Биыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында Ардагерлер жылы болып жарияланды. Осыған орай елімізде Республикалық ардагерлер кеңесі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арасында құрылған өзара ынтымақтастық меморандумына сәйкес, «Өмір желісі» акциясын жүзеге асыру қолға алынды. Акцияның басты мақсаты – Ұлы Отан соғысына қатысушыларды «дабыл нүктесі» бар ұялы телефонмен қамтамасыз ету.
Осыған орай облыстық «Ардагерлер үйінде» Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлермен кездесу өтті. Алдымен сөз алған «Еуразиялық Медиа-форум» халықаралық қорының өкілі Ольга Савельева жеңісті жақындатқан қарт жауынгерлерді алдағы келе жатқан мерейлі мерекелерімен құттықтап, «сіздер барлық құрметке лайықсыздар, аман болыңыздар» деп тілек тіледі.
«Өмір жолы» қоғамдық қорының директоры Ернар Нұрбеков ұялы телефонға ұқсайтын «дабыл нүктесі» бар аппараттың мән-жайын түсіндірді. Бүгінде майдангерлер қатары сиреген, көпшілігі сырқат. Телефонның бір жақсысы – оны құлағы ауыр еститін, көзі көрмей қалған қарттар еркін пайдалана береді. «Дабыл нүктесін» басса, оператор шұғыл көмек бригадасын аттандырады. Базада бүгінде жер басып жүрген 5083 қарт жауынгердің жағдайы түзілген карта бар, барлық жайттар ескерілген.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов: «Біз Республикалық ардагерлер кеңесіне мәлімет бергенде облыста 473 майдангер бар еді, қазір 449-ы ғана аман-сау жүр», деді.
Әрине, өкінішті. Екінші дүниежүзілік соғысты бүгінде өзінше кесіп-пішіп әрқилы пікір айтып жүргендер бар. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп ер Баукең айтқандай, қанды қасапқа түскен бұл ардагерлердің ерлігі ұрпаққа үлгі. Ернар Нұрбеков айтқандай, «дабыл нүктесі» бұған дейін Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында қолданылыпты. 400 ардагерге көмек көрсетіліп, 3 майдангерді ажал аузынан аман алып қалған. Республикалық көмек орталығы «ҚазТелеком» базасында жұмыс жасайды. Бұған қосымша, «Билайн» байланыс операторы арнайы тариф жүктелген нөмірлермен қамтамасыз етіпті.
Акцияда ҰОС ардагері Айтжан Бекназаров сөз алып: «Мынау жақсы екен. Қызметі керек болса, дабыл түймесін басасың. Біздің денсаулығымызды қадағалап отырған Елбасымызға, Үкіметке рахмет», деді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.