Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында www.asylana.kz ақпараттық порталының тұсаукесері өтті. Бұл сүт безінің қатерлі ісігіне арналған қазақ тіліндегі алғашқы сайт.
Бүгінгі таңда сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулар арасында бірінші және өлім-жітім бойынша төртінші орында тұр. Қазір Қазақстанда 25 мың әйел сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандар тізіміне алынған. Бұған қоса, жыл сайын 3500 әйелден сүт безінің қатерлі ісігі анықталады. Және бір жылда 1400 әйел осы дерттен көз жұмады. Соңғы бес жылдағы көрсеткіш бойынша Қазақстандағы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 51,4 пайыз, яғни мұндай дертке шалдыққан әйелдердің тек жартысы ғана бес жылдан артық өмір сүреді. Ал, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 89,2, ал Ұлыбританияда 86,6 пайызға тең. Міне, бұл көрсеткіштерге қазақстандықтардың да жетуі үшін сүт безінің қатерлі ісігін ерте сатысында анықтау, емделу курсын ерте бастау әсер етері сөзсіз. Осы ретте «Асыл ана» жобасы тұрғындарды омыраудың қатерлі ісігі туралы ақпараттандыруда маңызды рөл атқармақ. Дәл осы мақсатпен ашылған сайт қазіргі таңда 5 мыңға жуық оқырман жинап үлгерді. Бұл медицина мамандарының қазақ тілінде жасаған алғашқы жобасы. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ арнайы кеңес беру-диагностикалық бөлімінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Алма Жылқайдарованың айтуынша, мұнда оқырман үшін бәрі бар: қатерлі ісікпен күресте жеңіске жеткендердің қуанышқа толы жазбасы, науқастардың тағдырлы хаты, жүріп өткен жолы, өзгелерге рух сыйлап, күресу үшін күш беретін оқиғалар т.т. Әрі оқырмандар бір-бірімен пікір алмаса алады.
Ал «Асыл ана» жобасы қалай дүниеге келді десек, 2012 жылы Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қазақ онкологтары мен радиологтары» қоғамдық бірлестігі «Санофи» компаниясының қаржылық қолдауымен еліміздегі сүт безі қатерлі ісігінің кең таралуына қарсы күресу үшін «Асыл ана» жобасын қолға алған болатын. Бір айта кетерлігі, «Санофи» компаниясы қашанда әлеуметтік жобаларға жиі қатысып, өз тараптарынан қолдау көрсетіп отырады.
– Ұстанған бағытымыз науқастарға медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету, – деді Қазақстандағы Санофи компаниясы түпнұсқа препараттар дайындау департаментінің директоры Наталья Жақсыбекова. – Ал ол үшін бұл салаға қатысты тараптардың өзара әріптестік қарым-қатынас орнатуы маңызды. Міне, «Асыл ана» жобасы дәл осындай байланысқа жол ашып, науқастар мен дәрігерлер қауымдастығы, денсаулық сақтау ұйымдары және фармацевтикалық компаниялар арасында көпір орнатты.
Жаңа сайт халықтың сүт безі қатерлі ісігі туралы сауатын көтеріп, оның себептері мен емдеу тәсілдері, жолдары және диагностикасы туралы ақпарат беруді мақсат етеді. www.asylana.kz сайтынан оқырман кез келген уақытта тұрақты тексерілу, мастопатия диагностикасы және сүт безі қатерлі ісігін емдеу жөнінде пайдалы әрі толық ақпарат таба алады. Сайтты жасау жұмыстарына онкология және радиология саласының үздік мамандары атсалысты. Сайтты жасаушылар бұл жобаның халық сұранысына ие болып, кез келген науқастың ең сенімді досына, көмекшісіне айналарынан үмітті.
– Жалпы, қатерлі ісік туралы білгісі келетіндер көп. Әсіресе, қазақ тілінде. Сүт безі қатерлі ісігі туралы ақпаратты біреу білсе, екіншісі білмейді. Әйелдер арасында «Сүт безі қатерлі ісігін түбегейлі емдеуге бола ма? Емдеу тәсілдері зиян емес пе?» деген сұрақтар бірінші орында тұрады. Ал оқырмандар өздерін мазалаған сұрақтарға нақты жауап алады. Жалпы, бұдан өзге де кеуде қатерлі ісігіне қатысты сауалдарға жауап осы сайтта жазылған. Бұл сайттың тұрақты оқырмандары ерте тексерілуден өтудің маңызын түсінеді. Ал бұл бір адамды болсын қатерлі ісіктен құтқарып қалуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, сүт безі қатерлі ісігін алғашқы сатысында анықтау адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігін көбейтеді, – деді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ баспасөз орталығының жетекшісі Әйгерім Ағылтаева.
Сондай-ақ, тұсаукесер рәсімінде институт мамандары мен өкілдері сүт безі қатерлі ісігінің скринингі мен онкүндік нәтижелеріне тоқталып, статистикалық есептерімен бөлісті.
Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін емдеу тегін. Ал негізгі кедергі – әйелдердің өз денсаулығына салғырт қарап, скринингтен өтпеуі немесе өте кеш тексерілуі. Ал ол кезде науқасқа көмектесу мүмкіндігі төмендейді. Елімізде 2008 жылдан бері сүт безі қатерлі ісігін ерте сатысында анықтау мақсатында 50 мен 60 жас аралығындағы әйелдерге арналған бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Сонымен бірге, жиында «Сүт безі қатерлі ісігімен бірге күресейік!» бағдарламасы аясында өтетін шаралар туралы айтылды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».