Агроөнеркәсібі өркендеген Арқа өңірінің ауыл шаруашылығы саласында табысты өсім бар. Кешенді мемлекеттік бағдарламалар, техника паркін жаңартуға берілетін субсидиялар, арзандатылған жанар-жағар май, тамшылатып суару технологиясы, саладағы цифрлы жаңалықтар Арқа аграрларына серпін беріп отыр.
Агрокешендегі қомақты көрсеткіш
Қарағанды өңірінің агроөнеркәсіп кешені кейінгі жылдары серпінді өркендеп, даму траекториясын айқындап келеді. Мемлекеттік қолдаудың жүйелі тетіктері, озық технологиялардың өндіріс үдерісіне батыл енгізілуі салаға жаңа леп әкелді. Биылғы межелер де осы қарқынның үдей түсетінін аңғартады.
Алдын ала жоспарға сәйкес, 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 559,6 млрд теңгеге жетпек. Өткен жылы бұл көрсеткіш 531,1 млрд теңгені құрап, сала мамандары күткен межеден жоғары нәтиже көрсеткен еді. Демек, агросектордағы өсім – кездейсоқ құбылыс емес, жүйелі жұмыстың жемісі. Негізгі серпін көзі – дәстүрлі өсімдік және мал шаруашылығы.
Өсімдік шаруашылығы бүгінде өңір экономикасының тірегіне айналды. Биыл бұл саладағы өнім көлемі 306 млрд теңгеден асады деп болжанып отыр. Диқандар ескі сүрлеумен шектелмей, егіс құрылымын жаңғыртып, нарық сұранысына бейім дақылдарға басымдық бере бастады. Соның нәтижесінде көктемгі егіс көлемі 1 млн гектардан асып, 1 082,4 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
Дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдардың алқабы да кеңейіп келеді. Бұл қадам бір жағынан агросаланы әртараптандыруға жол ашса, екінші жағынан өңдеу өнеркәсібінің жандануына серпін береді. Картоп пен көкөніс алқаптарының ұлғаюы да ішкі нарықты қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпановтың айтуынша, қазіргі басты басымдық – өнім көлемінен гөрі оның сапасы мен тиімділігі.
– Су ресурстарын ұтымды пайдалану – уақыт талабы. Осы бағытта суармалы жер көлемін 52,7 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Әсіресе Нұра, Осакаров, Шет аудандарында бұл жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. Су үнемдеу технологиялары өнімділікті арттыруға ғана емес, табиғи ресурстарды тиімді игеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар майлы дақылдар өндірісін дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі. Өңдеуші кәсіпорындарды қолдау арқылы біз шикізаттың тұрақты өтуін қамтамасыз етіп, ішкі өндірістің қуатын арттыруды көздейміз. Жалпы, мақсат – сан емес, сапа, – дейді ол.
Мал шаруашылығы да жүйелі даму үстінде. Бұл салада да тұрақты өсім бар. Биыл ірі қара саны 432,6 мың басқа жетсе, қой-ешкі 703,6 мың басқа дейін көбейеді деп көзделіп отыр. Жылқы шаруашылығының да өрісі кеңейіп, мал басы 412 мыңнан асады.
Соған сәйкес өндіріс көлемі де артып келеді. Ет өндіру 110 мың тоннаға дейін жетсе, сүт көлемі 225 мың тоннадан асады. Ал жұмыртқа өндірісі 638 млн данаға дейін ұлғайтылмақ. Мұндай нәтижеге қол жеткізу селекциялық жұмысты жандандыру, асылтұқымды мал үлесін арттыру, жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы мүмкін болады.
Өңдеу саласы да кезең-кезеңімен жаңғырып келеді. Қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту мен жаңа өндірістер ашу нәтижесінде азық-түлік өндірісінің көлемі 215,1 млрд теңгеге дейін жетеді деп болжанып отыр.
Агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемі де көңіл қуантады. Биыл бұл көрсеткіш 61,4 млрд теңгені құрайды. Қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына бағытталады.
– Жалпы сомасы 63,3 млрд теңгені құрайтын 28 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында тауарлы-сүт фермаларын салу, суармалы жерлерді айналымға енгізу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту бар. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шаралары да ауқымды. Биыл субсидия көлемі 24,4 млрд теңгеге жетеді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерін қолдауға 4,8 млрд теңге қарастырылған, – дейді Сырым Бейсебайұлы.
Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Пайдаланылмай жатқан 130 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізіледі. Сондай-ақ бұған дейін қайтарылған 2 млн гектарға жуық жерді игеру жұмысы жалғасыпжатыр.
Тұтастай алғанда, Қарағанды өңірінің агроөнеркәсіп кешені жүйелі дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Нақты жоспар, тиімді қолдау, еңбекқор шаруаның үйлесімі – Арқа агросекторының алдағы уақыттағы еңселі өсіміне негіз болмақ.
Егін науқаны ел ырысын еселейді
Ауыл шаруашылығында жыл он екі айдың ішіндегі ең жауапты кезеңнің бірі – көктемгі дала жұмыстары. Бұл науқанның дер кезінде әрі сапалы жүргізілуі – жыл бойғы еңбектің өнімділігін айқындайды. Сондықтан Қарағанды облысында бұл бағыттағы дайындық жұмысы қазірдің өзінде қолға жүйелі алынған.
Бүгінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс науқанына қызу әзірлік үстінде.
– Биыл минералды тыңайтқыштарды қолдану ауқымы кеңеймек. Жалпы көлемі 111,6 мың тоннаға жеткізіліп, егіс алқаптарының 44 пайызына енгізу жоспарланған. Бұл – топырақ құнарын арттырып, өнімділікті көбейтеді. Қазіргі уақытта 12,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алуға келісімшарттар жасалып, жеткізу жұмысы басталды, – дейді Сырым Бошпанов.
Көктемгі егіске қажетті 109,5 мың тонна тұқым дайындалып, қазір оның сапасын тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Техника дайындығы да жоғары деңгейде. Биылғы науқанға 11 мыңнан астам трактор, жүздеген егіс кешені мен мыңдаған тұқым сепкіш және топырақ өңдеу агрегаттары жұмылдырылады. Қазіргі таңда техниканың дайындығы – 98 пайызға жуық.
Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесі де бақылауда тұр. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 17,5 мың тонна дизель отыны бөлінген.
Қаржыландыру бағытында да нақты қолдау бар. «Кең дала 2» бағдарламасы аясында шаруаларға несие беріліп, «КазАгроҚаржы» арқылы жаңа техника лизингке ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, көктемгі дала жұмысына дайындық барысы облыстық жедел штабтың тұрақты бақылауында. Түйіндей айтқанда, уақтылы әрі сапалы дайындық – мол өнімнің алғышарты. Арқа диқандары биыл да осы үдеден шығуға ниетті.
Қарағанды облысы