Атыраудағы «Достық үйінде» татар ақыны, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлелдің шығармашылығына арналған еске алу кеші өтті. Белгілі татар ақыны екінші дүниежүзілік соғыста жау қолына түскеніне қарамастан, Отаны туралы жыр жазудан жалықпаған. Оған 1956 жылы қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, кезінде Лениндік сыйлықпен де марапатталды. Түркі әлеміне танылған ақын шығармашылығы жайлы шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі Мұса Жәлелдің сұрапыл соғыстағы батырлығы мен тұтқында жүрсе де Отанына сүйіспеншілігін жырына арқау еткен ақындығын жас ұрпақтың жадына сіңіруді көздепті.
– Бұл шара Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отыр. Өйткені, бүгінгі ұрпақ қиын-қыстау кездегі аға ұрпақтың жанқиярлық ерлігін ұмытпауы қажет. Сонымен бірге, тәуелсіз еліміздегі ұлтаралық татулықтың қадірін жете сезінгені дұрыс қой, – дейді «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова.
Шарада мектеп оқушылары соғыс және тыл ардагерлері мен өзге этномәдени бірлестіктер өкілдеріне Мұса Жәлелдің поэзиялық шығармаларын қазақ, татар және орыс тілдерінде оқып берді. Ардагерлер мен зейнеткерлерге естелік сыйлықтар табысталды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.