ДЕП ӨТКЕН БАБАЛАРЫМЫЗ БІЗГЕ БІРЛІКТІ, ТАТУЛЫҚТЫ АМАНАТ ЕТКЕН ЕДІ
Астанада 25 маусымда өткен халықаралық “Еуразия үнқатысуы” тұғырнамасының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада түркітілдес мемлекеттердің өзара интеграциясы, рухани ынтымақтастығы мәселелері қаралып, жиынға қатысушылар жан-жақты пікір алысқан болатын. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қайрат САРЫБАЙ да сөз сөйлеген еді. Төменде оқырман назарына ұсынылып отырған мақала сол сөздің негізінде әзірленді.
Бүгінгі таңда, жаһандану жағдайында ой-пікірлері мен мұң-мұқтаждары ұқсас, экономикалық мақсаттары бір-біріне жақын достас және бауырлас елдердің өзара ықпалдасуы заман талабы екені ақиқат. Бұл ретте соңғы кезде түркітілдес мемлекеттердің өзара интеграциясы бағытында игі бастамалардың көтеріліп қана қоймай, нақты қадамдардың жүзеге асырылып жатқаны қуантарлық жәйт.
Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 2009 жылы қазан айында Нахчыванда болған ІХ саммиті кезінде түбі бір халықтарымыздың басын қосып, өзара ынтымақтастығын нығайту жолында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен аса маңызды тарихи қадам жасалды: Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін – Түркі Кеңесін құру жөнінде келісімге қол қойылды. Бұл айтулы оқиғаны іс жүзінде Елбасының ұсынысымен оның алдында құрылған Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының және Ақсақалдар Алқасының қисынды жалғасы ретінде бағалауға болады. Жалпы алғанда, бұл қадам Қазақстан басшысының түркі дүниесінің бірлігін нығайту жолындағы дәйекті саясатының айқын айғағы болып отыр.
Қазақстан осы басқосу барысында басқа да маңызды бастамалар көтерді. Атап айтқанда, ортақ мәдениетімізді зерттеумен айналысатын Түркі әлемі академиясын құру жөніндегі бастама бүкіл түркі дүниесінің қолдауын тапты. Түркия Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің жақында, мамыр айының аяғындағы ресми сапары барысында Астанада екі мемлекет басшыларының қатысуымен Түркі әлемі академиясының тұсаукесер рәсімі өткені белгілі.
Бұл академия түркі тілдес халықтарды төл тарихы мен мәдениетін өркендетуге жұмылдырады және ғылымды дамытуға, түркітанушы ғалымдардың кәсіби біліктілігін арттыру мен өзара тығыз байланысына қолайлы жағдай тудырады.
Академияның аясында әлемнің түкпір-түкпірінде, Жапонияда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Еуропа мен Америкада жетекші түркітанушылар үйлесімді түрде ғылыми зерттеулер жүргізеді. Мұнда түркі халықтарының форумдары, симпозиумдары, фестивальдері өткізілетін болады. Түркі тілдерін өркендету мен әрі қарай дамыту мақсатында оның құрамында Түркі тілдерінің ұлттық корпусы жасалады. Ғылымның әртүрлі салаларында тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру тетігі күшейеді.
Бірақ осындай игі мақсаттарды жүзеге асыруды тек қана ғалымдардың еншісіне ысырып қоймай, бұл үрдіске елдеріміздің беделді мемлекет және қоғам қайраткерлерін тартуымыз керек, үкіметтік емес ұйымдардың, шығармашылық бірлестіктердің әлеуетін пайдалануымыз қажет. Бұл ретте, “Еуразия үнқатысуы” тұғырнамасының да қосар үлесі қомақты болатынына сенім мол.
Кең байтақ Еуразия аумағындағы қырықтан астам ұлттар мен ұлыстардың басын қосатын, екі жүз миллиондай тұрғыны бар түркі әлемі адамзат тарихы мен мәдениетіне айрықша үлес қосқаны белгілі. Қазақстан Президентінің сөзімен айтқанда, “Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі ұлы далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты”.
Түбі бір түркітілдес елдерді бір-біріне жақындастыру жолында атқарылар іс-шаралар ұшан-теңіз. Мәселен, түркітілдес мемлекеттер мен халықтардың ақын-жазушыларының қаламынан шыққан туындылардың антологиясы немесе ортақ альманахы шығарылса, елдеріміздің тарихында із қалдырып кеткен әйгілі қайраткерлерімізді бір-бірімізге таныту үшін кең ауқымды іс-шаралар өткізілсе, жастарымыз арасында ортақ спорт ойындары, театр фестивальдері ұйымдастырылса, қандай ғанибет.
Бұл жерде біздің бірлігіміздің, өзара ықпалдастығымыздың өзге елдерге немесе олардың мүдделеріне қарсы келмейтінін атап өткен жөн. Қазақстан Президенті айтқандай, түркітілдес мемлекеттер – саяси тұрақтылығы мығым, жаңаруға бейім және қалған әлемге ашық бірлестік болып табылады. Түркі әлемі шеңберіндегі әріптестік ешбір басқа мемлекеттерге қарсы бағыт ұстамағаны және болашақта да ұстамайтыны ақиқат. Керісінше, Қазақстан бүгінгі таңда Азия Кеңесі, Еуразия экономикалық қоғамдастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы тәрізді бүкіл Еуразия кеңістігіндегі түрлі интеграциялық құрылымдарға қатысып қана қоймай, олардың бастамашысы болып табылады. Бұл орайда, Қазақстан дипломатиясы Елбасының сыртқы саясатының дәнекерлік әлеуетін толығымен пайдаланбақ.
Биыл, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған алғашқы мұсылман мемлекеті болып табылатын Қазақстан, келесі 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына жетекшілік жасайтын болады.
Осы орайда, Елбасының бастамасымен Қазақстанның төрағалығындағы ЕҚЫҰ мен Түркияның төрағалығындағы Азия Кеңесі арасындағы әрекеттестікті жүзеге асыру ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігіне айналмақ.
130 этностың басын қосқан көне қазақ жерінде барлық түркі тілдес халықтардың өкілдері: өзбек пен ұйғыр, түрік пен әзірбайжан, татар мен башқұрт, қарашай мен балқар, ноғай мен құмық, чуваш пен саха және басқалары өзара татулықта өмір сүріп жатыр. Бүкіл түркілердің қарашаңырағы болып табылатын Қазақ елінің басшылығы тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап этносаралық келісім мен татулық, өзара төзімділік идеясын берік ұстанып қана қоймай, бұл бағытта нақты іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Біздің Елбасымыздың бастамасымен 2003 жылдан бері Астанада жүйелі түрде табысты өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері осының айқын айғағы.
Жалпы алғанда, төзімділік, имандылық, адамгершілік, өзгенің тіліне, мәдениетіне құрметпен қарау біздің халықтарымыздың қанына сіңген, ортақ рухани киеміз Қожа Ахмет Ясауи бабамыздан келе жатқан асыл қасиет деп ойлаймын.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап барлық түркілер үшін қасиетті мекен – көне Түркістан шаһарын қайта түлету идеясын көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойды. Сондықтан, 1992 жылы халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылған Түркістандағы бұл білім ордасына ұлы ақын, ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың аты берілгеннен кейін ол шын мәнінде түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университетке айналды.
Анығын айтсақ, Ясауи бабамыздың аты иісі түркілердің басын қосатын рухани ұранға айналып отыр. Ясауи атындағы ортақ университеттің құрылуының басы-қасында Түркияның сегізінші Президенті, марқұм Тұрғыт Өзал болған еді. Оның дамуына Сүлеймен Демирел ақсақал сүбелі үлес қосты. Жақында мамыр айында ресми сапармен болған кезде осы құтты білім ордасының құрметті профессоры атағына Түркияның қазіргі Президенті Абдулла Гүл ие болды.
Бүгінгі таңда бұл университетте оқитын әлемнің 14 мемлекетінен келген шәкірттер түркі халықтарына ортақ имандылық, ізгілік, төзімділік дәстүрлерін қазіргі заманғы озық ғылыммен ұштастыруда. Ясауи университетінің түлектері өзімізде ғана емес, еліміздің ерікті елшілері ретінде көптеген басқа мемлекеттерде алуан салаларда табысты жұмыс істеуде.
Сол себепті, бізді біріктіретін осындай ортақ рухани, мәдени қасиеттеріміз бауырлас халықтарымыз бен көршілес елдеріміздің өзара тиімді экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға жақсы негіз болуы тиіс. Бұған біздің барлық мүмкіндігіміз, табиғи байлығымыз, құнарлы жерлеріміз, су ресурстарымыз, көлік-энергетикалық әлеуетіміз жеткілікті. Ең бастысы, өздеріміздің бірлікке деген, ынтымақтастыққа деген ерік-жігеріміз керек. Сонда ғана біз жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұра аламыз, әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді еңсере аламыз. Яғни, өзара ықпалдастықты, экономикалық қуатымызды дамыту арқылы ғана біз әлемнің алдыңғы қатарлы, бәсекелестікке қабілетті мемлекеттері санатына қосыла аламыз.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, елдеріміз өзара біріксе, қуатты экономикалық күш болатыны сөзсіз. Статистикалық деректерге жүгінсек, бүгінгі таңдағы тәуелсіз алты түркітілдес мемлекеттің ортақ жалпы ішкі өнімі шамамен 1 трлн. доллардан асады екен. Бұл деген ғаламат экономикалық күш қой. Бірақ осындай экономикалық әлеуетімізге қарамастан, түркітілдес елдер арасындағы өзара тауар айналымы біздің нақты мүмкіндіктерімізге де, мүдделерімізге де сай келмейді. Мәселен, 2009 жылғы деректер бойынша, Қазақстанның өзге түркітілдес елдермен сауда көлемі небәрі 3,717 млрд. долларды құрады (соның ішінде, Түркиямен – 1,3 млрд. доллар, Өзбекстанмен – 1,2 млрд. доллар, Қырғызстанмен – 492 млн. доллар, Әзірбайжанмен 237 млн. доллар, Түркіменстанмен – 170 млн. доллар). Яғни, Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымында бес түркітілдес елдің жиынтық үлес салмағы небәрі 3,8 пайызды құрайды.
Сондықтан, біз түркі әлемінің интеграциясы турасында сөз еткенде, тек мәдени-гуманитарлық саламен шектелмей, сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды үдетуіміз керек. Яғни, біздің өзара ынтымақтастығымыз жан-жақты әрі кең ауқымды болғаны дұрыс.
Қазіргі кезде көрші Қырғызстандағы күрделі ахуалдың туындауына дәл осы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі басты себеп болғаны белгілі. Егер Қазақстан басшысының өңірлік интеграцияға бағытталған Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру бастамасына қуатты қолдау көрсетілгенде, мұндай жағдай орын алмаған болар еді. Өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық елдеріміздің ұлттық мүдделеріне де, халықтарымыздың мұң-мұқтаждарына да жауап беретіні сөзсіз.
Қырғыз бауырларымыздың басына түсіп отырған қиын-қыстау жағдай бәрімізді толғандырып отыр. Қазақстан әуел бастан Қырғыз Республикасына барынша қолдау көрсетіп, риясыз гуманитарлық жәрдем беріп келеді. Атап айтқанда, біз егіс науқаны үшін ақысыз негізде бидай жолдадық, жанармай бердік, шекарамызды аштық. Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекеттің басшысы ретінде Қырғызстанға жіті көңіл бөлуде. Атап айтқанда, бұл елге халықаралық көмек көрсетудің кең ауқымды жоспарын әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Бұл бастама өңір елдері тарапынан, Түркия Республикасы тарапынан қолдау табуда.
Қырғыз еліне көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек, әрине, өте маңызды. Бірақ, Елбасы айтқандай, сырттан көрсетілген көмек ешбір мемлекетті өздігінен көтере қоймас. Ең алдымен қырғыз басшыларының, қырғыз халқының өзі күш жұмылдырып, өзара қақтығысты тоқтатып, ел экономикасын көтеруге білек сыбанып кірісулері керек. Сонда ғана елдің еңсесі көтеріліп, жағдайы тұрақтала бастайды. Көрші Қырғызстанның тұрақты мемлекет болып дамуына бәріміз де мүдделіміз және осыған қолдан келгенше атсалысудамыз.
Сайып келгенде, Ататүріктің аңсаған асыл арманы, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай сынды түркілердің басын біріктіру жолында шейіт болған зиялыларымыздың көздеген мақсаты шындыққа айналып келеді. Осыдан бір ғасыр бұрын қандасымыз Исмаил Гаспыралының көтерген “тілде, пікірде, істе бірлік” ұраны жүзеге асуға жақын.
Жоғарыда айтып өткендей, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз азаттығын жариялаған сәттен бастап түркі әлемінің өзара ықпалдасу және мәдени бірігу мәселесіне айрықша мән беріп, өзінің халықаралық саясатының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып келеді.
Былтыр қазан айында Қазақстан Президентінің қатысуымен Астанада, Есіл өзенінің бойында, Түркия Республикасының негізін қалаушы, әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Кемал Ататүрікке орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болып өтті.
Өз кезегінде, жақында, 24 маусымда Анкараның маңызды тарихи жерлерінің бірінде, Ататүрік даңғылындағы Жастар паркінің алдында, Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, әрі Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл, менің ойымша, ұлы империялар ыдырап, аласапыран заманда өз ұлттық мемлекеттерінің негізін қалап, тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтуға бар күш-жігерін сарп еткен Ататүрік пен Назарбаев арасындағы тарихи сабақтастықты көрсетіп отыр.
Тарихи сабақтастық демекші, осы орайда ұлы бабамыз, көне Түрік қағанатының билеушісі Білге қағанның осыдан он үш ғасырдай уақыт бұрын құлпытасқа ойып жазған мына сөздері бүгінгі заманда да өз өзектілігін жоғалтпаған әрі аудармасыз-ақ түсінікті деп ойлаймын:
Дүн ұдымадым,
Гүндүз олурмадым,
Түрк будуну учун.
Яғни, ұлы бабаларымыздың ел бірлігі, ел мүддесі жайында айтқан ұлағатты өсиетін біз әрдайым жадымызда берік ұстап, халықтарымыздың бірлігі, мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы, экономикаларымыздың ықпалдастығы, мәдениеттеріміздің сабақтастығы жолында аянбай қажырлы еңбек етулеріміз керек.
Келесі 2011 жыл – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Әзірбайжан үшін ерекше саяси және тарихи маңызы бар жыл болып табылады: бауырлас елдеріміз өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл Түркия үшін де ерекше мерейтойлы жыл деп ойлаймын. Өйткені, Түркияның біздің елдеріміздің тәуелсіздігін әлемде бірінші болып танығанына 20 жыл толмақ.
Осы айтулы оқиғаны түркітілдес мемлекеттердің өзара бірлігін нығайту жолындағы маңызды тарихи меже ретінде қарастырған жөн деп ойлаймын.