ізгіліктің ғұрпына, адалдық пен арлылықтың ұрқына тамыр бойлатқан дәстүрлі құқықтық-мәдени жүйе қазақы қоғамда шынайы демократиялық институттарды қалыптастырып, дала парламентаризмінің (мысалы, хан-сұлтандар кейде би-шешендердің төрелігіне жүгінген; сондай-ақ, хандықтың ішкі-сыртқы саяса­тындағы күрделі мәселелерді шешуге бұқара арасынан бой оздырған билер мен батырлар да тікелей атсалысып отырған) ерекше моделін қорытып шығарды. Соның нәтижесінде, қарапайым бұқа­раның бойына еркіндік пен еріктіліктің, бекзаттық пен дархандықтың қайталанбас қасиеті дарып, “қара қазан, сары баланың қамы” үшін жалаңаш барып, жауға шабардай елжандылық, отаншылдық сезімі ерте сіңді. Ағайын-жұртын дауға шалдырса да, жауға қалдырмаған арда халықтың мойнына отарлық бұғауы байланғанға шейін жерінің тұтастығы мен елінің бірлігіне сызат түспей, сан ғасырлар өтімінде сұрыпталған салт-санасы мен әдет-ғұрпы, әсіресе, елдік мұрат пен мемлекеттік мүддені табиғи үйлесіммен ұштастырған дәстүрлі құқықтық-мәдени ділі бұлжымастан қастерленіп келген еді. ХVІІІ ғасырдың орта шенінде басталған орыс патшаларының отаршыл-озбыр саясаты мен кешегі кеңестік-тоталитарлық режімнің қансоқта ойраны қазақ сахарасындағы ұлттық мемлекеттілік негіздері мен құқықтық мәдениет түйсігін келтесінен қиып, құрдымға сұлатты. Коммунистік идеология демократия ұранын төбесіне көтеріп, теңдік пен бірлікті, бауырластықты Конституцияға баттита жазып қойғанымен, іс жүзінде аз ұлттардың құқығын шектеп, этностық ерекшеліктерін жойып, бір тарының қауызына сыйғызуға тырысты.  Халық қамын, ел келешегін қаузап, ашық ой-пікір білдірген зиялы қауым өкілде­рі­нің мойнына “ұлтшыл”, “кон­тр­ре­волю­ционер” деген қарғы тағып, “ит­жек­кенге” айдады немесе сотсыз-үкімсіз “үштіктің” қолымен атып тастады. Бұқара халықтың мемлекетті басқару ісіне қатысу дәрмені жел өтінде далпылдаған шүберек қуыршақтың кейпінде қалды, шын мәнінде, бүкіл билік – атқарушылық-низамдық құзірет саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған, қоғамдық негізде ғана қарекет етуге тиісті коммунистік партия функционерлерінің уысында болды. Құрақ көрпедей қималай қиыстырған Кеңес Одағы тігісінен сөгіліп, тінінен ыдырағаннан кейін ғана дербес даму жолын таңдаған республикалар сапында Қазақ елі де ұлттық мемлекеттілік туын қайта көтеріп, ұрпақтар сабақтастығының үзігін жалғап, жоғалтқан ұлттық құндылықтарын қалпына келтіру, қайта жандандыру мүмкіндігіне ие болды. Сол құндылықтардың, біле білгенге, ең ардақтысы да, аңсарлысы да – екі мыңжылдық қатпарлы тарихы бар Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігі, халқының Азат тұрмысы еді. Иә, алтынмен аптап, күміспен күптеп қойса да елі боданның ері бостан бола алмайтынын патшалық Ресейдің қол астында бұлқынып, Кеңес Одағының тар ноқтасына ықтиярсыз бас сұққан қысталаң кезеңдердің зілдей ауыр, зәрдей ащы тәжірибесі көзге шұқып көрсетті ғой. Сталиндік репрессия мен қолдан жасалған ашаршылықтың, екінші жаһандық соғыстың қисапсыз құрбандарын санамалап жатпағанның өзінде, бір ғана Батыс Қазақстан өлкесі қазақтарының орыс отар­шы­ларына ұдайы қарсы шығып, 180 жыл бойы ұлт-азаттығы үшін үзіліссіз күрескенін эн­циклопедиялық-хронологиялық тізбеден көре отырып, бүгінгі азат тұрмыс, бостан тір­лігі­міздің мына бізге оңайлықпен келмегенін бағамдай беруге болар. Тіпті, екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны жер-көкті шарпып, репрессиялық-идеологиялық қыспақ бет қаратпай тұрған шақтың, 1942-43 жылдардың өзінде бұрынғы Орал (Батыс Қазақстан) облысының Фурманов (Жалпақ­тал) ауданында тұратын бір топ жас ел мұраты еркіндікті көксеп, “Қазақ қоғамын құтқару” одағын құрғаны белгілі. Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ елінің мемлекеттік негіздері мен конс­ти­ту­циялық құқықтарын нығайтып, өзгелермен тең дәрежеде даму және қарым-қатынас орнату мүмкіндігіне ие болуын, қоғам мү­шелерінің саяси-азаматтық еркіндігіне қол жеткізіп, ұлттық-тарихи құндылықтардың ардақталуын мақсат еткен жасырын жастар ұйымының жетекшісі, Орал мұғалімдер даярлау институтының студенті Ғұбайдолла Әнесовті коммунистік қоғамның қанбалтасы – “үштік” алқасы ату жазасына кесіп, қалған мүшелерін – жастары әлі жиырмаға тол­маған 12 қазақ бозбаласын әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырып, “итжек­кен­ге” айдады, көз көрмеген қиырға жер аудар­ды. Тастүнек қапаста азаттықтың алауын тұтатып, ұлт еркіндігіне ұмтылған “қазақ қоғамын құтқарушы” жастардың, тіпті, күллі қазақ милләтінің көкейін тескен аңсар-мұраты тек 1991 жылдың 16 желтоқсанында, Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған күні ғана орындалып, ата-бабаның айықпас мұңындай арман-қиялы ақиқат шындыққа айналды. 1992 жылдың маусымында саяси тәуелсіздігін иеленген, дербес экономикалық-әлеу­меттік һәм мәдени даму жолын таңдаған егемен ел ретінде Қазақстан негізгі атри­буттарын – Мемлекеттік туын, Елтаңбасын қабылдап, 11 желтоқсанда Әнұранының жаңа мәтінін бекітті. Сол жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды... Жалпы, тәуелсіз тұрмыс, бостан өмір үшін күрес, шын мәнінде, сол саяси тәуел­сіз­дік декларациясын қабылдаған күні бас­талды десек, тарихи шындыққа, қарапайым қисынға қиғаш келе қоймас. Өйткені, егемен ел басшыларының алдында мемлекеттік және қоғамдық құрылыстың сипатын, адам мен азаматтың құқықтық мәртебесін айқындап, басқару-билік ету органдарының қызметтік жүйесін белгілеу міндеті тұрды. Ең алдымен, бүгінгінің рәсімі, келе­шек­тің қамы үшін шешуші қадам болып сана­ла­тын бұл міндеттерді үдесіне жеткізудің ма­ңызды құралы, қаделі тетігі – бүкіл қоғамдық қарым-қатынасты ретке келтіріп, жөнге салып отыратын құқықтық-нормативтік акт атаулыға алтын арқау, қызыл өзек болар Негізгі Заңы – Конституциясы қажет еді. Кеңестік-тоталитарлық режімнен мирасқа қалған, 1978 жылы қабылданып, жамап-жасқаумен келе жатқан Қазақ КСР-і Негізгі Заңы­ның қағидаттары егемен елдің қоғам­дық-саяси жаңару, әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына септеспек тұрмақ, бөгесін бола бастады. Міне, сондықтан тәуелсіз Қазақстан 1993 жылдың қаңтарында өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдады. Содан бастап әлемнің жүзден аса мемлекеті ресми түрде мойындап үлгерген Қазақстан Республикасы сыртқы саясатын дербес ұстанып, өзгелермен тең құқылы қарым-қатынас орнатуға көшті. Бірақ, бұрынғы әміршіл-әкімшіл биліктің жүйесінен шылбыр ұзатып кете алмаған, көбінесе кеңестік демократия қағидаттарына бой ұра беретін бұл Конституция жаңа заман талаптарына жауап бере алмай жатты. Әсіресе, онда адамның құқықтары мен бостандықтары, оларға саяси-әлеуметтік мүмкіндік беру жолдары, шаруашылықты жүргізудің еркін бәсекелестікке, өркениетті нарықтық қарым-қатынасқа негізделген оңтайлы жолдары мен тиімді тәсілдері, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың ұсы­нық­ты пішімі мен басты нысандары, сондай-ақ басқару саласындағы демокра­тия­лық институттардың орны айқын, жүйелі көрсе­тіл­меген еді. Қоғамдық тұрмыстың сан алуан сала­сындағы өзгерістер мен жаңарулар ағы­мынан кенжелеп қалмай, тотының түгіндей құлпыра түрленген экономикалық-әлеу­мет­тік, саяси-мәдени қарым-қатынастарды ша­шы­ратпай ұстап, шымжымдап жөнге салып, уақ­тылы реттеп отыру үшін құқықты қолдану және қорғау аясында да тың ізденістерге жол ашу қажеттілігі туындады. Елбасының 1993 жылғы 16 шілдедегі “Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаның тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар туралы” Жарлығы қолданысқа еніп, 1994 жылғы Құқықтық реформаның мем­лекеттік бағдарламасы қабылданғаннан кейін байтақ елімізде құқықтық-саяси жаңару, үздіксіз жетігу үдерісінің елеулі, екінші кезеңі қарқын алды. Ең бастысы, 1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдум нәти­же­сінде еліміздің тәуелсіз болмысының құ­қық­тық-ресми баянындай төлтума Конс­ти­туциясы қабылданып, оның 1-бабының бас­тапқы тармағына “Қазақстан Респуб­ли­касы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және демо­кратиялық мемлекет ре­тінде ор­нық­тырады; оның ең қымбат қа­зы­на­сы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” екендігі айшықтай жазылды. Республика тұрғындары еліміздің бүкіл қаласы мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскесіне жаппай барып, бір кісідей дауыс берген бұл Конституция шын мәнінде ха­лық­тың тілек-қалауын тал бойына жинақтаған демократиялық сипаттағы құжатқа айналып, мемлекетті басқару мен бұқаралық билікті үйлесімді ұштастырудың ең сенімді де өнегелі жолы – саяси, әлеуметтік және этностық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғамның ең асыл қазынасы – адам мен азаматтың құ­қық­тары мен табиғи (ажырамас) еркін­діктерін сақтау қағидасын қаделі құндылықтар ретінде мазмұндады. Иә, солай: қоғамдық құндылықтың алтын арқауы әрі мемлекеттік биліктің тұма бастауы болып саналатын Қазақстан халқы өздерінің аңсарлы тілектері мен өміршең мүдделерін көздің қарашығындай қорғап, асылдың сынығындай ардақтауы үшін жасампаз да жарқын бітімді ұстындарға арқа сүйеуге тиіс еді. Атап айтқанда, олар қоғам­дық татулық пен саяси тұрақтылықты сақтап, бүкіл қоғам мүшелерін игілікке кенелтетін экономикалық дамуды, қазақстандық патриотизмді нығайтып, мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді демократиялық жолмен шешу мұратына адалдықтан айнымаудың маңызды екендігіне еш шек келтірген жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­т­ың көреген саясатының, шалымды стратегиялық бастамасының арқасында дер шағында дүниеге келген, кіріспе бөлім мен 9 тарау, 98 баптан тұратын 1995 жылғы Конституция адам мен әлеумет мүддесін, мұрат-мұқтаждарын бәрінен жоғары, әммеден асқақ құндылық ретінде қарастыра отырып, соның қамы үшін мемлекеттік билік жүйесін жетілдіріп, пәрменін арттыра түсуімен ерекшеленді. Аталмыш билік жүйесінің басты тұлғасы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті танылып, басқа өкім ету тармақтарынан биік тұруы да сол бір өтпелі кезеңді бастан кешіп жатқан балауса мемлекетіміздің табиғи бітімі мен тарихи болмысына біте қайнасып кетті. Соның арқасында ғана кең байтақ еліміздің, ата-бабадан аманатқа қалған ұйық мекеніміздің саяси тәуелсіздігі мен экономикалық дер­бестігін нығайтып, әлеуметтік тұрақты­лығын шайқалтпай, аман сақтап қала алдық. “Бас-басына би болып, шынар емес, ши болып”, ел ішіндегі билікті бауырына басып қалуға таласқан, ақыры азаматтарының нақақтан қаны төгіліп, қаралай қырғынға ұшырауына ұласқан, тәуелсіз тұрмысының тұғырын қопсытып, топсасын босатып алған кейбір көршілес елдердің талайлы тағдыры біздің 15 жыл бұрынғы низамдық таңдауы­мыз­дың – конституциялық даму жолы­мыз­дың дұрыстығын тағы да бір дәлелдеп берді. Осы хақында әңгіме өрбітіп, пікір оздырған сәтімізде Батыс Қазақстан облысының прокуроры, 3-дәрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі Жақсылық Байтұқбаев: – Соңғы он жылдың ағымында елімізде заңдылық пен конституциялық тәртіптің салтанат құруы көз қуантып, көңіл сүйіндіреді. Тіпті, “демократия” деген сөз әркімнің ауа жайылып, аузына келгенін айтуы, ойына келгенін істеуі емес, бүкіл­халықтық дауыс беру арқылы қабылданған Конс­титуция мен заң баптарын сыйлап, бұл­жытпай орындауға тырысу екендігін түсіне білудің өзі үлкен жетістік қой. Әркім өзінің азаматтық құқықтары мен бостандықтарына мем­лекет қамқор болып, қалыпты өмір сүріп, тұрмыс кешуіне конституциялық нормалар ар­қылы нақты кепілдік беретінін айқын се­зінгенде ғана қоғамдық, саяси-әлеуметтік тұ­рақтылыққа қаяу түспей, халық пен биліктің мұрат-мақсаты бір арнаға тоғысып, эко­номикалық-әлеуметтік дамудың бұрын­ғыдан да асқақ, амбициялық межелеріне қол соза берері сөзсіз, – деп тереңнен ой толғаған еді... Расында да, ең жоғары заңдық күші бар әрі бүкіл ел аумағында тікелей басшылыққа алынатын Конституция нормалары мен қағидалары қоғамдық қарым-қатынастың сан-саласын реттеуге мұғдарлы бүкіл құқық­тық-нормативтік актілердің каллизиялық шарпысуларсыз кәделенуіне, қисынды да үйлесімді қызмет етуіне берік негіз қалай отырып, Қазақстанның мемлекеттік тәуел­сіздігі мен егемендігін орнықтырып, шынайы халық билігін жетілдіре түсудің баянды құралына айналғанын көріп отырмыз. Негізгі бөлімдері мен арнаулы бапта­рын­да демократиялық, құқықтық және әлеу­мет­тік зайырлы қоғамды қалыптастырудың сара бағыттары, әсіресе, жеке адам мен әлеуметтік топ­тардың еркіндігін, идеологиялық-саяси әралуандылығын қамтамасыз етудің демократиялық ізгі амалдары тиянақты мазмұн­далуының өзі-ақ Конституциямыздың құзіретін әлемдік талаптар деңгейіне көтеріп, ұзақ жылдардың үдесінен шығып, кәдесіне асатын аса құнды құжат екенін танытады. Мынау дүниеде, әрине, мәңгілік ештеңе жоқ, жаңа ескіріп, ескі тозады. Оның үстіне жасампаз істер мен жаңашыл бастамалардың тайқазанындай қайнап, табысты істердің мәйегін тасытқан Қазақ елі жан-жақты дамыған алдыңғы қатарлы елдердің легіне қосылуға жігерін жанып, ниетін жұптап қана қойған жоқ, осы міндетті ілгерілеген сайын ілгерілеу үрдісіне серпін беретін елдік мұратқа айналдырды. Құдайға шүкір, жыл өткен сайын мемлекеттік құрылысын ны­ғайтып, экономикасын қарқынды дамытып, жаһандық қаржы дағдарысына қарамастан, әлеуметтік мәселелерін батыл шешіп келе жатқан Қазақстанның халықаралық кеңістіктегі қадірі артып, беделді қауымдас­тықтардың төрінен өрелі орын алды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың демократиялық өзгерістерді одан әрі дамытып, саяси жүйені жаңартуға – Парламенттің, саяси партиялардың рөлін көтеріп, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру жөніндегі батыл да байыпты бастамалары халықтың мемлекет басқару ісіне қатысуын мейлінше қамтамасыз етіп, қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып келеді. Әсіресе, Елбасының бастамасымен 2007 жылдың 18 мамырында Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тәуелсіз Қазақ елінің ауқымды демокра­тия­лық даму жолына нық қадам басқандығының жарқын көрінісі болды. Ең алдымен, өтпелі кезеңде пәрменді президенттік билікті таңдаған мемлекетіміз енді президенттік-парламенттік басқару пішіміндегі ел ретінде дамуға берік негіз қалады. Тәуелсіз еліміз төл тарихында тұңғыш рет әбігер тірліксіз, әлеуметтік сіл­кініссіз мемлекеттік құрылысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, жүйелі де тұрақты ілгерілеудің толайым нәтижесін көріп, жемісін татты. Жаңарып, жетілген Конституциямызда жалпы адамзатқа ортақ ізгі мұраттардың Қазақстан халқы үшін ең жоғары құндылықтар ретінде бекітілуінің өзі еліміздің эволюциялық дамуының бір биік белесі екенін айғақтайды. Жаһандық және өңірлік дағдарыстардың ауыртпалығын еркін еңсеріп шығып, халқының әл-ауқатын айтарлықтай көтерген Қазақстанның серпінді демокра­тиялық дамуының сенімді кепілі, тұтасқан бірлігі мен ұйысқан берекесінің алтын діңгегі, асыл бергегі – кемел мазмұнды, кең тынысты Конституциясы екенін біз бүгін мақтанышпен айта аламыз. – Конституциялық реформа еліміздің жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын білдіріп қана қоймай, сонымен қатар, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамды ізгілікке бастаған ірі қайраткер, көрнекті реформатор екенін әлемге танытты. Алысты болжай, таяуды талғай білетін Елбасының “Әуелі – экономика, содан соң саясат” деген ұстанымы уақыт ағымында алтын қағидаға айналып, елімізді қоғамдық дамудың өркениетті өресіне жетеледі. Жеке меншік институты конституциялық нормамен қорғалып, адамдардың өзінше еңбек ету, өнім шығару мүмкіндігіне кепілдік берілгендіктен, жергілікті шаруашылық салалары дами түсті. Соның нәтижесінде, тұр­ғын­дардың әл-ауқаты жақсарып, эко­но­микалық қам-қарекеттен енді елдік мүддеге – саяси жаңаруға ден қоя бастады,– дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі, Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов. 2007 жылғы мамырдағы “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға сәйкес, Президент пен Парламент билігіне, Үкімет пен жергілікті басқару органдарына, мәслихаттар мен партиялар мәселесіне қатысты Конституцияға енгізілген оңды өзгерістерді тарата айтып жатпай-ақ, бұлардың бәрі уақыт талабынан туындаған саяси-құқықтық жаңару екенін атап өтуге тиіспіз. Әсіресе, бұрынғы мажоритарлы жүйенің орнына пропорционалды сайлау жүйесін енгізу азаматтарды саяси-партиялық даңғазалыққа ұрындырмай, азаматтық саналылыққа, ел тағдыры, мемлекет қамы үшін жауапкершілікке баулитындығын біздің облыстың жанға жағымды жарқын мысалдарынан көруге болады. Мәселен, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының аумағын 80-нен астам ұлттың өкілдері мекендеп, тату-тәтті тұрмыс кешіп келеді. Олардың басын құрап, ұлттық мақсат-мүдделерін бір арнаға тоғыстырған жергілікті ұйым – облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы енді мәдени-көпшілік іс шараларға мұрындық болумен шектелмей, өз орталарынан құқықтық құзіреті бар өкілдер шығарып, ел өміріндегі сан алуан реформаларға тікелей араласып, белсене үлес қосу мүмкіндігіне ие болды. Конституцияға енгізілген бапқа сәйкес, Мәжіліс құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясынан тоғыз депутат сайлау құқының берілуі елдегі этносаралық келісімді қамтамасыз етіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың іс жүзіндегі, нақты тетігіне айналды. Тәуелсіздік – рухани ауан, ұлттық идеал ғана емес, бір тудың астында бас қосқан барша қазақстандықтың саяси-әлеуметтік болмысы, мәңгілік тұрмыс салты болып қала беруі үшін біз осынау береке-бірлігіміздің қайнар бастауы, сарқылмас қуаты – Ата Заңымызды әрдайым ардақ тұтып, құрметпен қарасақ деген ой-мұраттың өзі көкейді кернеп, көңілге қанат бітіретінін айтсаңшы, шіркін... Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.