ҚАЗАҚСТАН ТАРАПЫН БЕЙ-ЖАЙ ҚАЛДЫРА АЛМАЙДЫ
Қырғызстанда орын алған сәуір оқиғаларына әр бағытта баға беруге болады. Бірақ бір нәрсенің басы ашық – ол елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тым төмендеп кетуі. Міне, мәселеге осы жағынан келгенде халықтың төзімі таусылғандай көрінеді. Орталық Азиядағы осынау шағын мемлекетте шамамен 4,5-5 миллиондай адам тұрса, еңбек жасындағы ерлер мен әйелдердің айтарлықтай бөлігі күнкөріс қамымен шет елдерді сағалап жүргендері белгілі.
Әрине, егер мұның бәріне тек билік басындағылар кінәлі болса, оларды қантөгіссіз, бүгінгі дамыған демократия жолымен кетіруге болмас па еді, деген тұрғыда пікір айтушылар бар. Және бұл пікірді жөнсіз дей де алмайсың. Ортағасырлық жабайы демократия салдарынан жүздеген адамның қаны төгілді. Дүкендер, базарлар, басқа да сауда орындары тоналып, талан-таражға түсті. Көптеген кеңселер мен үйлер өртеліп, қиратылды. Бұған кім кінәлі? Әлбетте, бірінші кезекте қырғызстандықтардың өздері кінәлі. Зардап шеккен де қырғызстандықтардың өздері. Елдегі онсыз да әлжуаз әлеуметтік-экономикалық жағдай бұрынғыдан бетер күрделене түсті. Қысқасы, көрші ел халқы сырттың көмегінсіз еңсе көтере алмайтындай күйге душар болды. Тіпті, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қаржы табылмай қалды.
Міне, ағайын ел үшін осындай қысылтаяң шақта Қазақстан бірінші болып көмек қолын созды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші ел ретінде ғана емес. Әуелі ежелден ауылы аралас, қойы қоралас ағайын ел ретінде. Жанашырлық танытқандықтан. Және де көршілес, іргелес жатқан Қырғыз Республикасындағы қалыпты өмір Қазақстан үшін, жалпы Орталық Азия өңірі үшін маңызды. Аймақтағы тұрақтылық тұрғысынан маңызды. Өңір қауіпсіздігі үшін де айтарлықтай рөл атқарады. Бұл айтқандарымыздың саяси мәнін жақында Қырғызстанның оңтүстігінде орын алған ұлтаралық шиеленіс аша түседі. Әрине, сол оқиғаларды саяси астары бар азаматтық қақтығыстан гөрі, ұлтаралық жанжалды желеу еткен қылмыстық топтардың лаңкестік әрекеттеріне жатқызған жөн.
Ал Қырғызстан оқиғаларын Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық қызметімен тікелей байланыстыратын болсақ, көрші елдегі сәуірдегі жағдайлар еліміз үшін айтарлықтай сын болғаны ақиқат. Қырғызстандағы дүрбелеңге біздің бейтарап қарап қалмайтынымыз және тиісінше ықпал етуге ұмтылатынымыз өз-өзінен түсінікті болатын.
Қырғызстандағы оқиғалардан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шұғыл Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен және АҚШ Президенті Барак Обамамен келіссөздер жүргізіп, көрші елдегі жағдайды қарастыруға кіріскен-тін. Солардың нәтижесінде, Құрманбек Бакиев Қырғызстаннан шығарылып, салдары алғашқыларынан да сұрапыл қантөгіске жол берілген жоқ.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев та өз кезегінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға барынша үлес қосты және де осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыруда. Қазақстандық дипломатияның қабылдаған шаралары уақтылы әрі тиімді болды және олар Ұйымға мүше мемлекеттер мен шетелдік сарапшылар тарапынан айтарлықтай жоғары бағаланды. Нақты айтар болсақ, оқиғалардан кейін артынша Қанат Бекмырзаұлы БҰҰ, Еуропалық Одақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Ресей, АҚШ, Германия, Испания, Франция, Түркия секілді халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшелерінің өкілдерімен телефон арқылы сөйлесіп, бірқатар кеңесулер жүргізу арқылы Қырғызстанға қатысты қолға алынған шараларды тиімді үйлестіруге қол жеткізді. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов ЕҚЫҰ төрағасының арнайы өкілі болып тағайындалып, халықаралық қоғамдастық жіберген бітімгершілердің қатарында бірінші болып Бішкекке барды. Сондай-ақ, оның миссиясына Іс басындағы төрағаның тапсырмасымен ЕҚЫҰ Хатшылығының қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Х.Зальбер қосылды. Австрия астанасында Ұйым Тұрақты кеңесінің жедел отырысы ұйымдастырылып, ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі орталығына шұғыл түрде тиісті нұсқаулар берілді.
Қ.Саудабаевтың өзі 7-8 сәуірдегі қақтығыстардан кейін оншақты күн өткенде Қырғызстанға сапармен барған алғашқы сыртқы істер министрі болды. Онда ол толық әрі шынайы ақпарат алу мақсатында уақытша үкімет басшылығы мен шетелдік дипломаттарға қоса, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттары жетекшілерімен жүздесіп, қалыптасқан жағдайға ықпалы бар беделді адамдардың пікірлеріне құлақ асты.
Қазақстан туысқан елге тұрақты жәрдем қолын созып келеді. Қазіргі кезде, жоғарыда да атап өткеніміздей, Қазақстан, Ресей және АҚШ-тың бірлесе отырып Қырғызстанның бұрынғы президенті Қ.Бакиевті елден дер кезінде алып шығуы осы мемлекеттегі азамат соғысы қатерінің алдын алды деуіміз керек.
Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек те көрсетіп келеді. Солардың қатарына Қырғызстандағы көктемгі дала жұмыстары тоқтап қалмауы үшін, сөйтіп, Қырғыз халқының иығына қиыншылық салмағы одан бетер батпас үшін 3700 тоннаға жуық жанар май бергенін жатқызуға болады. Күні кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қырғыз Республикасының өтпелі кезеңдегі Президенті Роза Отунбаевамен телефон арқылы сөйлесіп, тараптар 4 шілде күні Ақордада өткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі Президенті Р.Отунбаеваның кездесуінде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Қырғызстанның экономикалық қайта жаңару бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шараларды талқылады.
Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі Президенті Р.Отунбаева Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің басшылық етуімен құрамына тиісті министрліктер мен мекемелердің басшылары кірген жоғары деңгейдегі жұмыс тобының құрылуы жөніндегі ақпаратты ризашылықпен қабылдады. Р.Отунбаеваның мәлімдемесіне сәйкес, осындай жұмыс тобы қырғыз тарапынан да құрылуда.
Тараптар құрылған жұмыс топтарының мүмкіндігінше тез арада Ош пен Жалалабадты қайта оңалту және Қырғызстанның экономикалық жағдайын жақсарту бойынша нақты іс-қимыл бағдарламасын анықтау мақсатында кеңес өткізу қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде аталған мемлекетке инвестициялық портфель құру үшін және көмек тарту мақсатында халықаралық донорлық конференция ұйымдастырмақ ниетінде.
Әңгімені қорытындылай келгенде, осы мәселелердің барлығына Қазақстан көрші әрі туысқан ел ретінде және ЕҚЫҰ төрағасы ретінде халықаралық қоғамдастықтың назарын аудартып, басқа да халықаралық ұйымдарды бірлесе жұмыс жасауға, сөйтіп, Қырғызстанға белсенді көмек көрсетуге шақырып отыр.
Сөз соңында кешегі Қырғызстан, бүгінгі Қазақстан азаматтары – жас жұбайлар Еркін мен Аиданың мына айтқандарын келтіре кеткенді жөн көрдік: “Біз негізінен Ош қаласынанбыз, – дейді олар. – Осыдан екі жыл бұрын елімізде жұмыс таба алмай, Астанаға несібемізді іздеп атбасын тіреген едік. Қолымыздан келетіні сауда-саттық болған соң, қала базарларының бірінде кәсібімізді бастаған болатынбыз. Ол кезде дағдарыс әлі басталмаған-тұғын. Тіпті отырып демалуға мұршамыз болған жоқ. Өз елімізде осындай жұмыс болса ғой деп армандаймыз. Ол арманның ауылы әлі де болса алыс екенін енді біліп жатырмыз ғой... Сонымен, жақында Астанадан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізгенімізде қуаныштан жылап жібердік. Шіркін, даласында да, қаласында да емін-еркін жүретін қазақстандықтар қандай бақытты! Сондықтан, қазақ жеріне келіп, Қазақстан азаматы атанғанымызға еш өкінбейміз”.
Бұл жас жұбайлардың айтқандарына біздің еш алып-қосарымыз жоқ.
Самат МҰСА.