“Үйіңде де, түзде де өз еліңнің Тәңіріне құлшылық ет, өз еліңнің батырларын құрметте!”
Анарыс
Екі дәуір ақиқатын көзімен көріп, көкірек сүзгісінен өткізіп келе жатқан, уақыт, замана мінезіне қанық, жаңа тарихты жасаушы бүгінгі ұрпақтың айтары қалай көп болса, жаңа тарих сахнасында ұрпақ пен ұлт көшін бастап келе жатқан тәуелсіздік дәуірінің бас қаһарманы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев хақында айтылар сөз, толғатар сыр да солай көп болмақ.Бұл заңды. “Әр ұрпақ тарихты қайта жазып шығады” деген сөз бар. Бәлкім ол ақиқаттан онша алыс кете қоймайтын тұжырым шығар. Бірақ солай екен деп, күні кеше өз басымыздан өткендердің көрер көзге өңін айналдырып жіберушілікпен келісе қоюға болмас. Оны айтып отырған себебіміз: қазір саяси мемуар жазу қайтадан үрдіске айналды. Ол бір жағынан түсінікті де. Зымыран уақыт бұрын бірнеше онжылдықтарды қамтитындай орасан оқиғаларды бүгін бір жылдың ішіне сыйғызып жіберіп жатқаны рас...” – дейтін “Ғасырлар тоғысы” кітабынан келтіріп отырған үзінді тәуелсіздік дәуірін өз жүрегінен өткізіп, өз ой-санасымен қорытып, өз қолымен орнықтырып келе жатқан тұлғаның аузымен айтылған осынау толғамды пікір төркінінде уақыт, заман қалыптастырған ақиқаттың тұрғаны күмәнсіз. Өмір мен қоғам ағысы өз тізгінін өзгертіп, уақыт шабысы бұрынғысынан әлдеқайда қарқын алып, адамдар санасына ықпал етер сыртқы күштер мен жалпы жаратылыс бойындағы саналуан өзгерістерді сезінбеу мүмкін емес. Адамдардың мына ұлы дүниемен қарым-қатынасын анықтайтын көру, есту, сезіну, түйсіну, ойлау, қорыту тәрізді өмір сүруімізді қамтамасыз ететін құбылыстардан бастап, әр ұрпақ пен әр ұлттың, әр халық пен әр мемлекеттің ғұмыр кешу қабілеті жаһандану дейтін сұрапылдың ұлы сынына түсіп отырған қазіргідей сойқаны мен тойтаңы мол дәуірде жеке дара адам, ұлт, мемлекет ретінде баянды тіршілік жасау санаға сыймайтын ертегіге айналып барады. Енді 17 айдан соң Тәуелсіз мемлекет ретінде әлгіндей жаңа дәуір қалыптастырып отырған ағыс пен шабыстың қыспағынан, уақыттың “тар жол, тайғақ кешуінен” аман өтіп, өркениет дүниесіне еркін араласа бастағанына, бұйырса, жиырма жыл толғалы отырған Қазақстан үшін Елбасы айтқан “...бұрын бірнеше онжылдықтарды қамтитындай орасан оқиғаларды бүгін бір жылдың ішіне сыйғызып жіберіп отырған” зымыран уақытқа дес беру оңайға түспегені – тарихи ақиқат. Бұл ақиқат халқымыздан орасан төзімділік пен шыдамдылықты, ересен еңбекқорлық пен парасаттылықты, еңкею білмес елдік пен ерлік рухты қалай керек етсе, ел тағдыры сынға түскен тарихтың аласапыран кезеңінде, өршіл ақын Махамбет айтқандай, “Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске алмай, тебінгі терге шірімей, терлігі майға ерімей, қу толағай бастанбай, темір қазық жастанбай... Ерлердің ісі бітер ме?!..” деп буыны бекіп, қабырғасы қатпай жатып, Батыс пен Шығыстың аламан майданына араласқан Алаш жұртының ата қонысы атанған Ұлы Далада Қазақ мемлекетінің тізгінін – қолына, ел болып өмір сүру жауапкершілігін мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаевтан да қалғу білмес қайраткерлік пен сананы саз-ұйыққа батыртпас саясаткерлікті қажет етер “былай тартсаң – арбасы сынар, былай тартсаң – өгізі өлер”, “шықпа, жаным, шықпа” дейтін тәртіпке еті үйренген, ескі мен жаңаның додасына қатар түскен қоғамдық сананы тәуелсіздік айдынына алып шығудың “соқтықпалы, соқпақты” жолдары мен содыр мінезді мазасыз жылдары күтіп тұрды. Өйткені... Жерінің асты да – құт, үсті де – құт ұлан-байтақ кеңістік дүние дүрбелеңге түскен ұлы империяның ыдырау кезеңінде “инвестициясын арқалап”, “капиталын жетектеген” елдердің көзқұртын алғаны шындық. Әлемнің алтыншы бөлігі атанған Кеңестер Одағы жаралы жолбарыстай жиырылып, бүктетіліп, “ұзында өшін, қысқада кегін” кімнен аларын білмей, біресе өз ішімен, біресе сыртқы күшпен алысып жатқан сол бір қауіп-қатері мол тоқсаныншы жылдарды ойласаң, әлі күн арқаң шымырлайды. Күрмеуі қиын оқиғалар мен саяси катаклизмдерге толы өтпелі кезеңде ондаған жылдар бойы қызыл империяның шеткі аймағы саналып келген Қазақстан тәрізді көп этнос өкілдері тұратын елдің “дербестену дәуірінің” от-жалынына орануы әбден мүмкін еді ғой... Иә, мүмкін еді... Оған объективті, субъективті факторлар жеткілікті болатын. Бірақ... Сол объективті, субъективті факторлардың шырмауы мен торына ел тағдырын ұрындырмай, алашұбар кезеңнің қарашұбар қалтарыстарынан алаш жұртын қантөгіссіз аман алып өту міндеті, Алладан дейсіз бе, әлде он сегіз мың ғаламды қалт жібермей қадағалап отыратын құдіреті күшті Ұлы Жаратушының бұйрығымен дейсіз бе, Нұрсұлтан Назарбаев есімді ұлтын сүйген, кемел ойлы, кемеңгер тұлғаның пешенесіне жазылыпты. Дегенмен... Жаңа тарих сахнасына ұлттық тәуелсіздігімізді толайым тағдырымен, толық кескінімен алып шығып, әлемге жаңа тұрпатты Қазақ елін алғаш танытуда, осы жолда аса маңызды тарихи құжаттарға қол жеткізуде, ондаған ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық байланыстар орнатуда, шек-шекарамызды белгілеп, оны түбегейлі бекітуде, Батыс, Шығыс қарым-қатынастарын таразылауда, қазіргі таңдағы күрделі геосаяси ахуалдар қорығынан аман шығып, жаһандану жағдайында әлем танып мойындаған тәуелсіз мемлекет құруда қазақстандық үлгіні қалыптастыру тұлға тұғырын биіктетер тарихи ақиқаттың нақты көріністері екені күмәнсіз. Өткенсіз бүгін жоқ... Бүгінгі өміріміз – кешегінің жалғасы. Міне, уақыт айтар Ел болу мен елдікті сақтаудың тарихи аксиомасы осы. Тарихи ақиқат деген қасиетті де қастерлі ұғымға ден қойып отырып, “жаңа дәуір қазақ үшін, қазақстандықтар үшін қашан, қалай басталып еді?..” деген сауалға еріксіз жауап іздейсіз. Шынында да қашан, қалай, неден басталып еді? Шаңырағы шайқалмайтындай, іргесі сөгілмейтіндей көрінген, достық, бауырластық хақындағы ұранынан ұрпақ құлағы тұнатын алып империя әлем алдында өзінің шынайы кескін-келбетін танытуына 1986 жылдың Желтоқсаны қалай себеп болғанын бүтін әлем жақсы біледі... Қызыл империя өзінің жылдар бойы ұлт саясаты мен ұлттардың өзін-өзі басқару құқы турасындағы айтқандарының халықты құр алдарқату, көзбояу, қағаз бетіндегі бос әңгіме екенін іс жүзінде дәлелдеді. Желтоқсанның ызғары империяның жалынын басты. Алматының орталық алаңына шеру тартып шыққан қазақ жастары адамзат баласы күтпеген ұлы тарихтың жаңа бетін, жаңа тарауларын ашып берді. Бұл турасында Нұрсұлтан Назарбаев “Ғасырлар тоғысы” кітабында: “Көне дүниенің көбесі содан бастап сөгіле жөнелді. Вильнюс, Тбилиси, Баку оқиғаларына жалғасты... 1986 жылғы желтоқсан қазақ жастарының ұлттық санасының қаншалықты өскенін көрсетіп берді. Бір ғасыр бойы халықты ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған өктемдік үрдісінің алдындағы қорқыныш алғаш рет еңсерілді. Жастар айдай әлемнің алдында кез келген ұлтқа тән ұлттық намыс бұдан былай ешқандай баса-көктеуге мойын ұсынбайтынын паш етіп берді”, – деп жазады. Өткен ғасыр оқиғаларының бел ортасында жүрген, жаңа дәуір ұсынар күрмеуі қиын ғаламдық проблемалардың оң шешіліп, жаһандану жағдайындағы Қазақстанның өзін-өзі тәуелсіз ел ретінде сақтауының, сақталуының алуан-алуан жолдарын іздеумен бірге, аймақтық, құрлықаралық іргелі мәселелерге де тікелей араласып келе жатқан, есімі әлемге мәшһүр саясаткер аузымен айтылған мына сөздер төркінінен біз қазақ ұлтының ерлік тарихынан өз орнын ойып алар ұлы оқиғаға берілген әділ бағаны аңғарумен қатар, дүниелік құбылыстар мен әлемдік өзгеріс атаулыны кең ойлап, кең пішетін, ел болашағы мен ертеңін алдағы ғасырлардан көруге ұмтылатын еуразиялық жаратылысы берік тұлғаның ақиқат алдындағы адал сөзінің де куәсі болып отырмыз. Еуразиялық жаратылыс дегеннен шығады... Қазіргі таңда Батыс, Шығыс түгел мойындайтын бір шындық бар. Ол – ғаламды сақтаудың бірден-бір жолы өркениеттер арасына дәнекерлік көпірін салып, дініне, тіліне, түр-түсіне қарап алаламай, адамзат баласын үнқатысу пен тең дәрежелі түсіністік жағдайында ғұмыр кешу үлгісіне бейімдеу. Толеранттылық, яғни төзімділік деп жүрген өмір сүру салтын қалыптастыру. “Сабыр түбі – сары алтын” дейді данышпан халқымыз. Қазақтардың “сабыр” дейтін салмақты ұғымды өміріне серік етуі тегіннен-тегін емес. Тіпті, толеранттылықтың қазақы санадағы баламасы да осы сабыр сөзі болуы тиіс. Қазақ өміріндегі сабыр ұғымының объективті, субъективті факторлары бар. Объективті фактор – ұлан-байтақ жеріміздің Батыс пен Шығыс өркениеттерінің шекарасында жатуы. Соған орай, өмір, қоғам, уақыт ұсынар проблемаларды шешудің сахаралық үлгісінің қалыптасуы. “Сабырлы жетер мұратқа” деген сөз соның айғағы болса керек. Бала кезінен осындай тәрбие мектебінен өтіп, сабыр мен келісімге ден қояр ортада өскен, Сүйінбай мен Жамбылдың өлмес жырларымен сусындап, әрі көп ұлт өкілдері тұратын Алатау секілді жасыл желекке оранған ұлы таудың бөктерінде – Үшқоңырдың өлең шөбіне шомылып өскен жанның өзгеше болып қалыптасуы мүмкін емес еді... Субъективті фактор қандай? Қазақта “жеті ата, жетпіс пұстысы” дейтін ескіден келе жатқан сөз бар. Амандық-саулықтан соң, ауылдың батагөй қариялары ұнаған адамының сыртынан тегі кім еді деп жатады. Осы тұрғыдан қарағанда, иісі қазақ өз Президентінің ұлы бабасы Қарасай батыр екенін жақсы біледі... Қарасай – ат жалында жүріп алаштың атажұртын жоңғар шапқыншылығынан қорғаған Еңсегей бойлы ер Есім заманында аты шыққан қазақтың хас батыры. Ақылы мен ерлігі қатар жүрген осынау тарихи тұлға жайлы ел арасында кең тараған аңыздың алды – ұрпақ қуалайтын қызыл жолбарыс хақындағы әңгіме. Қазақ ұғымындағы қызыл жолбарыс – елдік пен ерліктің, намыс пен жігердің символы. Еуразиялық ұлы кеңістіктің ұзына бойын кезген “жолбарыс тұлғалы”, “жолбарыс мінезді” дейтін балама теңеулер өз негізін, шамасы, осындай төркіннен алса керек. Алаш ұғымында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жеткен “арыс”, “барыс”, “жолбарыс” сөздерінің түбі бір екені де шүбәсіз. Осы тұрғыдан алғанда, қабырғалы қазақ жұрты өзіне ұлы баба санайтын Арыс – Анарыс (Анахарсис) есімді ерте дәуірде өмір сүрген эллин ойшылдары мен данышпандарын өзінің ғажайып білім-білігімен, терең ой-парасатымен таң- қалдырған, Геродот жазбаларына енген Ұлы Дала ойшылының өмірі мен тағдыры, дүние теңдігі мен ғалам үйлесімін сақтау жөніндегі ұстаным-пікірлері Батыс пен Шығыс арасына алғаш көпір орнатудың үлгісі болғаны, болашаққа жол салғаны тарихтан белгілі... Ұрпақ бойында араға дәуірлер, ғасырлар салып, қайыра жаңғырған еуразиялық жаратылыстың бітім-болмысы сол ерте дәуірлердегі Анарыс ұстанымдарының жалғасы Ұлы Даланың ұлы жүректі перзенттеріне әлсін-әлсін оралып соғып отырған. Майқы би, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай, Шоқан тәрізді еуразиялық тұлғалардың қазақ топырағында өмірге келуі осы айтқанымыздың айшықты көріністері. Ел болып ірге бекіту, алыс-жақын жұрттармен қарым-қатынас орнату, дәуір, уақыт бедеріндегі ұлт тұғырын анықтау, қағидаттық саралау, дамудың жаңа жолын іздеу, Абайдың сөзімен айтқанда, дәстүр атаулының “озығынан үйреніп”, “тозығынан жирену” – өсудің нышаны. Бұл тұрғыдан алғанда Абайдың ұсынар ұстанымы б.з.д VІ-VІІ ғасырларда – үш мың жылдай ілгеріде ғұмыр кешкен бабасы Анарыстың ұстанымын еске салады. Соның ХІХ ғасырдағы жаңғырған жалғасындай елестейді. “Батысым – Шығыс, Шығысым – Батыс болды” дейтін кемеңгер сөзінің ықылым заман қойнауынан тіл қатар тұма бастау, тұнық көзі осы жолда жанын пида етіп, Батыс пен Шығыс арасына алтын көпір орнатқан төл топырағымыздағы алғашқы еуразиялық ұлы тұлға Анарыста жатқанын аңғарамыз... * * * Нұрсұлтан Назарбаев – қос ғасыр тоғысында қазақ дейтін халықтың, Қазақстан дейтін мемлекеттің атағы мен абыройын әлемге кең жайған, дәуір жүгін арқалаған сол еуразиялық тұғырлы тұлғалардың жаңа замандағы жаңа тұрпатты жалғасы, әр заман, әр дәуірлерде өткен алаш ұранды, арқар мүйізді қазақтың басын қосып, тәуелсіз мемлекет болуды көксеген арыстарымыз бен алыптарымыздың аманат-арманын жүзеге асырған ұлт көсемі. Иә. Алаш ұлдарының бірлігі мен берекесін табыстыра қоймаған, әр тудың астына жиналған ала-құла ұранын қабыстыра қоймаған, қолдан геноцид орнатып, халқымыздың жартысына жуығын жалмаған, елдік тізгінін қолына ұстатқансып, бірде арбап, бірде алдаған, ғасыр басын өз елі, өз жерінде 95 пайыздық басымдықпен қарсы алған ұлттың ғасырдың орта тұсында өз елі, өз жерінде 29 пайыздық адам сенгісіз құлдырауға жеткен жиырмасыншы ғасырдың қазаққа не бергенін бүгінгі ойы азат, санасы таза ұрпақ жақсы біледі. Тарихи санамызды әр алуан идеологияның салқынынан тазартып, өткеннің бар кескіні мен келбетін көлеңке-күнгейімен тануға, талдауға, байыпты баға беруге толық жағдай орнады. Арғы-бергі тарихымыз, сол санатта жиырмасыншы ғасыр да толық елекке түсіп, ұлт өткені жаңаша сараланып жатыр. Қазақстан Президентінің тікелей бастамашылығымен жүзеге асырылып жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында елдік тарихымыздың баянын ұзартып тереңдетер, нақтылап дәйектер, қаншама бай тарихи жәдігерлер мен құжаттар табылып, айналымға түсе бастады. Тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымның арқасында қалыптаса бастаған осынау өміртану, қоғамтану, адамтану, замантану, ғаламтану үрдісіміздегі жаңа-лықтарға ойымыз бен бойымыз үйрене бастағанын қалай жоққа шығарамыз? Тарихты тану мен демократиялық құндылықтарды бағалауға ден қою – өмірдің қарапайым қажеттілігіне айнала бастағанын өзіміз де аңғара бермейміз. Бұл – бүгінгі қоғам шындығы. Әлемдік интеграцияға ертерек ұмтылып, жаһандану алып келген құбылыстарды іріктеп, сұрыптауды да ертерек жүргізудің нәтижесінде өтпелі кезеңнің ойран-топырында халқымызды тоз-тоз етіп қаңғытып алмай, мемлекеттік мүлік бөлісін ертерек жасаған, жер шарын тұншықтыра бастаған еңбекпен қамтамасыз ету мәселесімен де ертерек айналысқан Қазақ елінің бүгінгі тәубеге жүгіндіріп, қанағат айтқызар ақиқаты қалай түзіліп еді? Жиырмасыншы ғасыр – қазаққа күнгей-шуағын төгумен бірге, көлеңке-қасіретін де қатар берген жүзжылдық. Жиырмасыншы ғасыр – алаш арыстары мен алыптарының қанаты қайырылып, тағдыры тауқыметті, өмірі өксікті болғанымен, олардың ұлттық мұраттары мен елдік мақсаттары жүзеге асқан қара қазан ғасыр. Жиырмасыншы ғасыр – қазақтың көшпелі дәуірін тұйықтап, отырықшылыққа бет түзеген, үй тұрғызып, қала салған, қара соқаны ғарыш жолымен жалғастыруға мүмкіндік алған, жалы күзелген, қиялы айға қонған ғасыр. Жиырмасыншы ғасыр – ұлт ойы мен парасатының кенен көздері ашылып, ғылымы ғарыштап өскен, әдебиеті мен өнері әлемдік биікке көтеріліп, ондаған шедеврлердің дүниеге келген, көркемдік мектептердің көкжиегі кеңейіп, кеңістік болмысы танылған, мойындалған ғасыр. Осы ғасырдың ұрпағы өз ұлтының имандылыққа үйірер жақсы қасиеттерін әкенің қабағынан танып, батагөй дана шалдардың қайталанбас әңгімелерінен естіп өскендер еді. Бұлар қаршадай кездерінен тарғыл тағдырдың бопсасында кетпей, кітап оқып, білім игеріп, халқымыздың арғы-бергі дәуірлерінен сыр шертер сөз өнерінің тұма бастауы саналар жыр-дастандарды ел-елдегі, жер-жердегі жыраулар мен сүлейлердің аузынан тыңдаған, жаңа заман тәрбиесі мен дәстүрін қатар игерген ұрпақ болды. Келе-келе ұлттың ұлы қасиеттері мен әлемдік өркениеттің озық сипаттарын бойларына қатар сіңірген, талғамы мен талабы қатар жетілген, қоғамды тану мен бағалау қабілеті берік, білімі терең, ойы кенен осынау өрісті ұрпақтың “жылымық кезеңі” тұсауын кескен “алпысыншы жылғылар” дейтін атпен тарихқа кіргені мәлім. Қырық жылдан астам уақыт “ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей” келген коммунистік идеологияның сүрінген бір тұсы да, тоталитарлық жүйенің жүрісінен жаңылып барып, есін бір жиған кезі де осы ой мен сөзге еркіндік берілген өткен ғасырдың алпысыншы жылдары еді... Тебінгілі, текті ұрпақтың қоғам санасына, жас буын жеткіншектерге жасаған ықпалы айрықша болды. Сол өзгеріске бет бұрған, еркін сөз бен еркін ойға ұйытқы болған алпысыншы жылғылар қатарында Теміртау комсомол жастарының ұйытқысы, 1958-59 жылдары Днепродзержинскіде болат қорытушылар мектебінде алуан-алуан ұлт өкілдерінің арасында жүріп, ойы да, өзі де құрыштай шыныққан Нұрсұлтан Назарбаевтың да болғаны анық. Шамасы, Президент бойындағы жиі айтылатын лидерлік харизм мен еуразиялық ойлау жүйесі өз бастауын осы қытымыр қоғам мен тұйық өмірге өзгеріс пен серпіліс әкелген жылдарда, Теміртауда жүрген кезінде мықтап қалыптасса керек. Қалай десек те бұл жайды болашақ ел басшысының көзқарасын бекітуге ықпал еткен қоғам өміріндегі айрықша объективті факторлардың бірі деп қабылдауға болады. Өйткені, болат балқытушы жұмысшылар мен интеллектуалды ортаның арасына дәнекер болу, көпір орнату, екі ортаның да көңілінен шығар сөз тауып айту екінің біріне бұйыра бермес қасиет екені анық. Президенттің осы бір көпшіл мінезі жайлы белгілі ақын-журналист Жақсылық Сәтібековтің аузымен айтылған мына бір әңгіме (“Егемен Қазақстан” газетінің 1994 жылғы күзгі сандарының бірінде жарық көрген Ұзақ Бағаев хақындағы мақаласы) менің жадымда қайта жаңғырып отыр. Алпысыншы жылдардың соңы, не жетпісінші жылдардың басы... “Егемен Қазақстан” (сол кездегі “Социалистік Қазақстан”) басылымының ұжымы Қарағанды, Теміртау қалаларында үлкен кездесулер өткізеді. Сол кездесулердің бірінде – Теміртау парткомының хатшысы жас Назарбаев өзінің шашасына шаң жұқтырмас шешендігімен, тапқыр мінезімен, терең парасатымен, домбырамен ән салатын сирек өнерімен көзге түседі. Журналистер қауымының құрметіне бөленеді. Орыс тілі басым алып комбинаттың екі тілде бірдей сөйлейтін және қағазсыз сөйлейтін осы бір жас басшысына алматылық бас газеттен барған қаламгерлер қатты сүйсініп оралады... Тұлға тұғырын биіктетер осы бір сирек екі қасиет (лидерге тән харизм мен тарихи тұлғаларға тән еуразиялық ойлау жүйесі) Нұрсұлтан Назарбаевтың әмсе жолын ашып, қоғам алдындағы абырой-беделінің бекуіне қызмет етіп келе жатқан қанаты мен қалқаны секілді. Қандай кезде де, нендей оқиғалар тұсында да сөзін тура айтып, ойын жасырмай, бүкпей жеткізуге дағдыланған көреген лидердің, өткір тілді шешеннің тыңдаушысын баурап, ұйытып әкетуінің талай куәсі болып келеміз... Сондай бір жан сүйсінтер сәттер менің де жадымда жиі жаңғырып тұрады. Италия сапары. Рим. 1995 жылдың күзі. Ресми кездесулер аяқталып, итальяндық журналистермен баспасөз мәслихаты өтіп жатты. Кездесу аса қызу, әрі қызғылықты болды. Сұрақ қарша борады... Әлден уақ шетелдік журналист-әріптестеріміздің бірі, қылта тұсыңыздан ұстадым ба дегендей, сұрақты төтесінен қойды: “Президент мырза! Әлденеше ғасырлар бойы бірі мен бірінің сәлемі жараса бермейтін екі түрлі діннің еліне қатар келе жатырсыз. Ол туралы баспасөз пікірі әр алуан. Осы турасында не айтар едіңіз?!” – деді. Күтпеген сұрақ... Католицизмнің ғана емес, күллі христиан дінінің орталығына айналып отырған Римде, Ватиканның төрінде тұрып, Нұрсұлтан Әбішұлының сондағы сабырмен айтқан сабаудай мына пікірлері менің жадымда қалып қойыпты: “Мен – көп ұлт өкілдері тұратын елдің Президентімін. Өзім – қазақпын! Республика менің туған халқымның атымен аталады. Ал қазақтар қашаннан – мұсылман халық. Өзін мұсылман санайтын қауымның Мекке мен Мединені бір көру – арманы. Бұл маған бала күннен сіңген сезім. Ватиканды құрметтеймін. Қағбаның киелі қара тасына қол тигізу бақыт қой... Мекке-Мединеге барар алдында қатты толқып жүргенімді жасыра алмаймын...” – деді. Журналистер қауымы дуылдасып қалды. Бұл орайын тауып айтылған адал сөзге көрсетілген құрмет екені белгілі. Мемлекет басшысының өз ойын жасырып-жаппай, ашық айтқаны, ірі саясаткерлерге тән қасиет танытқаны келесі қалған кездесулердің де өз деңгейінде өтуіне себепкер болды-ау деп ойлаймын... Екінші бір есте қалған әңгіме... Бұл да сол Италияда, ертесі іскерлік элитамен болған кездесуде айтылды. Қазақстан Президенті Батыс іскерлеріне нақты ұсыныстар айта келіп, сөзінің бір тұсында: “Карл Маркс өз өмірінде баршаға белгілі іргелі екі еңбегін – “Коммунистік манифест” пен “Капиталды” жазды. Маркс баяғыда дүние салды...” деді сәл сұраулы үзіліс жасап. Сонан соң тыңдаушыларына: “Капиталы” сіздерге тиді де, “Манифесі” бізге қалды”, – деді әзіл араластыра. Зал ду күлді. Тауып айтылған ұтқыр сөз сол күні-ақ төрткүл дүниенің төрт бұрышын кезіп кетті. Ертесі көне Колизей мен Рим форумының орнын көріп, толқып тұрып, Нұрекеңнің әлгі бір ретін тауып айтқан астарында көп мағына бар әзіл-шыны аралас сөзін еске алдым... “Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды” дейді қазақ атамыз. Қазақ Президентінің адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан ел басқару мектебі бар, жарты дүниені жаулаған империяның атын тарихқа қалдырған Юлий Цезарь, Птоломей, Помпей, Крас, Клеопатра, Цицерон, Сулла, Спартак сынды тарихи тұлғалардың рухы Апенин түбегінің көгін кезіп жүретін көне Римді аузына қаратқан әлгі бір тарихи нұсқалы қысқа сөзі Елбасына деген құрметті күшейткені анық. Содан бері де, міне, 16 жылға жуық уақыт өтіпті... Шынында да жаяудың аттымен жарысқа түскені секілді тарихтың тірсектен қағар тағдырлы кезеңдері аз болған жоқ. Тағдырлы сәттердің шаршатқан тұсы да, шалдықтырып, шамырқантқан тұсы да болды. Болды! Бәрі болды... Елдің есі кете есеңгіреген кезі де, “Мені елдің жайы қатты мазалайды...” деп уайымға түсіп, қобалжудың көк мұхитын кешкен тұсы да болды. Болды!.. Жаратылыс бойына үлкен қайсарлық пен жігерді өлшеп-пішіп жатпай, молынан күреп берген осы бір күрескер тұлға ел мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары ұстайтынын сондай сәттерде он сан рет дәлелдеді. Соның нәтижесі – бүгінгі Қазақстан! Тәуелсіз Қазақ елі қысқа мерзім ішінде адам таңданарлықтай, әлем сүйсінерліктей тарихи қадамдар жасады. Париж, Рим, Мәскеу, Шанхай, Нью-Йорк секілді әлем назарына іліккен ұлы қалаларды көріп, сүйсініп, сүйініп жүріп, шіркін-ай, біздің елде осындай аспанмен таласқан әсем ғимараттар, ел тарихы мен арманын арқалаған ескерткіштер қашан көкке бой созар екен деген ойымыз еселеп жүзеге асқан жоқ па?! Сал сахараның төсінде, Сарыарқада Астанадай айдарлы әсем қала бой көтеріп үлгерді. Көргеннің көз жауын алар ғажайып архитектуралық сымбаты көз тартар сарайлар, ғимараттар, үйлер, көшелер, алаңдар ел абыройы мен игілігіне қызмет ете бастады... Алаштың ару қаласы Алматы да бұрынғыдан бетер нұрланып, Алатау бөктері құлпырып шыға келген жоқ па?!. Жә, айта берсек, әңгіме көп... Ескерткіш дегеннен шығады... Астана аз ғана мерзім ішінде халқымыздың қабырғалы қалың тарихын айғақтар жаңа ескерткіштермен толықты. Он тоғызыншы ғасырдың қырқыншы жылдары атасы Абылайдан қалған Арқаның ең әсем төрі Көкше мен Есіл-Нұраны отарлаушы жұрттың боданына тастап, ат жалы, түйе қомында Бетпақты бетке алған, белгісіз күндерге көшін бағыттаған, азаттық үшін алысқан, қазақ үшін қан кешкен Даланың соңғы ханы атына қайыра қонып, араға 160 жылдай уақыт салып, Арқаға қайта оралды. Азаттық рухының алмас қылышындай елестейтін Кенесарының ат үстіндегі бейнесінің Арқа төрінен, елорда биігінен көрінуі тарихи әділеттің барлығын, тәуелсіздіктің беріктігін, баяндылығын дәлелдейтін белгідей көрінгені рас. Басқа басқа, ал осы Есіл жағасынан дүниеге атырылған ат үстінен қараған Кенесары мүсінінде үлкен мағына бары анық. Жоңғар соғысы тұсындағы қазақ халқының бас батырлары Бөгенбай мен Қабанбайдың елорда төрінен бірі ат үстіне қонып, бірі ерліктің ұлы символындай ақ кесене кейпінде орын алуы, қазақтың қос бірдей ұлы ақыны – Абай, Жамбыл ескерткіштерінің бой көтеруі, жиырмасыншы ғасырдың хас батыры Бауыржан Момыш- ұлы ескерткішінің сомдалуы аруақты Алаш елінің ұлы төріне Алтын Қыранның белгісі болып орныққан Азаттық пен Тәуелсіздіктің арқасында емес деп кім айта алады! Қазақ тарихы – бай тарих. Алыс-алыс ғасырлардан тамыр тартатын дәуірлердің терең қойнауларына жетелейтін тарих. Қазақ хандығы – осынау ұлы тарихымыздың ел жадына “қазақ” атауы қайта оралған кезеңнің айқын бір нышаны, бастауын мыңдаған жылдардан алатын халықтық ұлы тарихымыздың жалғасы, шашылған ұлыстардың басын бір ту астына қайта жинаған, ата-бабаларымыздың елдікке, тұтастыққа ұмтылуының белгісі. Сондықтан қазақ хандығы өмірге келген орта ғасырға құрмет көрсету – ат үстінде жүріп, ел тұтастығы үшін алысқан Қасым, Есім, Тәуекел, Тәуке, Абылайлардың ұлы аруақтарына құрмет көрсету деп бағалауымыз керек. Біз Керей мен Жәнібек ескерткішінің ашылуында сөйлеген Елбасы сөзінен халқымыздың өткен тарихын танып, бағалаудың жаңа сатыға көтерілген кезеңде тұрғанын аңғардық. Ел Президентінің өз халқының өткен тарихы жайлы терең де мағыналы ойын, пікір-толғамын естідік. Өткеніңді тану, өткеніңді қадірлеу – өзіңді тану, өзіңді бағалау! Астананың ең сұлу гүлзарларының біріне орныққан Жәнібек пен Керей хандардың ескерткіші өз өткеніне жүрдім-бардым қарайтын кейбір жастарымыздың бойында тарихи сананың, ұлттық рухтың қалыптасуына әсер етері шүбәсіз. Осының бәрі айналып келгенде ел тәуелсіздігінің арқасында атқарылған, атқарылып келе жатқан мемлекеттік маңызы зор рухани шаралар. Өмір атамның халықтық мәтелі алдымнан көп шықты. Көп естідім. Әсіресе есімде қалғаны – ел іші аласапыран болып жатқан өткен ғасырдың 90 жылдарындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бір мәжілісі... Айы-күні есімде жоқ. Есте қалғаны – осы бір халықтық тамыры терең сөздің алғашқы Қазақ Президентінің аузымен айтылғаны. 1990 жылдың жазы. Күнде жиын... Күнде митинг... Өскеменнен, Оралдан, Қызылжардан дүңкілдеп алуан-алуан ақпардың жетіп жатқан кезі. Бір бүтін ел сыртқы-ішкі “үрит, соқ” күштердің желпуімен екіге бөліне жаздап, әрі-сәрі болып апшып тұрған тұс. Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайықтың казачествосы шпорларын сартылдатып, Орал көшелерін шаңдатып жатты. Омбы жақтан келген қайсыбір ұшқалақ жігіттер Солтүстік жақта өздерінше әрекет жасағансып, ел ішін қобалжытып тұрды... Алматы мазасыз... Үкімет үйінің іші-сырты гу-гу... Осыған дейінгі КСРО Жоғарғы Кеңесінің ашық жариялылық үлгіде телеарналар арқылы тікелей эфирде өтетін сессия мәжілістерін бүкіл әлем тірі театр көргендей, қара қобдишаның алдына байланып отырып қадағалайтыны есімізде. Көше-көшеден лақылдап келіп, үкімет үйлерінің кең залдарына сау етіп кірген популистік демократияның “ауыздыға сөз, аяқтыға жол” бермей тұрған тұсы. Қағазсыз сөй-лейтін шешендер қағаз ұстамай мінбеге көтеріле алмайтын тұсаулы қоғамның тұсаулы көсемдерін бір уыс етті. Міне... Бір сценариймен ыдырап, сөгілген алып қоғамның бір бөлшегі саналатын Қазақстан қоғамы да әуелгіде орталықтың әлгі даңғаза-дақпырты мол жолымен Жоғарғы Кеңес мәжілістерін өткізе бастады. Бұл ойы, сөзі еркін ұлт зиялыларының танылуына, миллион санды Қазақстан аудиториясының алдында ұлттық мүдделердің ашық айтылуына қалай жағдай жасаса, империя ыдырап, күйресе, империямен бірге жер-жердегі, ел-елдегі орыс ұлтының да тағдыры талапайға түсетіндей көретіндердің пікірлерінің солай ашық таразы басына түсуіне мүмкіндік берді. Жоғарғы Кеңестің 360 депутаты отыратын үлкен колонналы зал демократиялық пікірсайыстың шынайы төріне айналды. Әрине біресе оңға, біресе солға бұрушылар болды. Дүмпуі қатты Солтүстік аймақтардан келген депутаттардың айқай-сүреңі жетіп артылады. Несін жасырайық, кейде “азаматтық қоғам” дейтін желеумен ұлттық мүдделерді аяқасты еткісі келген азаматтар өз ішімізден де табылып жатты. Қызды-қыздымен көшпелі микрофон қолына тимей қалғанда қайсыбір қызуқанды депутаттар асау атқа жайдақ мініп, тұра шапқан шабандоздай орталық трибунаның микрофонына жармасып жататын... Осындай мінез танытып, орталық микрофонға жүгіріп шыққан марқұм Александр Александрович Княгининнің: “Жә! Тоқтаңдар!” деп қазақ ұлтының тарихи әділетсіздікті көп көрген халық екенін айтып, араға түскені: “Мен – қазақ халқының орыс перзентімін!” деп қанатты сөз айтқаны, Қазақ Парламентінің абыройын көтергені жадымызда! Әрине бұл бүгінгі жиын өткізу тәртібі мен ел басқару жүйесі бір ізге түскен Астана төрінен қарағанда, сәл жабайылау, сәл тұрпайылау көрінуі мүмкін. Әрі мұндай сессия мәжілістерін басқарудың өзі әрі қиын, әрі күлкілі болып елестері анық. Бірақ бізді пікір айтып, дода бұзуға қалыптастырған сол парламентті де, парламент төрінен бағдар беріп отыратын осыдан 20 жыл бұрынғы алғашқы Қазақстан Президентін де сағынып еске алатынымыз шындық... Пікірсайыстың қызыл өрті өршіген тұстарда Нұрсұлтан Әбішұлы жиі-жиі сөзге араласып, әңгіме бетін дұрыс жолға салып отыратын. Ойы өтімді, сөзі ұтымды, пікірі өткір болғандықтан ба, теңіздей теңселген үлкен зал сілтідей тына қалатын... Арыны басылған айқайшы топтардың қайсыбір өкілдері бас шұлғып, Елбасы сөзімен келісетіндіктерін мойындап отыратын... “Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің...” дейді атамыз қазақ. Нұрсұлтан Назарбаевты алыс-жақыннан танып, біліп жүріп, тұлға бойындағы менің көзім жеткен ендігі бір ерекшелігі – дер кезінде тәуекелге қамшы баса білетіні. Сол Тәуекел оны тарихтың ақжал толқындарына батырмай аман алып келеді. Қолына болатшының сүйменін ұстаған бозбала кезден ел тізгінін игерген бүгінгі Елбасы биігі аралығында жатқан уақыт кеңістігі маған Тәуекел мен Сабырдан өрілген қайратты, қайсар жанның күреске толы жылдарын елестетердей... Әлгі менің жадымда сақталып қалған жиында әлдебір шешен өрекпіп тоқтау бермегені есімде. Президенттің шалт қимылдап, микрофон алғаны есімде. Сондағы сөйлеген сөзінің мына бір тұсы менің жадымда қалып қойыпты. “Әркім ел тағдырын өз тағдырындай көріп, сөйлеуі ләзім. Даудың арты жаулыққа апармауы тиіс. Жаулыққа барған елдердің боздақ ұландары қалай оққа ұшып, жазықсыздан-жазықсыз қырылып жатқанын көріп отырсыздар. Ұлт намысы отпен тең. Отпен ойнауға болмайды. Даудың құрбаны болған сол өзгенің ұлын өз ұлыңдай көріп, арыңның алдында адал сөйле! Сонда ғана ісіміз оңға басады. Сөз – киелі дүние. Тауып сөйлесең – бағың жанады, ауып сөйлесең – астыңдағы тағың жанады. Бір ауыз сөз бәрін шешеді. Қуанышқа бөлейді, байқамасаң қанға батырады. Таулы Қарабақ қырғыны байқамай айтылған бір ауыз сөзден басталған. Сөзге жауапты болайық!” дегені айқайшыларға да, жанашырларға да қатты әсер еткені есімде... Айқай-ұйқайы тым қарадүрсін көрінгенімен, пікір айтуы, сөзге тоқтауы жағынан, Қазақстанның сол кезеңдегі бетке ұстар білікті, белді азаматтары түгел жиналғандықтан ба, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылғы аласапыран толқыны іріктеген Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылымы егемендігімізге тиімді, елдігімізге пайдалы көп іс тындырған парламент болғаны шүбәсіз. Жаңа тарихтың әупірім кезі әсіресе көп этнос өкілдері тұратын Қазақстанда тынышсыз болды. Екі жүз жылдан астам уақыт Еділ-Жайық пен Есіл-Нұраны, Ертіс пен Алтайды еркін жайлаған қазыналы Қазақ елін империя құрамынан алып кету оңайға түскен жоқ... Шекарасы белгіленбеген, әскері жоқ, халқының қырық пайыздайы ғана байырғы жұртты құрайтын, ең бастысы, жарты әлемді алаңдатқан Семей полигоны мен Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан Ұлы Даланы тастап шығу Ресей үшін де, сол тұстағы Кеңес Одағының көсемдері үшін де, тіпті басқаны қойып, өз ішіміздегі орталыққа қарап аңырап, үлкен астаудан дәм татып үйренген, стратегиялық мақсатта жұмыс істеп келген алып өндіріс орындарының қызыл директорлары үшін де бұл қадам қиынның қиыны болды... Егер... Дәл осы кезеңде Қазақстан секілді алып империяның алып кеңістігін Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге біреу басқарғанда Орта Азияның кіндік жұрты не болар еді деген сауалдың жауабын арыңызбен бетпе-бет отырып іздеп көріңізші. Шынында не болар еді?! Әркім өз жауабын өзі айтар... Мен үшін бұл сұрақтың жауабы сол тоқсаныншы жылдары қалай айқын болса, бүгін де солай айқын... Жауабым жалғыз – Ел іші бүліну қарсаңында тұрған тоқсаныншы жылдар басында халық өз тағдырын өзі сенген басшысының қолына жаңылмай тапсырғаны – тарихи таңдау, заман ақиқаты. Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тарихтың аумалы-төкпелі осындай өтпелі кезеңінде ескі мен жаңаның мінезін тап басып ұстар, халық жүрегіне жол таба білер, қай ұлт үшін де күрделі кезеңде үміт отын өшірмей, сенім биігінен көрінер, “өрге салсаң – төске озар, ерте салсаң – кешке озар” қазақы ұғым тұрғысынан айтқанда, арғымақ бітімді, арыстан жүректі бір азаматтың көш тізгінін қолға алуы керек еді... Тарих сол керектің үдесінен шықты. Халық өз таңдауын қалай жаңылмай жасаған болса, Нұрсұлтан Назарбаев та ел көшін қиын-қыстау кезеңдерден солай аман алып өтіп, ел Сенімін арқалап келеді. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.