• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

АКАДЕМИЯ МӘРТЕБЕСІ ӨЗГЕРМЕК

516 рет
көрсетілді

Ол жайында кеше Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мәжіліс залында өткен Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы жалпы жиналысының кезекті сессиясында айтылды. Құрамында 165 мүшесі бар ҰҒА сессиясының күн тәртібінде негі­зінен төрт мәселе қаралды. Бі­рін­шіден, ҰҒА мүшелерінің Мем­ле­кет басшысы Н.Назарбаевтың би­ылғы жылғы Қазақстан халқына Жол­дауына орай ҰҒА қандай мә­се­лелерді шешу, қандай мәселе­лер­ді алға қойып, ғылымның қандай салаларын дамытуға тиіс екендігі туралы ұсыныстар талқыланып, ол құжат жақын арада Үкімет пен Бі­лім және ғылым министрлігіне, Ғы­лым комитетіне жіберілмек. Екіншіден, ҰҒА-ның мәрте­бе­сін өзгерту. Баршаға аян, бүгінде ҰҒА қоғамдық бірлестік болып отыр. Алайда, қоғамдық бірлестік ту­ралы Азаматтық кодекске өзгеріс енгізілгелі бұрынғы 11 пункттің алтауы алынып тасталып, олардың құқығы шектеліп, жұмыс істеулері қиындаған-ды. Сондықтан, акаде­мия енді мемлекеттік емес мекеме де­ген статусты қабылдамақ. Мұн­дай жағдайда оның құқықтық мүм­кіндігі ауқымды болмақ. – Жалпы бізге мемлекеттік емес және коммерциялық емес ұй­ым­дардың қайсысын қабылдау, ол – еркімізде, – деді өткен жылдың қорытындысына орай есепті баян­да­масынан кейін журналистерге берген сұхбатында ҰҒА прези­денті Мұрат Жұрынов. – Коммер­циялық емес АҚ болуды таңдасақ, оның акциясы, басқасы бар, та­ратудың машақаты көп. Сондықтан одан бас тартып, “мекеме” деген мәр­те­беге тоқтадық. Оның қандай мүм­кіндігі бар? Егер біз мекеме мәр­тебесімен өз үлесімізді мемле­кет­тік органға берсек, онда базалық қар­жыландыруға құқықты боламыз. Мәселен, академия 71 елге тарай­тын 8 журнал шығарады. Қазақ­станда ондай беделі бар ғылыми журнал жоқ. Бүгінде оны шығару, шығармау мәселесі күн тәртібінде тұр. Меніңше, қолдау керек. Қазір кім журнал шығармай жатыр. Бірақ, ағылшын, француз тілінде жарияланып, соншама елге тарай­тын, оның ішінде Америка Кон­гре­сінің Ұлттық, Англия Корольдігінің кітапханалары алатын журналды қайдан табасыз. Біз оған Кеңес одағы кезінде қол жеткіздік. Енді бір ізге түскен, дайын нәрседен айрылып қалуымыз жарамас. Сондықтан осы мәселені қолдап, ары қарай жалғастыруымыз керек. Сондай-ақ, ұлттық баяндама Пре­зидент үшін дайындалады. Оны ғы­­лымның барлық саласынан дай­ындайтын тек қана біздің академия. Басқа академиялар оны жасай алмайды, өйткені, олардың біреуі экономика, біреуі жаратылыстану саласы ғана бойынша, ал біз сияқ­ты әмбебап классикалық академия жоқ. Үшінші көтерілген мәселе – Қазақстан ғалымдарының қартай­ып, жас мөлшерінің егде тартуы. Бұл мәселені жедел қолға алмаса, отандық ғылымның қанат жаюына кері әсерін тигізбек. Олай дейті­ні­м­із, қазір ең жас академик 50-ден асқан болса, 90 жасты алқымда­ғандар саны 37. Егер 2003 жылы 205 академик болса, қазір 165. Оның үстіне он бес жылдан бері сай­лау өтпеген. Сондықтан ҰҒА осы жылдың аяғында жаңадан сай­лау өткізбек. Сайлауда негізінен қа­зіргі халықаралық деңгейде белгілі болып, жақсы жұмыстарымен көрініп жүрген жас ғалымдарды тартып, ұрпақ жалғастығына көңіл бөлмек. Төртіншіден, ҰҒА-ның ака­демиктері Мәжілісте талқыла­нып жатқан Ғылым туралы заң жобасына өздерінің көзқарастарын, нақты ұсыныстарын білдірді. Онда Қазақстан ғылымының болашағына қалай әсер ету мүмкіндігі сөз бо­лып, оның шешімдері министрлік­ке табыс етілмек. Сондай-ақ, сессияда талқылан­ған мәселелер бойынша 13 ака­демик жарыссөзге шығып, өз ой­ларын ортаға салды. Мәселен, ака­демик Асқар Жұмаділдаев ҰҒА-на жаңа мүше қабылдау, оны жасарту өте маңызды шаруа екендігіне тоқ­тала келіп, 1995 жылға дейін мем­ле­кеттік болып келген ҰҒА-ны қал­пына келтіруге күш салу, сөй­тіп, академияның беделін, деңгейін көтеруге нақты іс жасау ке­ректігін сөз етсе, академик Ра­қым­жан Елешев бүгінде академия­ның, академиктердің көптігін ес­кер­тіп, егер мемлекеттік емес ме­ке­ме бол­сақ, онда ҰҒА заңда қа­лып, қара­жат жағын айтпағанның өзінде, қоғамдық партиялар сияқты көптің бірі болмайтынын, сондай-ақ бұрынғы сайлаудың дұрысты­ғын, яғни корреспондент-мүше ар­қылы академикке өтуді қолдай­тынын жеткізді. Сондай-ақ белгілі ғалым-академик Е.Нұрғожин егеменді ел болған соң қандай ғы­лымды дүниежүзілік деңгейге шы­ғар­дық, қай лицензиямен төрткүл дү­ниеге тарайтын журналға ғалым­да­ры­мыздың мақаласы шықты және алған бағасы жөнінде айту керек­тігін, өйткені қазір шығып жатқан реферативтік, рецензиямен өтетін халықаралық журналдардың ішін­дегі Қазақстан ғалымдарының орны өте төмен деңгейде екенін, сондықтан Қазақстанның ғылым деңгейін әлемдік дәрежеге көтер­мей­тін болсақ, бізді ешкім баға­ламайтынын екпін түсіре айтты. Өз кезегінде академик жас ғалымдарды көтеріп, ғылымға тартуымызды қол­дау керектігін, сонымен бірге, ер­тең докторлық, кандидаттық дис­сертацияның керегі жоқ десек, сон­да ертең пейждидің бәрін академик етеміз бе деген ойларын да алға тартты. Ал белгілі экономист ға­лым-академик Сағындық Сатыбал­дин бүгінгі қойылған мәселелердің өзектілігіне, еліміздің ғылым ор­дасы – академияның болашағы ту­ралы әңгіменің қозғалғанына, ҰҒА-ның президенті М.Жұрыновтың баяндамасын негізінен қолдайты­нын айта келе, көңілдегі біраз күпті ойларын да білдіріп өтті. Бірін­шіден, деді ғалым, бізге алдымен пейждиді түсініп алу керектігін, Болон үрдісімен үш деңгейлі оқу жүйесіне ешқандай дайындықсыз көшкенімізді, яғни білім жүйесін жетілдіріп, магистрантты жүргізу үшін оқулықтар, бағдарламалар, мұғалімдер дайындау мәселесіне көңіл бөлуді баса айтты. Сондай-ақ жарыссөзге шыққан Едіге Түркебаев, Тұрысбек Кәрі­мов, Әлихан Мелдебеков, Мұрат Нәдіров, Хайдар Айтжанұлы, т.б. академиктер Қазақстандағы элита­лық академияның жұмысын жақ­сар­туға қатысты өз пікір, ұсы­ныс­тарын ортаға салды. Жиын со­ңын­да көтерілген мәселелер бойынша қаулы қабылданды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.