Мемлекет басшысы баспасөздің сот жүйесіндегі рөлі жайлы Судьялардың VI съезінде: «Бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастыру керек», деп айтқаны белгілі. Яғни, судьялардың бір тарапқа жасаған жақсылығын ғана емес, қандай және кімге қатысты істі қарауда болмасын, тек заң талабына сай әділ шешім шығару үрдісін қамтамасыз етуде ақиқатты арқау ету қажеттігін басты назарға салды. Алайда қазіргі күні ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсыз. Одан да қиыны шындықты тіптен жасыру мүмкін емес. Сондықтан жұрт ең әуелі көзімен көріп тұрған шындықты айтуға, жария қылуға асығады. Біреуге жақпай жатқан іс, екінші біреуге оң болып көрінуі де бек мүмкін. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Демек, қазіргі өмір тіршілігіне бір жақты қарауға, атүсті баға беруге әсте болмайды. Ал адамдардың ақ тілегіне қосылу – жақсылықтың молаюына қам жасау деген сөз. Ендеше: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақсылықты паш ету қашанда жан жадыратады.
Бірақ осы ізгілікті істі көре тұра болдырмауға тырысатындар да бар. Және оны бұрмалап сөз ететіндер қаншама. Әсіресе мына бастары дауға қалған жандардың қайсысы айыпты, қайсысы жәбірленуші екенін тап басып айырып беретін билердің ісін сөз етушілер көп. Өйткені, бұрын да, яғни сонау атам заманда да, қазір де би алдына келген тараптың бірін ақтайды, бірін жығып береді. Заң талабына сүйеніп судья не дұрыс, не бұрыс деуге тиісті. Өйткені, заңның аты – заң. Ал судьялардың заң талабына ғана сүйеніп әділ шешім шығарып жатқандығын жұрт қалай анықтамақ? Біз әуелі осы жағына көз жүгірттік. Сырт көз сыншы дегендей, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық индексіне жүгінсек, өткен жылы бұл көрсеткіш бойынша еліміздің ұлттық сот жүйесі рейтингі 2011 жылмен салыстырғанда 25 позицияға жақсарыпты. Демек, еліміздің сот жүйесі әділ шешім шығаруда біраз шаруаларды жүзеге асырған деген сөз. Сонымен қатар, ең бастысы, Елбасы тапсырмаларының орындалуы тыңғылықты жүзеге асып жатқандығына көңіл толады. Ал Елбасы қашанда халық құқының бұзылмай қорғалуын талап ететіндігі белгілі. Соған сай сарапшылар еліміздегі соттардың жұмысы талапқа сай жүргізіліп, өзінің оң нәтижесін көрсетіп отырғаны соңғы кезде байқалатындығын айтады. Сот өкілдері сотқа түскен істерді өз мерзімінде қарау тәртібі сақталып, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша соттар тарапынан оларды қарау мерзімдері бұзылған жоқ дейді. Сонымен бірге, соттарға келіп түскен азаматтық істердің сот өндірісінде алты айдан астам уақыт болуы едәуір азайған. Азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін соттарға өтініш беруі барынша артып, статистикалық деректер көрсеткендей, сотқа келіп түскен істер саны едәуір өскен. Бұл халық тарапынан соттарға деген сенімнің ұлғайғанын білдіреді. Бұл тұрғыда: «Өйткені, біз сот ашықтығы мен жариялылығы және қолжетімділігі туралы көптеген іс-шараларды қолға алып, айқын жүргізіп келеміз. Осы тұрғыда соттардың қызмет деңгейін көтеру сынды жұмыстар да тиянақты атқарылуда», дейді Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми.
Ал соттарға сенім тектен-текке пайда болмайды. Сенім адамға нақты іс нәтижесі арқылы ғана келетіні анық. Соның бір көрінісін редакциямызға түскен мына бір хаттан анық байқай аламыз. Онда Астана қаласының тұрғыны Кристина Романова Жоғарғы Сотқа шексіз алғысын білдіргісі келетіндігін жазады. Ол дәрігерлердің сауатсыздығы мен немқұрайлығынан өзіне қойылған қате диагноз салдарынан теріс емделіп, өлім аузына тірелген. Содан дәрігерлер сап-сау адамды қате емдеу арқылы 1-топтағы мүгедектікке жеткізген. Бұл ащы болса да шындық жағдай. Өйткені, бірқатар дәрігерлердің ауруды емдей алмауы былай тұрсын, оны теріс емдеп о дүниеге аттандырғандары туралы талай жазылды. Сондықтан халықтың кейбір бөлігі қазақстандық денсаулық ісіне өте сенімсіздікпен қарайды. К. Романованың да басына сондай қасіретті дәрігерлер қолдан тудырыпты. Бірақ оның айтқанын дәрігерлер мойындасын ба? Сонан К.Романова Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына жүгінеді. Бұл істі аталған аудандық сот, одан әрі Астана қалалық соты қарап, судьялар Ж.Көмекова, А.Райымбаев, Г.Қаженова, Н.Сұлтанова және К.Мирзоян қара қылды қақ жарып береді. Сөйтіп, жәбірленушінің медициналық мекемесіне қойған талабы қанағаттандырылып, дәрігерлер жоғалтқан денсаулығын қайта қалпына келтіруге дем беріледі. Егер осындай әділдікті арқау ететін судьялар болмаса, К. Романова секілді адамға кім қол ұшын берер еді? Сап-сау адамды мүгедек қылып, одан соң тіпті ажалынан бұрын көз жұмса да «біздің еш кінәміз жоқ» деп қарап отыруы ғажап емес.
Жалпы, Қазақстан халқының ауқатты, бейбіт, мәдениетті өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек кейде осы үлгілі үрдісті бұзғысы келетін теріс ниетті жандар болатыны бар. Міне, сондай адамдардың қатерлі айла-амалдарынан аман қалып, қорғалу үшін сот төрелігінің биік, талапқа сай дәрежеде болғанын халық барынша қалайды. Бірақ барлық уақытта халықтың дегені бола қоймайды ғой. Судьялардың арасында да бүкіл сот жүйесіне кір келтіретін шіріген «бір құмалақтардың» болатыны рас. Былтырғы жылы сондай бірқатар судьяның ұсталып, жазаға тартылғаны белгілі. Сондықтан халық сот жүйесінде тек лайықты адамдар ғана жұмыс істесе екен деп армандайды. Солардың бірі ретінде бізге ақ тілегін жолдаған Қарағанды қаласының тұрғыны Павел Бабломашвилиді айта аламыз. Ол өзінің құқықтық көмек беретін заң фирмасында жұмыс істейтіндігін айтады. Мұны ол текке айтпағаны белгілі. Ол осы жұртқа құқықтық көмек беру қызметі арқылы талай сот инстанцияларымен бетпе-бет келген. Судьяларға, алдымен, сапаға басты мән аудару қажеттігіне назар салады. Тіпті, кейбір кезде судьялардың қарапайым істерді негізсіз сағыздай созатынын, кейде керісінше негізсіз қысқартып жаба салатынын, ал мұның бәрі сот жүйесіне деген сенімді нығайтуға үлес қоса алмайтындығын тілге тиек етеді.
Ол өз айтқанынан қайтпайтын қайсар, адал да әділ судьялардың болатындығын да жасырмайды. Соның бірі ретінде Қарағанды облыстық сотында судья болып қызмет істейтін Раушан Серғазинаның атын атайды. Павел оның бірнеше рет апелляциялық сатыда қараған істері нәтижесіне куә болыпты. Судьяның адами қасиетіне, кәсіби білгірлігіне тәнті болған.
Расында, біздің қоғамымызда қазіргі күні нағыз шынайы әділеттілік пен ардан таза адалдық жетіспейтіндігі анық. Сондықтан да халық үшін әділеттілік деген ауадай қажет-ақ. Бірақ екі тараптың арасында кенеттен дау-жанжал туындаған кезде, көбіне, құқық қорғау органдары бұра тартатыны жасырын емес. «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегендей, кейде кімнің тоқпағы мықты, соның сөзі сөйленетіні де белгілі. Амал нешік, «мемлекеттік іс», «мемлекет беделі», «халық мүддесі» деген қасиетті ұғымдар кейінге шегеріліп қалады. Өйткені, кейде мүдделі жақтастардың қалтасы қалың болып келсе және биліктің тізгінін ұстап отырған соң, ондайлардың ығына жығылу амалсыз жүзеге асырылады. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды, себебі оны басшы да, қосшы да жақсы біледі. Алайда, осы бір шіренген шенеуніктердің қатып қалған ұстанымына қарсы шығып, келеңсіздікті келмеске кетіруге атсалысатын абзал азаматтар да баршылық. Солардың дені әділеттілік пен адалдықты орнатуда, мемлекеттің беделін нығайтуда, халық мүддесін сақтауда тура жолдан таймай, қара қылды қақ жарып бере алатын құдіретті күшті ұстап отырған судьялар қауымының арасында дер едік. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы, Переметное ауылының тұрғыны Р.Тасанова «қара қылды қақ жарып, бұрмалаушылыққа жол бермейтін, тазалық таразысынан ауытқымай арды ойлап қызмет жасайтын, әділ шешім қабылдайтын судьялардың бар екендігіне ризашылығымды білдіргім келеді» дейді. Оны, яғни 28 жылғы еңбек тәжірибесінде бірде-бір рет ескерту алып көрмеген, жоғары санатты ағылшын тілінің маман мұғалімі, мектеп-гимназияда 10 жыл бойы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған, медальдің, қалалық, облыстық құрмет грамоталарының иегері, екі дүркін халықаралық деңгейде Қазақстанның намысын қорғаған ұстазды, мектеп директоры қызметінен бір-ақ күнде Зеленов аудандық білім бөліміне келген жаңа басшы алып тастаған. Мұндай жағдай талай жерде қайталанатыны анық. Бірақ Зеленов аудандық білім бөлімінің бастығына Р.Тасанованың орны қажет болған. Сондықтан тырнақ астынан кір іздеп, қалай да қызметтен кетірген.
Содан жәбірленуші сотқа жүгінеді. Зеленов аудандық сотының судьясы С. Құсайынов арызды қарап, Р.Тасанованың қызметтен заңсыз шығарылғанын анықтайды. Бұған келісетін Зеленов аудандық білім бөлімі ме? Олар біздікі дұрыс деп облыстық апелляциялық сотқа шығады. Бірақ облыстық сотта да заңды білетін, дұрыс пен бұрысты ажырата алатын, азаматтардың заңды құқын қорғау үшін судьялық балғаны адал ұстап отырған әділ билер бар ғой. Әбүйір болғанда іс сондай жандардың бірінің қолына түседі. Дегенмен, расын айту керек: «Өмірде түрлі келеңсіз жағдайлар мен бұрмалаушылықтар орын алып отырғандығын көріп жүргенде кенеттен әділетсіздікке тап боламын ба деген күдік мені қатты мазалады», дейді Р.Тасанова. Алайда, сенімінің ақталып, өз ісіне адал, адам тағдырын ештеңемен алмастырмайтын, ақты ақ, қараны қара деп танитын көзі ашық С.Құсайынов пен Е.Боранбаев сынды судьялардың заңды шешімін естігенде, шын мәнінде еліміздің сот жүйесіне деген ризашылығын жеткізу үшін қолына қалам алыпты. Сөйтіп, облыстық апелляциялық сот жәбірленушінің жұмыстан заңсыз шығарылғанын екінші мәрте шегелеп беріпті.
Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми «Сот ашықтығы – қоғам айнасы» атты мақаласында: «Сот билігінің тәуелсіздігі мен оның тиімділігін арттыруда қазіргі таңдағы ауқымды жұмыстардың бірі де, бірегейі де сот әділдігін жүзеге асыру болмақ. Бұл – тәуелсіз еліміздің Конституциясында бекітілген, судьялардың ар-ұжданы, адамгершілігімен айқындалатын ең бір қасиетті міндет» деп атап көрсетіп берді. Алматы қаласынан хат жазған Ж.Сейітжаппарова мен К.Омарова тағдырдың тәлкегімен сот алдына баруға тура келді, дейді. «2014 жылы біреулердің кесірінен сотқа жүгіндік. Әрине, алғашқыда қалай болар екен деп қатты толқыдық, қара уайымға салындық. Себебі, қолыңда билігің, яки жоғары билік тұтқасын ұстап отырған танысың немесе қалтаң қалың болмаса, бәрі бекер деген халық арасына тарап кеткен пікірге амалсыз алаңдап, күдіктенесің. Алайда, осы қаптаған пікірдің жалған екендігіне Алматы қалалық сотына барғанда көз жеткіздік. Сөйтіп, судья Б.Елшібаевқа және прокурор Б.Сәрсенбековке істі адал қарап, даудың ақ, қарасын заңға сай айырып бергеніне, әділдіктің туын көтергеніне алғыс білдіреміз» деп жазыпты хаттарында Ж.Сейітжаппарова мен К.Омарова ағынан жарылып. Бұл орайда олар халыққа соттың қолжетімділігін, ашықтығын, басқа да қызмет көрсетулерді ойдағыдай ұйымдастыра білгені үшін қалалық соттың төрағасы Ақжан Ештайдың іскерлігіне де ризашылығын білдіріпті.
Ата Заңымызда белгіленгендей, еліміздің ұстанған жолы – құқықтық мемлекет құру және оны одан әрі дамыту. Бұл үшін, алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мінсіз қорғау керек десек, оның ең басты көрсеткіштерінің бірі – сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығы екенінде дау жоқ. Сот ісін ашық және жария жүргізу қашанда шындыққа тіке қарау екені белгілі. Сондай бір сот Қостанай облысының Меңдіқара аудандық сотында өткен екен. Азаматтық талап арыз беруші А. Омаровтың жеке меншігіндегі жылқылары кенеттен басқа біреудің малы болып шыға келіпті. Оның жеке меншік шаруашылығындағы жылқылардың саны туралы мәлімет «Емдеу» МКК базасынан ұшты-күйлі жоғалған. Мұны ешкім білмейді. Тіпті, А.Омаров сотқа арызданғанымен де сот сұратуына мүлде бұрыс көрсеткіштер жіберіліпті. Жауапкердің куәгерлері туысқандары болып шыққан. Бірақ сот осындай әдейі қолдан жасалған бұрмалаушылыққа қарамастан анығын анықтап шығарыпты. Сөйтіп, заңды әрі әділ шешімді жария етіпті. А.Омаровтың жазуына қарағанда, ол мұндай жағдаймен алғаш рет ұшырасқан екен. Сондықтан бастапқыда не болар екен деп қатты алаңдаған көрінеді. Сөйтсе: «Сот қашанда әділдікті ту етіп ұстайды екен ғой», дейді. Сондықтан да А.Омаров Меңдіқара аудандық сотының судьясы А.Сағындықовқа алғысының шексіз екендігін жеткізіпті.
Әрине, алғыс хаттармен қатар, редакцияға арызданатындар саны да басым екенін ескерген жөн. Олардың бәрі бірдей арызқой деп санауға әсте болмайды. Бірақ әзірге қоғам солай болғандықтан, ешкім менікі дұрыс болмапты ғой деп айта қоймайды. Мұны сарапшылар да растайды. Тіпті, бұл айтылғандарға жауап ретінде: «Әрине, сот процесінде нақты дәлелдердің арқасында заңдылыққа сай талапкер жеңіске жеткен жағдайда, айыпкер жақ өздерінің көңілінен шықпаған сот шешіміне риза болмай, шағым беруі орынды. Солай десек те, заңның аты – заң. Талап-арыз берген жеке немесе заңды тұлғаның ісі конституциялық құқыққа сай әділ шешілсе, заңның үстемдік құрғаны. Алайда, бұрынғы ұлы билерден қалған: «Пышақ қынына тоқтайды, дау шынына тоқтайды», деген аталы сөзге құлақ аспайтындар, іс сот сатыларында қаралып бітпестен, шыққан шешімді «әлекке» түсіретіні бар. Өз кезегінде ұтылған жақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздерін «жәбір көрушілер» ретінде көрсетушілік әлі күнге дейін үзілмеуде. Еліміз құқықтық дамудың жолында болғандықтан, біз мұндай кемшіліктер біртіндеп түзелер деген сенімдеміз», дейді Жоғарғы Сот Төрағасы. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар дейміз. Өйткені, қазақ халқы қашанда жөн сөзге тоқтаған. Өмір солай: біреудікі дұрыс, екіншісінікі бұрыс болады. Заң дұрысты айтады. Судья оны негіздейді. Сондықтан, мұндай әділдік салтанат құрған кезде ешкімнің таласы болмайды деп ойлаймыз.
Дәп осындай сарындағы хаттар көп. Арасында Қызылорда қаласынан Айман Тоқтарованың, Маңғыстау облысынан алғыс жаудырған жиырма шақты адамның хаттары бар. Солардың басты тілегімен қорытындылай жақсылығымызды қайыра айтсақ, жұрт хаттарының тоқетер түйіні: «Сенімді ақтау қиын сын, бұл екінің бірінің қолынан келе бермеуі мүмкін. Ал Қазақ елінде сот төрелігін жүргізіп отырған әрбір судьяның заң шеңберінде халық сенімін ақтауы – ең ұлы қасиет» деп тоқталыпты. Осылайша хат жазғандар Елбасының атына да ақ алғыстарын жаудырып жатыр. Себебі, көзі ашық оқырмандар сот жүйесінің тиімділігін арттыру мемлекеттің және жеке Елбасының назарындағы мәселе екенін жақсы біледі. Соның арқасында халық Қазақстанда жедел және әділ сот жүйесі құрылғанын да жете түсінуде. «Мұны біз өз басымызбен жете сезіндік, сондықтан әділ сот құру жолындағы қыруар күш-жігер текке жұмсалмаған екен. Соған да шүкір!» деп рахмет айтады. Бұл орайда Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің сот жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруде көптеген көшелі міндеттерді алға қойғаны белгілі. Оның жыл өткен сайын сот төрелігінде орнығуын өзінің бақылауында ұстауда. «Қазақстан-2050» Стратегиясында жарияланған жаңа саяси бағыттың барлық векторы үшін басымдықтар мен міндеттер айқындалғаны мәлім. Соттар үшін мұның ең маңыздысы – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі екені даусыз. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі десек, әлемдік үлгі көрсеткендей, ең дамыған мемлекеттердің алтын арқауы – қолайлы инвестициялық ахуал туғызу және азаматтардың әл-ауқатын жоғары деңгейге жеткізу. Осындай берік тұғырдың арқасында елімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу үшін, Елбасы айтқандай, сот жүйесінің барлық міндеттері мен атқарар жұмыстарын соған сәйкестендіріп, жүйелі түрде жүргізу – біздің басты мақсатымыз», дейді. Бұған ешкімнің де алып-қосары болмасы анық. Өйткені, халыққа керегі – тәуелсіз және әділетті сот.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».