Техногендік минералдық түзілімдерді заңсыз иемденді деген күдікпен сотталған Арқалық тұрғыны толық ақталды. Оған мемлекетке 795 миллион теңгеден астам шығын келтірді деген айып тағылған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тергеу мәліметінше, ер адам 2024 жылдың қазан айынан 2025 жылдың тамызына дейін Арқалық кен орнындағы техногендік минералдық түзілімдерді алып, сақтап, өңдеп, кейін коммерциялық компания арқылы сатқан деген күдікке ілінген.
Алайда сот барысында бұл минералдық түзілімдердің ешбір ұйымның балансында болмағаны және экономикалық айналымда пайдаланылмағаны анықталды. Сондықтан оларды ұрлық нысаны ретінде қарастыру мүмкін емес деген қорытынды жасалды.
Сот сондай-ақ жер қойнауын пайдалану лицензиясының болмауы өздігінен заңсыз кәсіпкерлік қылмысын құрамайтынын атап өтті. Бұдан бөлек, айыптаушы тарап келтірген шығын көлемін есептеу әдісі де сынға ұшырады.
Павлодарлық әйел «жүктімін» деп сотты алдамақ болды
Нәтижесінде сот ер адамды барлық айыптар бойынша ақтап, оған заңсыз қылмыстық қудалау салдарынан келтірілген зиянды өтеу құқығын берді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.