Бұл кезде қазақ қоғамы өмірінде жүріп жатқан аса маңызды әлеуметтік үні бар қозғалыстың бірі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесінде қызмет етуіне қатысты болып отырғаны белгілі. Бұл орайдағы көзделген мақсат пен қам-қарекеттердің бір сәтте, немесе тіпті бір-екі жылда орындала қоймайтындығы да түсінікті.
Қазақ тілі – Қазақ Республикасының мемлекеттік тілі деп Конституцияда заңдастырылып жарияланғаннан бері өткен екі онжылдық уақыт ішінде үздіксіз қабылданып келе жатқан қаулы-қарарлар, бағдарламалар, нұсқаулар, бұйрықтар діттеген мақсатқа жеткізе алмай келеді – қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл дәрежесінде қызмет ете алмай отыр. Демек, бұл орасан мәнді, ұлттық мүддені орындауда ресми заңдардан басқа да нақты іс-қимыл қажеттігін, яғни қазақ тілінің өміршеңдігін күшейтетін, көтеретін, танытатын әр алуан нақты жұмыстарды орнымен, кезегімен жүргізу қажеттігін сезінеміз.
Тілдің өміршеңдігін көтеру дегеніміз – ең алдымен, қоғамның өміріндегі тілдің әлеуметтік қызметінің аясын кеңейту. Осыған сәйкес тілдің ғылыми да функционалдық әлеуетін дәлелдеу үшін осы тілдің табиғатын, тарихын, сөздік қазынасын, дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын, өзге тілдермен қарым-қатысын, қызмет ету әлеуетін, яғни мүмкіндігі мен күш-қуатын жақсы танып білу керек. Ал бұл мүмкіндікті жасайтын – білім мен ғылым. Атап айтқанда, қазақ баласының, сондай-ақ Қазақстанды Отаным деп санайтын өзгелердің де қазақ тілінде ауыздануы, яғни балабақшада қазақ тілінде тәрбиеленуі, қазақ мектебінде оқып, жоғарғы білімді қазақ тілінде алуын жүзеге асыру екендігі белгілі қағида. Бұл – білім берудің еншісіндегі шаруа болса, ғылымның, оның тіл білімі (немесе тілтаным, лингвистика) саласының міндеті өз алдына.
Міне, алдымызда осындай талаптар мен міндеттер тұрған бұл күндерде тіл зерттеуші мамандар қауымының күнделікті тірлігінде бұрын-соңды болмаған, жан жылытар жақсы оқиға болды. “Қазақ тіл білімінің антологиясы” деген атпен бір мезгілде жарық көрген 45 кітап қолымызға тиді. Тартуды ұсынған – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, оның Е.Бекмаханов атындағы “Өлкенің тарихы мен этнографиясын зерттеу” ғылыми-практикалық орталығы. Антологияның бас редакторы Е.Арынов, орталықтың директоры А.Құдабаев. Антология Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған, ұлттық-рухани дүниемізге ұсынылған ерекше сыйлық.
Әдетте антология деген грек сөзінің түпкі мағынасы “гүл шоғыры” деген екен, бірақ кейін келе бұл атау көптеген тілдерде мағынасын ауыстырып, “бір салада жазған авторлардың (мысалы, ақындардың) ең жақсы, ең үздік деген шығармаларынан таңдап алып, топтастыру” деген терминге айналған. Демек, “Қазақ тіл білімінің антологиясы” – бір ғасыр (ХХ ғ.) барысындағы қазақ тілін зерттеген ғалымдардың ХХІ ғасырда мағынасын жоғалтпаған ең қажет деп іріктелген ғылыми-танымдық еңбектерінің шоғыры, әр алуан атаулы шоғыры.
“Қазақ тіл білімі антологиясының” басты мақсаты – оны шығарушылардың өздері айтқандай, “классикалық үлгідегі жазылған ғылыми еңбектердің, тілдік зерттеулердің, ғылыми ой-тұжырымдардың көрсеткішін кейінгі жас ғалымдарға, ұрпағымызға үлгі ету. Талдаудың, пайымдаудың, дәлелдеудің сан қырлы тәсілдеріне бойлатудың нақты мүмкіндігін ұсыну” болған.
Әрине, антология болғандықтан, әр ғалымның бір ғана еңбегі таңдалып алынған. Ал бұлардың бір емес, бірнеше, көптеген зерттеу жұмыстары ертелі-кеш жарық көріп келе жатқаны белгілі. Оның үстіне қазақ тіл білімі де, ғылымның өзге салалары сияқты өте күрделі, тұтас құрылым. Оның қаттаулары лексикология, грамматика, фонетика, фонология, диалектология, тіл тарихы, көне түркі ескерткіштерінің тілі, ономастика, топонимика, әлеуметтік тілтаным, этнотілтаным, тілдік стилистика (лингвостилистика), семасиология, мәтін тілтанымы, этимология, лингвистикалық палеонтология сияқты ірі-ірі тармақтарының өз ішінен тағы бөлініп жатады, осылардың барлығының теориялық таным нышандары қазақ тілтаным тарихының алғашқы кезеңдерінен бастап көрінген болса, оны кеңінен талдап зерделеу, бұл салалардың көбінің жеке нысандарын соңғы кезеңде туған жаңа бағыт-бағдарларға сәйкес зерттеу – бүгінгі қазақ тіл білімінің жұмысы мен міндеті болып отырғанын баса айтуға болады.
Антологияның бұл сериясына қазақ тілін зерттеген 45 автордың әрқайсысының бір-бір еңбегі енген. Уақыт кеңістігі жағынан бұлар ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап, негізінен 70-80-жылдарға дейінгі дүниеге келген зерттеу жұмыстары. Бұлардың авторының жартысынан көбі бұл күнде арамызда жоқ. Алды өткен ғасырдың 30-жылдарында сталиндік репрессияның құрбандары болған А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, Қ.Жұбанов, Қ. Кеменгеров сынды алғашқы қазақ зиялылары, одан кейінгілер – туғанына 90-100 жылдықтары аталып өткен С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Ы.Маманов, Ғ.Айдаров сынды алдыңғы лектің ісін жалғастырған ғылым докторлары мен профессорлар. Бұдан кейінгі атайтындарымыз – арамыздан ертерек кеткен М.Арынов, А.Әбдірахманов, Қ.Есенов, Ғ.Мадина, К.Аханов, Қ.Өмірәлиев, Ә.Құрышжанов сынды біздің замандастарымыз. Антологияға еңбектері енген, бұл күнде көзі тірі 20 ғалымның алды жас жағынан 80-нен асқан, соңы 60-70-ді алқымдаған, бірақ ғылыми ізденістерін тоқтатпаған тіл мамандары – ғылым докторлары мен профессорлар.
Алғашқы толқын А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, К.Кеменгеров, Х.Досмұхамедовтер “Қазақ тіл білімі” деген ғылым тармағын жасаған, ғылыми жұмыстың бағыт-бағдарын көрсеткен, яғни құрылымдық тілтанымның (структурная лингвистика) ұстанымдарын белгілеп берген нағыз көшбастаушылар болды. ХХ ғасырдың 20-жылдарында бұлардан басқа қазақ тіліне қатысты жеке зерттеулерімен, қазақша-орысша және қысқаша екі тілдік сөздіктер жасаған, оқулықтар жазған Т.Шонанов, Е.Омаров, М.Мурзин, Ж.Аймауытов, Б.Бертоғаев, Б.Малдыбаев сияқты өзге де зиялы азаматтар болды. Әрине, бұлардың еңбектерін тауып жариялау, оларды талдау алдағы жұмыстардың қатарында болмақ.
ХХ ғасырдың 30-80-жылдарында ғылымға белсене кірісіп, қазақ тілін әр қырынан зерттеудің елеулі үлгісін танытқан келесі буын – бүгінгі аға ғалымдар атанып отырған біздердің ұстаздарымыз қазақ тіл білімін әрі қарай дамытып, іргелі-іргелі еңбектер қалдырды, теориялық негіздерін қалап, сол кезеңдердегі орыс түркітанушыларымен терезе теңестірді. Бүгінгі қолға алынып жатқан теориялық ұстанымыздардың алғашқы ұшқындары солардан табылып, жалғастырылуда.
Антологияға бір-бір еңбектері енген қалған 20 автор – бүгінгі ғылыми жұмыстарды әр қырынан, жаңаша әр бағытта жүргізіп келе жатқан, жас жағынан 60-80-дерден асқан Ә.Қайдаров, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Б.Әбілқасымов, К.Хұсайын, Р.Әміров, Ә.Жүнісбеков, А.Хасенова, Н.Оралбаева, Т.Жанұзақов, А.Аманжолов, Б.Хасанов, Б.Сағындықов, Ө.Айтбайұлы, О.Нақысбеков, Е.Жанпейісов, Ғ.Калиев, И.Ұйықбаев, М.Серғалиев сынды түркітанушылар.
Қазақ тіл білімінің тұңғыш антологиясына шығармалары енген ғалымдардың ата-жөндерін бұлайша түгел атап отырғанымыздың себебі бар. Қазақ тіл білімінің жалпы ғылым әлемінде, оның ішінде түркітану деп аталатын дүниежүзілік тармағында орны қандай болды дегенді тіл мамандары болмаса өзгелер, әсіресе қалың көпшілік нақты біле де бермейді. Сондықтан сөз етіп отырған антологияның дүниеге келгені сияқты игі әрекетті пайдаланып, қазақ тіл білімінің бұрынғы, қазіргі хал-ақуалымен қысқа ғана таныстырып өтсек.
Қазақ тіл білімі ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастап, нағыз ұлттық сипаттағы, теориялық негіздері мықты алдыңғы қатарлы жүйе болып дамып келеді. Ол кеңестік одақта өмір сүрген өзбек, қырғыз, түркімен, татар, т.б сияқты түркі республикаларындағы, сондай-ақ орталықтағы орыс түркітанушыларының алдыңғы қатарында болды. Мәскеу мен Ленинградтағы түркітану орталықтарынан кейінгі 3-орында қазақ тіл мамандары тұрдық деп өзіміз де мақтанатынбыз, өзге туыстас әріптестеріміз де осылайша бағалайтын. Ғылыми қазынамыздың сапасы мен әртүрлілігі, кадрларымыздың біліктілігі мен таланттылығы, Одақтағы өзге түркі ағайындардың тіл мамандарын дайындаудағы, яғни диссертациялық жұмыстарына басшылық, жетекшілік етіп өзіміздің кеңесте қорғату жағынан да Мәскеу мен Ленинградтан кейін қазақ Тіл білімі институты тұрғандығы осылай таныттыратын. Мүмкін, қазірде де бұл орнымыздан таймаған болармыз, бірақ қазір салыстырып, біліп жатқан кім бар?
Иә, соңғы онжылдықтарда бұрынғыдай ғылым кеңістігіндегі аралас-құраластық жоқ, әр орталықта кезекпе-кезек өтіп жататын түркологиялық конференциялар, симпозиумдар тоқтады, бәрімізге ортақ ғылыми баспа орғанымыз – журналымыз жоқ. Сірә, соған қарамастан, ғылым көшінің шаңында қалған жоқпыз деп сезінеміз. Өйткені, соңғы 20-30 жылдардағы қазақ тіл мамандары бұрынғы классикалық, құрылымдық бағыттағы ізденістермен қатар, жаңа антропоөзектік бағдарды ұстанған еңбектер жазып жариялауда, кандидаттық, докторлық диссертациялар жазылуда.
Қазақ тіл мамандарының бұл қазіргі буынының алды жасы 50-60-тан аса бастаған, соңы 30-40-тардың ішіндегі ғалымдар құрайды. Республикамыздың жоғарғы оқу орындарында және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүрген талапты, талантты, ізденімпаз, білімді лингвист жастар өсіп келеді. Олардың көбі филология ғылымдарының докторы, университет профессоры. Сөз жоқ, бұл буынның ғылымдағы түркітанушы, қазақ тілінің зерттеушісі ретіндегі ғылыми деңгейін танытатын антологиясы да дүниеге келеді деп ойлаймыз.
Сөйтіп, қазақ тілін зерттейтін ғылым саласына айрықша көңіл аударып, тұңғыш антологиясын ұсынып отырған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне, оның ректоры Ерлан Мұхтарұлы Арыновқа шексіз ризашылығымызды білдіре отырып, бұл басталған аса игілікті шаруа жалғаса береді ғой деп ойлаймыз. Бұл тұңғыш антология – өзгелерге үлгі, білім мен ғылым бүгінгі қоғамымыздың ең қажет салалары екендігін танудың, танытудың өнегесі. Бұл рухани қазына ғылыми қор ретінде мектептер мен университеттердің кітапханасынан өз орнын тапса, ұлттық құндылықты жас ұрпаққа жеткізудің кепілі болары хақ. Әрине, ана тілімізді, оны зерттейтін ғылым саласын танытудың жолдары мен амал-тәсілдері көп қой. Сондай іс-қарекеттерге тек тіл мамандары ғана емес, түгел жұртшылық болып кірісіп жатса, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесінде тезірек көрінеді деген үміттеміз.
Рабиға СЫЗДЫҚ, академик, Көбей ХҰСАЙЫН, профессор.